Қарашаның 24-інде Жаңаөзен қалалық әкімшілігінің маңына талаптарын орындатып, келісім жасауға жиналған мұнайшылар шоғыры көбейе түсті. Олар мұнда кешеден бері тұр. Мұнайшылардың сөзіне қарағанда, қаланың орталық «Тәуелсіздік» алаңына жиналған ереуілшілер тобы да жүздеген адамға толыққан.
«НЕ ШЫҒАРЫ БЕЛГІСІЗ» ЖИЫН
«Өзенмұнайаз» өндірістік филиалының мұнайшысы Айман Оңғарбаеваның Азаттық тілшісіне хабарлауынша, жұмыс беруші және жергілікті билік өкілдерімен сәрсенбіден бері «әлдебір кездесу жүріп жатыр». Ол өздері сайлаған 6 адамның әкімшілік ішіндегі жиынға қатысып отырғанын айтады.
Жұмыс беруші және жергілікті билік өкілдерінен құралған топпен кездесуге қатысқан ереуілші Марат Жүсіпбаевтың айтуынша, екі күнге созылған әңгімеден не шығары белгісіз.
- Кеше таңертеңгі сағат 10-нан кешкі 9-дарға дейін екі топ болып дауластық. Олар өздерінің талаптары дұрыс екендігін, біздің ереуіліміздің заңсыздығы мен жұмыстан босауымыздың заңдылығын айтып түсіндірмек болды. Біз «мамыр айында аштық жайлы ескерту жасалғанда неге бірден келісімге келу туралы мәселе қозғалмады, неге біздің талаптарымызға мән берілмеді?» деген сауалға жауап алуға тырыстық, - дейді Марат Жүсіпбаев.
Оның сөзіне сүйенсек, кездесуге «Қазмұнайгаз» Барлау Өндіру» компаниясы директорының орынбасары Владимир Мирошников, еңбек министрінің орынбасары Біржан Нұрымбетов, «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалы экономика бөлімінің меңгерушісі Марат Орынбаев, облыс әкімінің орынбасары Бауыржан Айтқұлов, бас прокуратура мен Жаңаөзен қалалық прокуратурасының өкілдері келген.
Ал мұнайшылар тарапынан жиынға Марат Жүсіпбаев, Мақсат Досмағамбетов, Талғат Сақтағанов, Наталья Әжіғалиева, Қайыржан Шағырбаев, Құдайберген Қарабалаевтар қатысқан.
«ҚАРАЖАНБАСТЫҚТАР ДА ЖАҢАӨЗЕНГЕ КЕЛДІ»
Жаңаөзен қалалық әкімшілігі маңында екі күннен бері жұмыс берушімен мәміле жасауды күткен ереуілшілер арасында «Қаражанбасмұнай» компаниясының жұмысшылары да жүр. Олар қарашаның 23-і күні Жаңаөзен қаласына Ақтаудан арнайы келген.
«Қаражанбасмұнай» компаниясының жұмысшысы Еркін Озғанның айтуынша, келісім комиссиясы болады деген үмітпен келген 60-тай адамның арасында «Ерсай каспиан контрактор» компаниясының жұмысшылары да бар.
- Бізбен кездесу бола ма, жоқ па – білмейміз. Әкімшілікке кіргізбеді. Бірақ күтіп жүрміз, аяз да қысып барады, - деді Еркін Озған Азаттық тілшісіне.
«ЕШҚАНДАЙ КЕЛІСІМ БОЛМАЙДЫ»
Дәл осындай кездесу өткен бейсенбіде де болған еді. Ол жолы мұнайшылар «шенеуніктердің жұмыс берушімен мәмілеге келуге жәрдемдесуге уәде бергендерін» айтқан. Алайда қарашаның 17-сі күні «Қазмұнайгаз» Барлау Өндіру» компаниясының баспасөз қызметі ешқандай бітімгерлік комиссияның құрылмағанын және құрылмайтынын кесіп айтып, баспасөз хабарламасын таратты.
