Accessibility links

Козлов аштықты тоқтатты


Владимир Козлов құқықорғаушылармен кездесіп отыр. Заречный түрмесі. Алматы облысы. 21 шілде, 2015 жыл.
Владимир Козлов құқықорғаушылармен кездесіп отыр. Заречный түрмесі. Алматы облысы. 21 шілде, 2015 жыл.

Адам құқығын қорғау ұйымы басшысы сотталушы Владимир Козлов түрмедегі режимді саналы түрде бұзғанын айтады. Оппозициялық саясаткер құқық қорғаушылармен кездескен соң аштығын тоқтатқан.

Зорлыққа қарсы ұлттық превентивтік механизмнің Алматы қаласы және облысы бойынша тобы 21 шілдеде Алматы облысының Заречный елді-мекенінде орналасқан ЛА-155/14 түрмесіне барып, оппозициялық саясаткер Владимир Козловпен кездесті. Олар айып камерасына қамағанына қарсылық ретінде аштық жариялаған Владимир Козловты аштықты тоқтатуға көндірген.

Осының алдында саясаткердің зайыбы Әлия Тұрысбекова Фейсбук арқылы күйеуінің айып камерасына қамағанына наразылық білдіріп аштық жариялағанын хабарлаған еді. Ұлттық превентивтік механизм (ҰПМ) тобының жетекшісі Игорь Мирошниченко бұл ақпаратты растады.

АЙЫП АБАҚТЫСЫНДАҒЫ АХУАЛ

Кейбір ақпарат құралдарында Владимир Козлов жатқан түрмеде шыжыған күннің астында сағаттар бойы маршпен жүруге мәжбүрлеп жатыр деген ақпарат тараған. Мұны Фейсбуктегі жазбасында Әлия Тұрысбекова да айтты. « 45 градустық ыстықта сотталушыларды маршпен жүргізіп, сағаттар бойы тексеріп жатыр», - деп жазған еді ол.

Заречный түрмесінің сыртқы көрінісі. Алматы облысы. 5 желтоқсан, 2014 жыл.
Заречный түрмесінің сыртқы көрінісі. Алматы облысы. 5 желтоқсан, 2014 жыл.

- ҰПМ туралы заң бойынша, ақпарат құралдарында қамаудағыларға зорлық-зомбылық жасалды, олардың адами қадір-қасиетіне нұқсан келтірілді деген ақпарат тараған жағдайда біз түрмеге барып, тексере аламыз, - деді ҰПМ тобының жетекшісі Игорь Мирошниченко.

Адам құқын қорғаушылар тобы Владимир Козловпен тәртіптік изолятор (ДИЗО) аумағында кездескен. Козловтың үстіне жарықты шағылыстыратын жолақтары бар қызғылт-сары киім кигізілген.

Құқық қорғаушының айтуынша, Козлов түрмедегі жалпы ахуалға шағымданбаған.

- ДИЗО-да жел соғып тұрады, температура қолайлы, - дейді Игорь Мирошниченко.

Ал Владимир Козловтың зайыбы Әлия Тұрысбекова Фейсбукте керісінше былай деп жазды: «Қапырық ШИЗО-да (айып камерасы – ред.) жатуға болмайды, тек тұруға не еденде отыруға рұқсат. Владимир қазір ғана «медсанчастан» емделіп шықты, оған ұзақ уақыт бір орында тұрма деген кеңес беріпті.... Варикоз көп бәлеге себепкер болуы мүмкін, егер ауру асқынып кетсе тіпті аяғынан айырылуы да ықтимал».

ИЗОЛЯТОРДА ҚАЛА БЕРЕДІ

ҰПМ өкілдері Владимир Козловпен кездесу кезінде оған қазіргі сәтте аштық жариялаудың қажеті жоғын түсіндірген. Өзінің және зайыбының жасаған мәлімдемелеріне қоғам өкілдері, адам құқығын қорғау ұйымдары үн қатып әрекет етіп жатқанын айтқан.

- Айып изоляторына қамаған күннің ертесіне оны прокурор қабылдады, - деген Игорь Мирошниченко аштықты жалғастыруға ешқандай негіз жоқ екенін тағы да түсіндірді.

