Accessibility links

Березовка проблемасын баяндайтын фильм көрсетілді


Дәрігерлер талып қалған балаларды ауылдық амбулаторияға әкеліп жатыр. Батыс Қазақстан облысы Бөрілі ауданы Березовка ауылы, 4 желтоқсан 2014 жыл. (Көрнекі сурет)
Дәрігерлер талып қалған балаларды ауылдық амбулаторияға әкеліп жатыр. Батыс Қазақстан облысы Бөрілі ауданы Березовка ауылы, 4 желтоқсан 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Тұрғындары талып қала беретін Березовканың ахуалы деректі фильмге де арқау болды. Батыс Қазақстандағы бұл ауылдың халқы балаларының денсаулығы нашарлап бара жатқанын айтады.

Сәуірдің 21-і күні Алматыда «Карачаганак: дети в обмен на нефть» («Қарашығанақ: балаларды мұнайға айырбастау») атты деректі фильм көрсетілді.

Фильмді дайындаған – Каспий бассейні аумағының табиғатын қорғаумен шұғылданатын Crude Accountability ұйымы.

– Бұл – біздің ұйымның Березовкадағы экологиялық жағдай туралы төртінші фильмі. Алғашқысын 2003 жылы ВВС-мен бірге, одан соң 2004 және 2013 жылдары түсіргенбіз, – дейді Crude Accountability өкілі Сергей Соляник.

Белсенділер (солдан оңға қарай) Сергей Куратов, Светлана Хижниченко мен Сергей Соляник Березовка ауылындағы проблемаға қатысты баспасөз жиынын өткізіп отыр. Алматы, 21 сәуір 2015 жыл.
Белсенділер (солдан оңға қарай) Сергей Куратов, Светлана Хижниченко мен Сергей Соляник Березовка ауылындағы проблемаға қатысты баспасөз жиынын өткізіп отыр. Алматы, 21 сәуір 2015 жыл.

Ұзақтығы 5 минуттан астам фильмде Березовка ауылындағы балалардың денсаулығы күн сайын нашарлап бара жатқаны туралы айтылған. Қазақстандағы халықаралық адам құқықтары бюросында көрсетілген фильмде ауыл тұрғындары жаппай улануға байланысты бір жылдан бері биліктен көшіруді сұрап жүргені де сөз болады.

​«ҚЫЗЫМ ЖИІ АУЫРАТЫН БОЛДЫ»

Батыс Қазақстан облысы Бөрілі ауданы Березовка ауылындағы тұрғындардың түсініксіз себептен талып қалу оқиғасы алғаш 2014 жылы қарашаның 28-і күні тіркелген. Ол кезде 25 оқушы мен бірнеше ересек адам талып қалған. Дертке жолыққан баланың бірінің – 17 жастағы Динараның әкесі Қазбек Ермекбаев қызының сол оқиғадан соң Ақсай қаласындағы орталық аудандық ауруханаға түскенін айтады.

– Біздің дәрігерлер эпилепсия деген диагноз қойды. Алматыға барып, толықтай тексеріліп едік, бұл диагноз расталмады. «Ешқандай эпилепсия жоқ, болған да емес» деді. Содан бері дәрумендер мен ем-дом қабылдап келеміз. Бірақ қызым жиі ауырады, бүгін де басы ауырып, жағдайы нашарлап отыр, – деді сәуірдің 21-і күні Азаттық тілшісімен телефон арқылы сөйлескен Қазбек Ермекбаев.

Былтырғы қарашадан бері балалары тағы бірнеше рет талып қалған Березовка тұрғындары ауылды көшіруді сұрап, президент Нұрсұлтан Назарбаевтың атына да хат жазған еді. Ол хат жауапсыз қалғанын айтқан Қазбек Ермекбаев ауылдағы мың жарым тұрғынның көбінің өз бетінше көшіп кетуге шамалары келмей отырғанын айтады.

Березовка тұрғыны Қазбек Ермекбаев қайтадан талып қалған баласы Динараны ауруханаға көтеріп әкеле жатыр. Орал, 21 қаңтар 2015 жыл.
Березовка тұрғыны Қазбек Ермекбаев қайтадан талып қалған баласы Динараны ауруханаға көтеріп әкеле жатыр. Орал, 21 қаңтар 2015 жыл.

– Мен отбасымды Оралға көшіруге қамданып жатырмын. Қызым биыл 11-сыныпты тәмәмдап жатыр. Соған қарайлап отырмыз. Оқуын бітіре салысымен отбасым кетеді, өйткені маған үш баламның денсаулығы маңызды. Өзім ауылда қалуға мәжбүрмін. Өйткені мұнда үйім, шаруашылығым мен жұмысым бар, – дейді Березовка ауылының тұрғыны деді Қазбек Ермекбаев.

2014 жылдың 28 қарашасында 25 оқушы сабақ үстінде талып қалған Березовкада содан бері мұндай оқиға бірнеше мәрте қайталанып, 100-ден аса адам дәрігерлердің көмегіне жүгінген. Олар «басымыз айналады, жүрегіміз айниды, қан қысымымыз көтеріледі және денеміз тырысады» деп шағымданады.

Березовка тұрғындары жаппай улану себебін ауыл іргесінен бес километр жерде орналасқан, мұнай-газ конденсатын өндіретін Қарашығанақ кенішінен тараған улы заттармен байланыстырады. Бірақ кенішті өндіруші Karachaganak Petroleum Operating B.V. консорциумы бұл оқиғаға ол мекеменің қатысы жоғын, кеніштен бөлінген газ қалдықтары деңгейі экологиялық нормадан аспағанын мәлімдеген.

Березовкадағы оқиғадан соң «Атмосфераға ластайтын заттар шығару ережелерiн бұзу салдарынан екі немесе одан көп адамның денсаулығына зиян келтіру» бабы бойынша Батыс Қазақстан облысында қозғалған қылмыстық іс әлі тексеріліп жатыр.

Облыс орталығы Орал қаласынан шығысқа қарай 180 километрдей жердегі Березовка ауылы тұрғындары биліктен өздерін басқа жерге көшіруді бірнеше мәрте сұраған. Бірақ Қазақстан үкіметі «ауылды көшіруге заңды негіз жоқ» деп жауап берген.

XS
SM
MD
LG