Accessibility links

Қазақстан және экономикалық одақтар


ДСҰ-ға енуге қарсы шеру. Мәскеу, 3 шілде 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
ДСҰ-ға енуге қарсы шеру. Мәскеу, 3 шілде 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
«Қазақстанның ауыл шаруашылығы министрлігі ірі қожалықтарды ғана қолдап, қарапайым фермерлердің пікіріне құлақ аспайды» деп қынжылады жергілікті өндірушілер.

КЕДЕН ОДАҒЫ ЖӘНЕ ДҮНИЕЖҮЗІЛІК САУДА ҰЙЫМЫ

Кеден Одағы (КО) елдерінің ішінен ең әуелі Ресей дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) мүшелікке өтті. Ұйымға кірмес бұрын тиісті комиссия КО нормаларын ДСҰ талаптарына сәйкес ретке келтірді. ДСҰ нормалары КО межелеріне қарағанда салмақтырақ. Құрылғанына екі жыл болған КО территориясында өзінің емес, ДСҰ-ның ережелерін ұстана бастады.

КО елдері ДСҰ-ға жеке-жеке өтеді. Мүшелікке өтудің тиімділігі де әр ел үшін әр түрлі болмақ. Ресей баж салығын баяулап төмендетуге және өз экономикасының кейбір саласы үшін бес-жеті жылға ірі субсидиялар алу құқына ие болды. Қазақстанның қолы неге жете қойғаны әзірше белгісіз.

ДСҰ-ға кіруге қарсы азаматтар өнімділіктің төмен деңгейі, ескірген құрал-жабдықтар, әкімшілік кедергілер сияқты факторларды айтады. Ал жақтайтындар
Ресейді ДСҰ-ға қабылдау рәсімі. Женева, 16 желтоқсан 2011 жыл.
Ресейді ДСҰ-ға қабылдау рәсімі. Женева, 16 желтоқсан 2011 жыл.
«ДСҰ-ға кіру шетел инвесторларын тартуға, ел экономикасының ілгерілеуіне ықпалын тигізеді» дейді.

Ресейде сырттан әкелінетін ауыл шаруашылық өнімдерінінің орташа тарифі 13,2 пайыздан 10,8 пайызға төмендейді. Бұл жеңілдікке кейбір тауарлардың бағасын түсіру жөнінде Ресейдің алған міндеттемесі сеп болды. Тарифы төмендеген өнімдердің ішінде күріш (2,7 есеге жуық төмендеді), шошқа еті, сүт өнімдерінің кейбір түрлері, шай, жемістің кейбір түрлері (алма) бар. Сарапшылар «бұл халықаралық деңгейде бәсекелестікті өсіргенімен, бағаның төмендеуі екіталай» деген пікір айтады.

– Ауыл шаруашылығы кез келген жағдайда зардап шегеді. Енді біз еуроаймақтың немесе басқа елдердің өнімдерін ғана тұтынуға мәжбүр боламыз, – деді экономика маманы Бекнұр Қисықов СТВ телеарнасының «Кәсіби сұхбат» хабарында.

«СОҚАДАН ӘЛІ ТҮСКЕН ЖОҚПЫЗ»

Ақмола облысының фермері Александр Қазақстанның ДСҰ-ға кіруіне әлі ерте деп есептейді. Өзінің толық аты-жөнін атаудан бас тартқан Александр 100 гектар жерде 2005 жылдан бері астық егіп, жем дайындап, ара өсіреді.

– Біздің өніміміз әзірше бәсекеге түсе алмайды, оның өзіндік құны жоғары... Біздің округтегі 50 фермерлік қожалықтың бірде бірі осы уақытқа дейін не жаңа техника,
Жер жыртып жүрген трактор. (Көрнекі сурет)
Жер жыртып жүрген трактор. (Көрнекі сурет)
не жаңа құрал-жабдық сатып алған жоқ. Совет заманынан қалған ескі-құсқыны жамап-жасқап, пайдаланып келеміз. Менің тракторым 1985 жылы шыққан. Әлі соқадан да түспеген бізге қайдағы бәсеке! – деді ол Азаттық тілшісіне.

Жергілікті шаруалар «фермерлер техникасын жаңартып алуы үшін уақыт пен тиісті министрліктердің көмегі қажет» дейді.

Фермер Александр ДСҰ-ға кірудің әлі ерте екенін өнімділіктің төмендігімен де байланыстырады:.

– Бізде өнімділік деңгейі тым төмен. Өнімділік болмаса, кіммен иық теңестіріп, кіммен бәсекелесе алмақпыз? – деді ол.