Владимир Козлов жазасын өтеп жатқан Заречный түрмесі маңында жазылған ұрын. Алматы облысы. 10 тамыз, 2014 жыл.
Владимир Козлов жазасын өтеп жатқан Заречный түрмесі маңында жазылған ұрын. Алматы облысы. 10 тамыз, 2014 жыл.

Мирошниченконың айтуынша, ҰПМ тобының өкілдері келіп кеткен соң Козлов аштықты тоқтатқан:

- Алматы қалалық және облыстық Қылмыстық атқару қызметі департаменті басшылығының бізге берген ақпаратына қарағанда, біз барып кеткен соң ол [В.Козлов] аштықты тоқтату жөнінде өтініш жазған. Тамақ ішіп жатыр, - дейді Мирошниченко.

Оның айтуынша, сотталушы Козлов әлі айып камерасында отыр, дегенмен оның жағдайы жаман емес.

- Көңіл күйі көтеріңкі, көп сөйлеп отырды, ахуалы жақсы көрінді. Аяқ қантамырлары кеңейіп, варикозы мазалап, санитарлық бөлімге барып, ем алыпты. Екі апта санитарлық бөлімде болып, емделіп шығыпты. Жағдайы өте жақсы, - деді Мирошниченко.

АБАҚТЫ РЕЖИМІ

Мирошниченконың айтуынша, Козловты бірнеше ережені бұзғаны үшін 17 шілдеде ДИЗО-ға қамаған.

- Қаулыда «былапыт сөз айтты, әкімшілік қызметкерлерін балағаттады, физикалық тұрғыда зәбір көрсетем деп қорқытты, ел президентінің атына жаман сөздер айтты» делінген. Іс материалдарында басқа сотталушылардың түсініктемелері де бар, - дейді Игорь Мирошниченко.

«Ол [Козлов] өзіне назар аударту үшін не басқа да себептермен режимді әдейі бұзғандай әсер қалдырды» дейді ҰПМ жетекшісі.

- Әкімшіліктің оған тағып отырған айыбы негізді сияқты. Владимир Иванович жұмыстан босатылғанын сылтау етіп күндіз жатып алған. Яғни режимді саналы түрде бұзған, — дейді Игорь Мирошниченко.

«Егер басшылықпен қарым-қатынасы жақсы болса, ол ауруына қатысты мәселелерді шеше алған болар еді» дейді ҰПМ өкілі.

ладимир Козлов құқықорғаушылармен кездесіп отыр. Заречный түрмесі. Алматы облысы. 21 шілде, 2015 жыл.
ладимир Козлов құқықорғаушылармен кездесіп отыр. Заречный түрмесі. Алматы облысы. 21 шілде, 2015 жыл.

- Әкімшілік бізге дәрігердің қорытындыларын көрсетті. Ол [Козлов] жұмыстан босатылмаған, себебі ол мүлде жұмыс істемеген. Демек, ол бос уақытында, мүмкін өзіне назар аударту үшін, әдейі осындай қадамға барған, - дейді Игорь Мирошниченко.

Владимир Козловтың әйелі жаңа жазалау шарасының кесірінен ол жеңіл режимге ауыса алмайтын болды деп уайымдайды. Жеңіл режимге ауысқан жағдайда оған көбірек хат алмасуға, жақындарымен жиірек кездесуге мүмкіндік берілер еді. Козловқа осының алдында бірнеше рет жазалау шарасына тартылан. Соның кесірінен оның қоныс-колонияға, жеңіл режимді абақтыға ауысуға деген үміті азайды. Қазір ол осы жазалау шешімдеріне шағымданып отыр.

Оппозициялық «Алға» партиясының бұрынғы төрағасы Владимир Козлов Жаңаөзен оқиғалары кезінде «әлеуметтік араздықты қоздырды» деп айыпталып, 2012 жылы жеті жарым жылға сотталған. Қазақстанның кейбір адам құқықтарын қорғау ұйымдары оны саяси тұтқын деп есептейді. Бірнеше халықаралық адам құқығын қорғау ұйымы, соның ішінде Еуропа парламенті оны босатуға шақырған.

Қазақстанда зорлыққа қарсы ұлттық механизм 2013 жылғы шілдеде заң негізінде құрылды. Заң бойынша Ұлттық превентивтік механизм өкілдерінің түрмелерді тексеруге хақысы бар. ҰПМ-ның жұмысын Қазақстанның адам құқықтары жөніндегі уәкілі (омбудсмен) үйлестіреді.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG