Accessibility links

Қарағанды қаласындағы саентология шіркеуі сот шешімімен таратылатын болды


Қарағанды қаласындағы саентология шіркеуінің директоры Вадим Витушкин. Қарағанды, 19 ақпан, 2009 жыл
Қарағанды қаласындағы саентология шіркеуінің директоры Вадим Витушкин. Қарағанды, 19 ақпан, 2009 жыл

Жақында Қарағандының ауданаралық мамандандырылған экономикалық соты Қазыбек би ауданы прокурорының Қарағанды қаласындағы саентология шіркеуін жабу туралы арызын қанағаттандырды. Сот шешіміне саентологтар наразы, олар жоғары сот инстанциясына арызданамыз дейді.

Бұған жауап ретінде шіркеу өкілдері баспасөз-конференциясын шақырып, соттың мұндай шешімімен келіспейтіндіктерін айтты. Саентологтардың айтуынша, фемида қызметкерлері істі қарау барысында дінтанушылық сараптама жүргізбеген.

Қазыбек би ауданы прокурорының сотқа арыз түсіруіне Саеонтология шіркеуі мекемесінің адам психикасын және денсаулығын бұзуға бағытталған әрекеттерге барды деп табылуы себеп болған екен.
Тергеу-тексеру нәтижесінде саентологтардың арнайы медициналық қызмет көрсетуге рұқсатсыз-ақ адам психикасын өзгертетін медициналық технологияларды қолданғандығы дәлелденді дейді айыптаушы тарап.

Тергеушілер сонымен қатар шіркеуге келушілер Саентологтарға қымбат бағалы сыйлықтар тарту етіп отыратын болған дейді.
Шіркеу өкілдері болса бұл олардың осы ағымға ризашылығын білдіргендігі деп түсіндірген.

Айып тағушы жақ мұнымен қатар коммерциялық бағытта жұмыс істеген шіркеуді тіпті діни бағыттағы ұйым деуге келмейді дегенді алға тартқан.
Ал Қарағандыдағы саентология шіркеуінің өкілдері арнайы дінтанушылық сараптама жүргізілген жоқ дегенді айтып, ауданаралық экономикалық сот шешімімен келіспей отыр.

-Біз сот шешімін тек қана теріс емес, тіпті Конституция талаптарына сай келмейді деп санаймыз. Себебі біздің кінәміз дәлелденген жоқ. Сот бізді діни қауымдастық емес деп отыр.Мысалға алсақ бүкіл дүниежүзінің, соның ішінде Қазақстанның да дінтанушы ғалымдары саентологияны дін деп мойындап отыр,- дейді Қарағанды қаласындағы саентология шіркеуінің директоры Вадим Витушкин.

Қарағанды облыстық прокуратурасының прокуроры Жанғазы Нақышев
Философия ғылымының кандидаты,дінтанушы ғалым Есбосын Смағұлов. Қарағанды, 19ақпан, 2009 жыл

-Істің қаралуы барысында саентология шіркеуінің өкілдері өздері «ұлы» деп сипаттайтын Рональд Хаббардтың 35- ке тарта еңбегін алып келді. Олар сот процесіне қатысушылардың санасына осы еңбектер адамзат баласын тура жолға салатын дүниелер дегенді сіңіріп, дәлелдеуге тырысты,- деп атап көрсетті Азаттық радиосына берген сұхбатында.

Бүкіл дүниежүзінің, соның ішінде Қазақстанның да дінтанушы ғалымдары саентологияны дін ретінде мойындап отыр деген Витушкиннің уәжіне қатысты біз әңгімеге тартқан дінтанушылар саентология шіркеуі директорының пікірмен келісе қоймады:

-Саентологтардың бұндай ағымды ғалымдардың көбісі дін ретінде мойындады деп отыр дегені шындыққа жанаспайды. Батыстың да, өзіміздің де дінтанушыларымыз арасында саентология дін бе, жоқ па деген күмәндар мен пікірталастар әлі бар,- дейді философия ғылымдарының кандидаты, дінтанушы Есбосын Смағұлов.

Қарағандылық саентологтар енді ауданаралық мамандандырылған экономикалық соттың шешіміне қарсы жоғары сот инстанциясына шағым түсіруге бел байлап отыр.
XS
SM
MD
LG