Бұл жайлы Азаттық тілшісіне Естай Қарашаевтың өзі хабарлады. Оның айтуынша оқиға болғанға дейін бірнеше сағат бұрын мұнайшыны Жаңаөзен қалалық ішкі істер бөліміне шақырған.
РЕЗЕҢКЕ ОҚ
- Біздің учаскелік инспекторымыз Наурыз есімді жігіт мені қалалық ішкі істер басқармасына шақырып жатқанын хабарлады. Мені басқарма бастығы орынбасары Аман Досаханов қабылдады. Ол жұмыстан босағандарға «Кезбе» кәсіпорынан жұмыс ұсынылып отырғанын айтып, ереуілді тоқтатып соған шығуды ұсынды. Бұған қоса алаңға шатыр құруға тырысушылар болса күш қолданатынын ескертті. Мен қарсыласпадым, -дейді Естай Қарашаев.
Полиция басшысымен әңімеден кейін ол пәтеріне оралған. Алайда үйінің есігін қағып тұрған мұнайшы жігітке белгісіз біреу тарпа бас салған.
- Маған қол көтерген жігіттің жасы 20-25 шамасында. Екеуміз төбелесіп жатқанда тағы бір жігіт келіп, жерде жатқан мені тебе бастады. Содан соң басыма бірдемені тақағанын білемін, артынша тарс еткен дыбыс шықты. Мен есімнен танып қалдым, - деді Естай Азаттық тілшісіне.
Кейін Естай Қарашаев жедел жәрдем мен полицияға хабарлаған. Жаңаөзен қалалық жедел жәрдем бөліміндегілер жарасын тігіп, миы шайқалғанын анықтағанмен, оқ тиген мұнайшы ауруханаға жатудан бас тартқан. «Себебі онда менің қауіпсіздігіме ешкім жауап бере алмайды. Сондықтан қолхат беріп, туыстарымның көмегімен үйіме келдім» дейді ол.
Алайда әзір денсаулығына байланысты полиция орнына арыздана қоймағанын айтады.
- Полиция қызметкерлері менің анам мен жолдас жігітімнен түсініктеме алды. Және оқиға орынынан резеңке оқты тауып алып целлофан дорбаға салып жатқандарын көрдім. Қорытындысын айтатын болар, - дейді Естай Қарашаев.
ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС ҚОЗҒАЛДЫ
Жаңаөзен қалалық ішкі істер бөлімі болған жайды растап, іс қозғалғанын хабарлады.
- Бұл фактіге байланысты Маңғыстау облыстық ішкі істер департаменті мен ішкі істер министрлігіне хабарланды, - деп мәлімдеді қалалық ішкі істер басқармасының кезекшісі.
Бұл Маңғыстау облысындағы ереуілдеп тұрған мұнайшыларға қарсы жасалып отырған бірінші қастандық емес. Қазанның 8-і күні тағы бір мұнайшылар белсендісі Жанар Сақтағановаға да резеңке оқ атылған еді. Полиция ол жолы да іс қозғаған, бірақ кінәлілер әлі табылған жоқ.