«2011 жылдың мамыр айында «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалы және «Қаражанбасмұнай» акционерлік қоғамында заңсыз наразылық акциясын ұйымдастырушылар принципті түрде жұмыс берушімен диалог орнатудан қашты, айлық жалақыны көтеру туралы өздерінің талаптарының қалтқысыз орындалуын талап ете отырып, бітімгерлік процедураларға қатысудан бас тартты. Заңда көрсетілген қандай да болмасын бітімгерлік процедураларды сақтамастан, жұмыс берушіге қысым көрсету үшін жұмысты тоқтату сияқты шараны таңдап алды» деп мәлімдейді «Қазмұнайгаз» Барлау Өндіру» компаниясы.
Компания өткен аптадағы еңбек министрі орынбасары Біржан Нұрымбетов қатысқан кездесуді «жұмыстан шығарылғандарды жаңа жұмыс орындарына тұрғызу жөніндегі республикалық штабтың отырысы» деп түсіндірді. «Қазмұнайгаз» компаниясы жұмысшылар ереуілінің заңсызығы туралы Жаңаөзен және Ақтау қалалық соттары шешімдерін де алға тартады.
МҰНАЙШЫЛАРДЫҢ ЖҰМЫСШЫЛАРҒА ҮНДЕУІ
Бұған дейін интернет арқылы «Мұнайшылардың жұмысшыларға үндеуі» тараған еді. Үндеу Қазақстандағы «Соколов-Сарыбай кен байыту» өндірістік бірлестігі, «Қазақмыс» корпоррациясы, «Балқашмыс» акционерлік қоғамы, «Қазақстан алюминийі» компаниясы және басқа да көптеген ірі өндіріс ошақтары жұмысшыларына арналған. Мұнайшылар осы үндеу арқылы Қазақстандағы барлық жұмысшыыларды өздеріне қолдау көрсетуге шақырды.
Мұнайшылар тәуелсіз заңгер Наталья Соколованы босатуды, кәсіподақ белсенділеріне тағылаған барлық айыпты алып тастауды, биліктің ереуілді мойындап, барлық жұмыстан шығарылғандарды жұмысқа алуын, жалақыны көтеріп, тиісті коэфициенттерді төлеуін талап еткен.
Алайда Маңғыстаудағы мұнайшылардың өздері бұл үндеуден хабарсыз екендерін айтты. «Бірақ ондағы талаптардың орындалуына мүдделіміз» деді ереуілшілер
Арызданушылар «Тәуелсіз кәсіподақты мойындамайтын, жұмысшылар алдында әлеуметтік жауапкершіліктерін атқармайтын» барлық ірі өндіріс ошақтарын мемлекетке қайтаруды да сұраған.
Алайда Маңғыстаудағы мұнайшылардың өздері Азаттық тілшісіне бұл үндеуден хабарсыз екендерін айтты. «Бірақ ондағы талаптардың орындалуына мүдделіміз» деді ереуілшілер.
«ПРЕЗИДЕНТ МЫРЗА, ЕРТЕҢ...»
Қаражанбастық мұнайшылар қоғамдық жиылысқа қатысушылар атынан тез арада келісім комиссиясын құру туралы мәлімдеме таратқандарын баяндады.
Онда президент Нұрсұлтан Назарбаевтан Қазақстан мемлекетінің азаматы әрі президенті ретінде «Қазмұнайгаз» компаниясынан жедел түрде келісім комиссиясын құруды сұраған.
«Президент мырза, ертең Қазақстан халқы сізден «Маңғыстауда заңның сақталуы үшін не істедіңіз? 7 айдан бергі еңбек дауын шешуде халыққа немен көмектестіңіз?» деп сұрайды. Осы қарсылық ушығып кеткен жағдайда жауапкершілік алдымен ел президенті ретінде сізден және «Қазмұнайгаз» компаниясының бірінші басшысы Тимур Құлыбаевтан талап етіледі» деп жазады мұнайшылар.