Accessibility links

Жаңаөзенде парламент сайлауы өтпейді, мәслихат сайлауы кейінге қалды


Қазақстанда сайлауда дауыс беруге дайындалып жатқан сайлау учаскелерінің бірі. (Көрнекі сурет)
Қазақстанда сайлауда дауыс беруге дайындалып жатқан сайлау учаскелерінің бірі. (Көрнекі сурет)

Жаңаөзен қаласында төтенше жағдай тәртібінің ұзартылуына байланысты парламент депутаттарының сайлауы өтпейді, ал төтенше жағдай аяқталған соң жергілікті мәслихат сайлауы өтеді. Бұл туралы жұма күні Қазақстан орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Владимир Фоос мәлімдеді.

Қаңтардың 6-сы күні Астанада өткен Қазақстан орталық сайлау комиссиясының отырысында Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласында парламент депутаттарының сайлауы өтпейтіні хабарланды.

– Орталық сайлау комиссиясы Жаңаөзен қаласында төтенше жағдай тәртібінің ұзартылуына байланысты қаңтардың 15-іне белгіленген Қазақстан парламенті мәжілісінің бесінші шақырылымдағы депутаттарының кезектен тыс сайлауы мен жергілікті мәслихат депутаттарының сайлауы Жаңаөзенде өтпейтіні туралы қаулы алды. Ал жергілікті мәслихат депутаттары мен Жаңаөзен қаласынан түсетін Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаттарын сайлау мерзімі төтенше жағдай тәртібі аяқталғаннан кейін анықталып, өткізілетін болады, - деп мәлімдеді Қазақстан орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Владимир Фоос.

Бұның алдында, қаңтардың 6-сы Астанада Қазақстан конституциялық кеңесінің отырысын өткізген Игорь Рогов Жаңаөзенде төтенше жағдай тәртібінің енгізілуіне байланысты сайлау өткізудің қаншалықты дұрыстығы туралы Конституциялық кеңеске Орталық сайлау комиссиясының салған сұрауына жауабын жариялаған еді.

Игорь Рогов азаматтардың өз таңдауын еркін білдіруі - конституциялық хақы болып табылатынын жеткізді. Оның айтуынша, «азаматтардың бұл хақы тек тұрақтылық пен қоғамдық қауіпсіздік сақталған жағдайда ғана жүзеге асуы тиіс. Өз даусын еркін білдіру үшін еркін жүріп-тұру, бірігіп, жиын, митинг, шерулер өткізу және ақпаратты еркін қол жеткізіп, тарату құқықтары да қоса болуы керек».

- Мемлекет азаматтардың осы құқықтарын толықтай пайдалануына, сондай-ақ сайлаудың ашық және бәсекелі түрде өтуіне жағдай жасауы керек. Бірақ төтенше жағдай кезінде және азаматтар мен заңды тұлғалардың жоғарыда аталған құқықтары мен еркіндіктері шектелгендіктен олардың еркін дауыс беруі өте қиын, - деп түсіндірді Игорь Рогов Конституциялық кеңестің тұжырымын.

Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласында 2011 жылы желтоқсанның 16-сында мұнайшылар мен полиция қақтығысып, артынан қарусыз адамдарға қарсы оқ атылды. Ел президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2011 жылғы желтоқсанның 17-інен 2012 жылғы қаңтардың 5-іне дейінгі мерзімге Жаңаөзен қаласының аумағында төтенше жағдай жариялады, қалада түнгі 11-ден таңғы 7-ге дейін коменданттық сағат тәртібі енгізілді.

Ал қаңтардың 4-і күні президент өз жарлығымен Жаңаөзендегі төтенше жағдай мерзімін 31 қаңтарға дейін ұзартты.

Төтенше жағдай тәртібі мезгілінде басқа шаралармен бірге Жаңаөзен қаласына баратын, қаладан шығатын қимыл-қозғалысты тұтас шектеліп, жиналыс, митинг, пикет, шерулер өткізуге, сонымен бірге көшіріп басып, көбейтетін, радио- және телехабарлар тарататын және аудио-видео жазатын аппаратураларды қолдануға тыйым салынған.

Ресми орындар Маңғыстау облысындағы оқиғалар салдарынан 17 кісінің қаза болып, 100-ден аса адамның зардап шеккенін хабарлады.
XS
SM
MD
LG