Accessibility links

Шешенстандағы «Қазақстан балалары» Назарбаевты Нобель сыйлығына ұсынды


Нобель сыйлығын тапсыру салтанатындағы концерт.Стокгольм, 10 желтоқсан, 2008 жыл.
Нобель сыйлығын тапсыру салтанатындағы концерт.Стокгольм, 10 желтоқсан, 2008 жыл.

Шешенстандағы «Қазақстан балалары» қоғамдық ұйымы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевты әлемдік Нобель сыйлығына ұсынбақшы. Олар осы бастамаларын құптатып, қол жинау үшін Қазақстанға арнайы келіпті. Мұндай бастамаға қазақстандықтардың пікірлері әрқилы.

«Қазақстан балалары» қоғамдық ұйымының бұл бастамасын елдегі «Вайнах» мәдени орталығының жетекшілері қолдауда. Олар Астанада шешен-ингуш халқының өз елдерінен депортацияланғанының 65 жылдығына орай үлкен шара өткізіп, оған елдегі зиялы қауым мен Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдерін шақырып, президент Назарбаевты Нобель сыйлығына ұсынатындықтарын ресми мәлімдеді.

Шешен-ингуш халқы Сталин дәуірінде қуғындалып, Қазақстанды паналаған. «Вайнах» мәдени орталығының жетекшісі Салман Героевтың айтуынша, содан бері Қазақстан халқымен тату-тәтті өмір сүріп келе жатқандары Назарбаевтың арқасы.

«Назарбаев билікке келгеннен кейін бізге ерекше жағдай жасады. Қазір бұрынғы Совет Одағы елдерін қарасаңыз, ырың-жырың, атыс-шабыстар көп. Тек Қазақстанда ғана халықтың ауызбіршілігі сақталып келеді. Сондықтан да президент Нобель сыйлығына лайық деп есептейміз», -дейді Салман Героев.

Бүгінде осы бастамаға қол жинау басталып та кетіпті. Олар Қазақстан халқынан, халықаралық ұйымдардан жеткілікті қол жинаған соң, Нобель сыйлығын тағайындайтын комитетке өтініш жазбақ.

Ресми емес ақпараттарға қарағанда, таяу арада дәл осындай бастамамен халық жазушысы Олжас Сүлейменов халықаралық қауымдастыққа үндеу жасайтын көрінеді.

Ал Қазақстанның зиялы қауым өкілдері бұл бастамаға қалай қарайды?!

Қазақ жазушысы Ғаббас Қабышев Нобель сыйлығын алу тәртібі бойынша осы сыйлықтың кем дегенде екі иегері үміткерге қатысты жақсы мінездеме беру керектігін айтады.

- Мемлекет басшысының басында «Қазақгейтке» қатысты шатағы бар. Мұны білетіндердің Қазақстан президентін Нобель сыйлығына лайықты деп қолдай қоюы екіталай. Ол өз елінде демократия орнатуға құлықты емес. Оппозицияны быт-шыт қылды. Көсемдері сотталды, атылды. Ол Нобель сыйлығына лайықты емес, - дейді жазушы.

Ғаббас Қабышев халық ақыны Олжас Сүлейменовтің де Шешенстанның «Қазақстан балалары» секілді бастамамен шығатынына еш күмән келтірмейді.

«Олжас Сүлейменовтің ондай мәлімдеме жасауы мүмкін. Өйткені ол сарай ақыны болып кетті. Билікті мақтайды. Невада-Семей қоғамдық ұйымын құрғанда миллиондаған долларды жеген сол. Ол туралы барлық басылымдар жазды ғой. Қаржы министрлігінің есеп комитетінің арнайы актісі де сақталған көрінеді. Ол халықтың мұң-мұқтажын жазуды қойған ақын. Ал Назарбаевқа Нобель сыйлығы ешқашан берілмейді. Нобель сыйлығын алса, «Қазақгейт ісі» жабылады екен. Бар мақсаты сонда болу керек», -дейді жазушы Қабышев.

Ал Қазақстан парламентінің бұрынғы сенаторы Уалихан Қайсар Нобель сыйлығын алу үшін бас пәтері Швецияда орналасқан ұйымдастыру комитеті лайық адамды өздері таңдайтындығын айтады. Оған ешқандай қол жинаудың қажеті жоқ дейді.

«Шешенстандық ұйым президентті ұсынбас бұрын алдымен 1944 жылы олар депортацияланған кезде президенттің жасы нешеде екенін ойлау керек еді. Ол кезде Назарбаев төрт жастағы сәби болған. Ол Қазақстан билігінде тек 1985 жылдан кейін көрінді. Мұны президентке жағымпаздық деп ойлаймын», - дейді Уалихан Қайсар.

Уалихан Қайсар сонымен бірге бұл жағдай осыдан үш жыл бұрынғы оқиғаны еске түсрігенін айтады.

- АҚШ-тың шағын бір штатында орналасқан филология кафедрасының бір қазақ тілі үйірмесінің оншақты азаматы осындай ұсыныс жасаған болатын. Мұны елдің ресми БАҚ-тары үлкен оқиға ретінде көтерді. Президент жақсы болсын, жаман болсын оны мазаққа айналдырудың қажеті жоқ, -дейді бұрынғы сенатор.

Жалпы Қазақстан тарихында Нобель сыйлығын алған азамат болмаған. Қазақ жазушысы Ғаббас Қабышев шындап келгенде елде бұл сыйлыққа иегер адамдардың табылатынын айтады. Ол кезіндегі Әнуар Әлімжанов, Мұхтар Әуезов, Ілияс Есенберлин сынды жазушылар Нобель сыйлығына лайық тұлғалар еді дейді.

Ал шешен-ингуш диаспорасы болса, Шешенстанда әзірге Нұрсұлтан Назарбаев атындағы көшенің бар екеніін мақтан тұтады.
XS
SM
MD
LG