Accessibility links

«Қазақстан өлген адамды емес, ақшаны айтты» дейді журналист


Еуропарламенттің Жаңаөзенге қатысты жиыны. Брюссель, 31 қаңтар 2012 жыл.
Еуропарламенттің Жаңаөзенге қатысты жиыны. Брюссель, 31 қаңтар 2012 жыл.

Еуропарламенттің Жаңаөзенге қатысты тыңдауына қатысқан Stan.tv бейнепорталының журналисі Жұлдыз Төлеу Қазақстаннан барған ресми делегация мен азаматтық қоғам өкілдерінің пікірлері бір-біріне кереғар болғанын айтады.


Еуроодақ пен Қазақстан арасындағы ынтымақтастық және демократиялық даму аясындағы келісімге сәйкес, Еуропарламентте 31 қаңтарда басталған жиынға Қазақстанның атынан бұл елдің Бельгия мен Люксембургтегі елшісі Ерік Өтембаев, бас прокурордың орынбасары Андрей Кравченко, сыртқы істер министрлігінің бірнеше өкілі қатысқан.

Ұйым бұл жиынға Қазақстандағы азаматтық қоғам өкілдерін, Жаңаөзенге барған журналистерді де шақырған екен.

Журналист Жұлдыз Төлеудің айтуына қарағанда, жиын төрағасы Паоло Бартолоцци: «Қазақстандағы соңғы ушығып отырған оқиға - Жаңаөзен оқиғасы. Оны біз естіп, біліп отырмыз. Қазақстанмен қарым-қатынасымыз жақсы. Бірақ адам құқықтары тапталған елдерді қатты айыптаймыз» деп сөз бастаған.

– Бартолоцци мырза «бұл - ресми делегация, сондықтан азаматтық қоғам өкілдеріне сөз бермейміз» деп, билік өкілдеріне лобби жасауға тырысты. Алайда басқа депутаттар келіспей, «оқиғаны көрген журналистерді де сөйлету керек» деді, – дейді Жұлдыз Төлеу.

Жиынға ресейлік «Новая газетаның» тілшісі, Жаңаөзенге барып қайтқан журналист Елена Костюченко да қатысқан. Ол «өлген адамдардың саны ресми тарап айтқан цифрмен мүлдем сәйкес келмейтінін» айтқан.

Жұлдыз Төлеудің сөзіне қарағанда, Қазақстан өкілдері «Жаңаөзен оқиғасына кінәлілерді анықтағандарын» айтқан:

– Елші Ерік Өтембаев мырза «Жаңаөзендегі оқиғаны ұйымдастырушыларды анықтап, іздеп жатырмыз. Олардың бәрі – бұрын 6-7 жыл түрмеде отырған басбұзарлар, бұзақылар» деді.

«Қазақстанның ресми өкілдері Жаңаөзенде қанша мүлік қиратылып, қанша миллиард теңгенің шығыны келгенін айтты – бірақ азапталып өлтірілген адамдар туралы тіс жарған жоқ» дейді журналист.

Сұқбаттың толық аудио нұсқасын тыңдаңыз:
please wait

No media source currently available

0:00 0:05:13 0:00
Жүктеп алу
XS
SM
MD
LG