Александр өз сөзінің дәлелі ретінде Қазақстанның егіс алқаптарындағы астық түсімін Ресейдің Астрахан, Омбы облыстарымен салыстырды.

– Орта есеппен әр гектарынан 20 центнерден өнім түсуі тиіс, ал жем шаруашылығында көп жылдық шөпті жаңарту маңызды. Біздің алқапта бәрі ескі, жаңартылса да бір-екі пайыздан аспайды. Сондықтан өнімділік те, жөні түзу егістік те жоқ, – деді фермер.

Былтыр Украинада рекордты мөлшерде астық жиналып, гектарынан 38 центнер өнім алынды. Ресейде 2011 жылы бидайдың орташа шығымы гектарынан 24 центнерден сәл асты. Қазақстанда бұл көрсеткіш 2011 жылы 13,4 центнер болса, биыл қыркүйектің ортасындағы есеп бойынша 8,6 центнер болып тұр. Қазақстанда фермерлер өңделген жердің бір гектарынан үш-төрт еуро алады.

ҰСАҚ ҚОЖАЛЫҚТАРДЫҢ ҚОРҚЫНЫШЫ

«Қазақстанда ұсақ шаруашылықтар да өнім өндіруге аз үлес қоспайды» дейді шаруалар.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің деректері бойынша, 2012 жылдың 1 қаңтарында агроөнеркәсіп кешенінің несие қоры 595 миллиард теңге болған. Оның 303 миллиард теңгесі немесе 51 пайызы – «стандартты» несие; 208 милииарды немесе
Жүгері жинап жүрген балалар. Алматы облысы. (Көрнекі сурет)
Жүгері жинап жүрген балалар. Алматы облысы. (Көрнекі сурет)
35 пайызы – «қайтарылуы күмәнді» несие; 84 миллиарды немесе 14 пайызы – «үмітсіз» несие. Тұтас алғанда, қайта қаржыландыру және несиені қайта құрылымдау арқылы қаржылық демеуді қажет ететін «күмәнді» және «үмітсіз» несиелердің үлесі – 292 миллиард теңге (жалпы несие қоржынының 49 пайызы).

Оңтүстікте тұратын фермер Сапарғалы Т. «несие мен субсидияға ұсақ шаруашылықтардың қолы жетпейді» деп қынжылады. Оның пікірінше, «Несие мен субсидия алуға ірі және ұсақ шаруашылықтарға бірдей жағдай жасалуы тиіс. Әйтпесе ұсақ қожалықтар қайыршының күйін кешіп кетеді немесе ірі шаруашылықтардың қол астына кіруге мәжбүр болады».

Шаруа қожалықтарына салынатын салық мөлшерінің өсуі де Қазақстанның ДСҰ-ға тиімді кіруіне тосқауыл болуы мүмкін.

– Біздің онсыз да ештеңеге қолымыз жетпейді. Шаруашылықты кеңейтуге де, дақылдың жаңа сұрыптарын сатып алуға да шамамыз жоқ. Енді салықты өсіріп жатыр. Мені осы қынжылтады. Құдды, ауыл шаруашылығы министрлігіндегі шенеуніктер өз алдына, біз өз бетімізше өмір сүріп жатқандаймыз. Олар кабинетте отырып алып, түрлі жобалар құрады. Бары сол ғана. Шенеуніктердің ісінде қисын болсайшы, – дейді Ақмола облысының фермері Александр.

АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҚ МИНИСТРЛІГІНІҢ ЖАУАБЫ

Қазақстанның ауыл шаруашылығы министрлігінің Азаттыққа хабарлауынша, ДСҰ-ға кірудің ауыл шаруашылығы мәселелері бойынша келіссөздері аяқталуға жақын.

«Қазақстан бұл келіссөздерде дамушы елдер үшін қарастырылған ішкі қолдаудың барынша қомақты көлеміне қол жеткізуге тырысып жатыр» деп жазылған министрліктің Азаттыққа берген жазбаша жауабында.

Министрліктің жауабында «агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2013-2020 жылдарға арналған жаңа салалық бағдарламасының ДСҰ хатшылығына ұсынылғаны, онда аса қомақты субсидиялар қарастырылғаны, жергілікті фермерлерге экспорттық субсидия беру құқығына жетуге күш салынып жатқаны» да жазылған.

Мақаланы әзірлеуге Азаттық тілшісі Мәншүк Асаутай қатысты.
XS
SM
MD
LG