Accessibility links

Айыпталушылар «полицияның сабағанын» айтты


Шетпе оқиғасы бойынша айыпталушы сот залында туыстарымен амандасып тұр. Ақтау, 17 сәуір 2012 жыл.
Шетпе оқиғасы бойынша айыпталушы сот залында туыстарымен амандасып тұр. Ақтау, 17 сәуір 2012 жыл.

Жаңаөзен сотында бір айыпталушы қазақ тілін білмейтінін, «бірақ аудармашы болмағандықтан қазақша жазылған дайын жауапқа қол қоя салғанын» айтты, екі айыпталушы полицейлердің ұрып-соққанын мәлімдеді. Шетпе оқиғасына орай өткен сотта үш жәбірленуші талаптарынан бас тартты.


Желтоқсанның 16-сы күні Жаңаөзенде болған оқиға бойынша сотта айыпталушыларды сұрау жалғасып жатыр. «Жаңаөзен-2011» комитетінің өкілі Ерлан Қалиевтің сөзіне қарағанда, сәуірдің 17-сі күні түске дейін бірнеше айыпталушы сұралған. Айыпталушылар алдын-ала тергеу кезінде полицейлердің күш көрсетіп, қорқытқандарын айтқан.

«БӘРІН ҰЙЫМДАСТЫРҒАН – СЕНСІҢ»

Айыпталушылардың бірі Жанат Мұрынбаев сотта өзінің іздеуде жүргенін тек желтоқсанның 24-і күні ғана білгенін, содан кейін полиция басқармасына өзі барғанын айтқан.

– «Іздеу саламыз» деп қақпаларда ілініп тұрған хабарландыруды көріп, «Бұлар мені не үшін іздеп жүр, мекен-жайды білетін еді ғой» деп полицейге өзі барғанын айтты. Ол жерде маска киген ОМОН-дар «міне, негізгі тәртіпсіздік ұйымдастырушы келді» деп ұстап алып, «бүліктің бәрін ұйымдастырған сенсің» деп, Жанат Мұрынбаевты ұрып-соққан, – дейді Ерлан Қалиев.

«ЕГЕР МОЙЫНДАМАСАҢ...»

Сотта сұралған айыпталушы Парахат Дүйсенбаев әкесіне оқ тиіп көз жұмғанын, әпкесінің аяғы жараланып, мүгедек болып қалғанын айтты. Ол да «алдын-ала тергеу кезінде қысым көргенін, полицейлердің азаптағанын» мәлімдеген.

– Дүйсенбаев «Полицияға әкелген кезде Руслан деген тергеуші, қасында ОМОН-
Жаңаөзен сотындағы айыпталушылар. Ақтау, 27 наурыз 2012 жыл.
Жаңаөзен сотындағы айыпталушылар. Ақтау, 27 наурыз 2012 жыл.
дар бар, көк ала қойдай сабап, бүйрегімнен ұрып, қаншама мәрте есімнен талып қалдым. Тіпті ұят болса да айтайын, олар «егер мойындамасаң, шалбарыңды түсіріп, мына дубинканы артыңа тығамыз» деп қорқытты» деді, – дейді Ерлан Қалиев.

«Жаңаөзен-2011» комитетінің Ақтауда жүрген өкілі Ғалым Ағелеуовтің Facebook парақшасына жазған дерегіне қарағанда, Парахат Дүйсенбаев өзін қалалық полиция басқармасында полковник Қадыровтың да сабап, қорқытқанын, осының салдарынан денсаулығы нашарлай бастағанын айтқан.

«ДАЙЫН ЖАУАПҚА ҚОЛ ҚОЙДЫМ»

Ерлан Қалиевтің айтуынша, бүгінгі сотта айыпталушы Серік Ақжігітов «қазақ тілін мүлде білмейтінін, алдын-ала тергеу кезінде дайын жауаптарға түсінбей қол қойғанын» айтқан.

Белсенді Ғалым Агелеуовтің Facebook парақшасындағы жазбасына қарағанда, Серік Ақжігітов: «Полицейлердің өздері компьютерде қазақша жазды, мәтіндерді терді,
Жаңаөзен сотындағы айыпталушы. Ақтау, 27 наурыз 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
Жаңаөзен сотындағы айыпталушы. Ақтау, 27 наурыз 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
ал маған «соған қол қой» деді. Қол қойдым. Мен қазақша сөйлемеймін, сондықтан аудармашы әкелуді сұрадым. Не нәрсеге қол қойғанымнан толық хабардар емеспін» деген.

Серік Ақжігітовтің адвокаты Венера Сәрсембина «қылмыстық-процессуалдық кодекс ережелері өрескел бұзылғанын» айтып, айыпталушының алдын-ала тергеуде берген жауаптарын жарамсыз деп, ал Ақжігітовті қамауға алу туралы шешімдерді заңсыз деп тану туралы судьяға өтініш берген.

– Сол орайда Қазақстан республикасының қылмыстық істер жүргізу кодексінің 30-бабына сәйкес, айыпталушы сот тергеуі кезіндегі өзінің еркін сөйлейтін тілінде жауап беруге құқылы. Ондай мүмкіндік болмаған кезде оған мемлекет тарапынан, тергеу тарапынан тілмаш қатыстыруы қажет болған. Өзіне қатысты айыптардың мән-мағынасын түсіну қажет болған. Сондықтан мен өтініш бердім, – дейді адвокат Венера Сәрсембина.

Серік Ақжігітовтің адвокаты Венера Сәрсембина судьяның өтінішті әлі қарамағанын айтты:
Айыпталушы Ақжігітовтың адвокаты
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:13 0:00


Сәуірдің 17-сі күні кешке Маңғыстау облыстық сотының баспасөз қызметкері Нұрлан Күнтуов Шетпе мен Жаңаөзендегі оқиғаларға орай өткен сот отырыстарына байланысты брифинг ұйымдастырды.

Нұрлан Күнтуовтың айтуынша, Жаңаөзен оқиғасына орай өтіп жатқан сотқа айыпталушылардың туыстары, халықаралық және қазақстандық бақылаушылар, Қазақстан парламенті сенатының депутаттары Шелпеков пен Бортник қатысқан. Сот өкілінің айтуынша, бүгінгі сот отырысында сұралған 9 айыпталушының біразы тергеу кезінде берген жауаптарынан жарым-жартылай бас тартқан.

Нұрлан Күнтуовтың брифингтегі сөзін тыңдаңыздар:
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:59 0:00
Жүктеп алу

Ақпаратқа қарағанда, Жаңаөзен-Шетпе оқиғасы бойынша төрт түрлі сот процесі өтпек: біріншісі – желтоқсанның 16-сы күнгі Жаңаөзен оқиғасына байланысты сот (наурыздың 27-сі күні басталды), екіншісі – желтоқсанның 17-сі күні Шетпе станциясында болған толқуға байланысты сот (сәуірдің 17-сінде басталды), үшіншісі – «қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдаланған» полицейлер ісі (сәуірдің 27-сінде басталады), төртіншісі – «әлеуметтік араздық тудыру» бабы бойынша өтетін сот.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG