Accessibility links

ҰҚК Жовтистің қатысы болған жол-көлік оқиғасы туралы істі бақылауға алған жоқпыз дейді


Адам құқтары жөніндегі қазақстандық бюроның жетекшісі Евгений Жовтис. Алматы, шілде, 2009 жыл.
Адам құқтары жөніндегі қазақстандық бюроның жетекшісі Евгений Жовтис. Алматы, шілде, 2009 жыл.

Адам өліміне жеткізген жол-көлік оқиғасының себепкері Жовтиске қатысты қозғалған қылмыстық іспен ҰҚК айналысуда деген ақпарат апта барысында тарады, дегенмен комитет өкілдері мұны жоққа шығарып отыр. Ал кейбір бақылаушылар құқыққорғаушының саяси белсенділігіне орай бұл іске алаңдаушылық танытады.


"ҰҚК-нің ҚАНДАЙ ҚАТЫСЫ БАР?"

Республикалық ақпарат құралдарының кейбірінде «Жовтистің ісін ҰҚК қадағалауға алады» деген ақпарат тараған еді. Дегенмен Ішкі істер министрлігінің мамандары бұл ақпаратты жоққа шығарып отыр. Министрліктің баспасөз қызметі басқармасының бастығы Олег Иващенконың айтуынша, мұндай мәселемен тек Ішкі істер министрлігі шұғылданады.

- Мен бұл жайында ешнәрсе білмеймін, бірақ, мұндай мәселемен Ішкі істер министрлігінің территориялық бөлімшелері шұғылданады. Ұлттық қауіпсіздік комитетін қайдан алғанын білмеймін, – деді министрлік өкілі.

ҚР ҰҚК де осындай пікір білдіруде. Комитеттің баспасөз хатшысы Кенжеболат Бекназаров Азаттық радиосына берген сұхбатында «өздерінің бұл іске мүлдем қатысы жоқ» екендігін айтқан еді.

- Бұл шындыққа жанаспайды, бұл іске Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қатысы қанша...? Енді сын айтушылардың бәрінің дөңгелегінің астына адамдарды итеріп жібереміз бе екен. Бұл ақылға симайтын жағдай, - дейді Кенжеболат Бекназаров.

«ҚАЗА ТАПҚАН КІСІ ІШІМДІК ІШПЕГЕН»

Тамыздың 5-і күні Қазақстан Ішкі істер министрлігі құқыққорғаушы Евгений Жовтистің қатысуымен орын алған жол апаты салдарын әлі зерттеп-тексеріп жатқанын жариялады.

Әзірге бар ақпарат бойынша, жол апаты салдарынан қаза тапқан Қанат Молдабаевтың қан құрамында алкоголь жоқ болғаны анықталып отыр. Ішімдікті жаяу жүргіншіні қағып кеткен Евгений Жовтис те ішімдік ішпеген. Мұндай қорытындыға Ішкі істер министрлігінің мамандары арнайы жүргізген сараптама қорытындысынан кейін келген. Алайда, министрліктің баспасөз қызметі басқармасының бастығы Олег Иващенконың айтуынша, алда әлі бірқатар сараптамалар жасалуы қажет.

Сараптаманың соңғы дерегімен Евгений Жовтис мүлдем таныспаған. Өзінің сөзіне қарағанда бұл сараптаманың ол үшін маңызы жоқ екен.

- Мен ешқандай сараптаманың қорытындысын естіген жоқпын, бірақ бұл мен үшін маңызды емес. Өйткені, біріншіден ол адам жол апаты салдарынан қайтыс болды. Екіншіден, бұл қорытынды ол адамның кешкі уақытта жол үстінде не себептен жүргенін түсіндіре алмайды. Сол себептен маған бұндай қорытындының маңызы шамалы. Мүмкін, бұл біреулерге маңызды шығар, мен үшін бұл маңызды емес, - дейді Евгений Жовтис.

Тәуелсіз журналист Сергей Дуванов бұл істі ҰҚК жүргізе алмайды, алайда олар істі бақылауға алуы әбден мүмкін деген пікір айтады.

- Маған жеткен ақпаратқа қарағанда ҰҚК бұл іске қызығушылық танытып отырған сыңайлы. Өйткені, егер бұл іс обьективті шешілмейді немесе осы іс төңірегінде шу көп болады, өйткені біздің ішкі істер органдары басқаша жұмыс істей алмайды, – дейді Сергей Дуванов.

БАЛЫҚТАН ҚАЙТАР ЖОЛДАҒЫ ОҚЫС ОҚИҒА

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, Адам құқығын қорғау және заңдылықты сақтау жөніндегі қазақстандық бюроның директоры Евгений Жовтис өзі жүргізіп келе жатқан «Тойота» маркалы автокөлігімен шілденің 26-сы күні сағат 22.30-дың шамасында Қараой-Алматы тас жолының 131-шақырымында жаяу жүргіншіні қағып кеткен.

«Мен жексенбі күні кешкісін балық аулаудан қайтып келе жатқанмын, көлігімді сағатына 80-90 шақырым жылдамдықпен жүргіздім. Ол жердегі рұқсат етілген жылдамдық сағатына 110 шақырым. Көлікте 3 адам болды. Алматы облысы Ақдала ауылының маңында күре жолдың үстінде маған қарсы бағытта жүріп келе жатқан көліктің, тіпті бір емес екі көліктің түсірген жарығы көзіме шағылысты.

Әлгі автокөліктердің өткені сол еді, кенеттен жол үстінде бір адамның сұлбасы пайда болғанын байқадым, бірақ оның қайдан шыққанын білмеймін. Мен оны 2-3 метр қалғанда ғана байқағандықтан, ештеңе істей алмадым, бұрылып кетуге де, тоқтауға да мүмкіндік болмады. Сөйтіп, жолдың ортасын бөлетін сызықтан сәл оңға таман оқыс жағдай болып, әлгі адам көліктің астында қалды. Мен көлікті тоқтатып, апатты жағдайдағы шамдарын жағып, полицияны шақырдым», – деген еді Евгений Жовтис Азаттыққа шілденің 28 күні.

Кейін белгілі болғандай, сол жерде жантәсілім еткен жаяу жүргінші 36 жастағы Қанат Молдабаев есімді азамат болған.

«Оқиға болған жерге оның туыстары келді. Мен оның ағасымен сөйлесіп, өзімнің көмегімді ұсындым. Туыстары талап етпесе де, барлық шығындарды өз мойныма алуға әзір екенімді айттым. Туыстары түсіністік танытты», – деді Евгений Жовтис.

Осы болған жол-көлік оқиғасына байланысты ҚР Қылмыстық кодексінің 296-бабының 2-ші тармағы бойынша (байқаусызда адам өліміне апарып соқтырған көлікті басқару кезінде жол ережесін бұзу) қылмыстық іс қозғалған.

«Қылмыстық іс жаяу жүргіншінің қазасы бойынша қозғалып отыр, яғни маған қарсы емес. Қазір тергеу жүріп жатыр. Алайда мен өзімді кінәлі деп тануға ешқандай негіз жоқ деп санаймын», – дейді Евгений Жовтис.
XS
SM
MD
LG