Accessibility links

Қазақстандықтар Барак Обаманың үндеуінде айтылған ойлардың жүзеге асқанын қалайды


АҚШ президенті Барак Обама Қаир университетінде Мұсылман әлеміне үндеу жолдап тұр. 4 маусым 2009 ж.
АҚШ президенті Барак Обама Қаир университетінде Мұсылман әлеміне үндеу жолдап тұр. 4 маусым 2009 ж.

Президент Обама Израиль-Палестина жанжалы, Ауғанстан, Пәкістан мен Ирақтағы жағдай, сондай-ақ Иранның ядролық бағдарламасына жан-жақты тоқталып, барша халық бейбіт жағдайда өмір сүруі тиіс деп атап көрсетті.

Барак Обаманың Мұсылман әлеміне арнап жолдаған үндеуіне қатысты Қазақстанның бірқатар қоғам қайраткерлері бұның тарихта қаларлықтай жайт екендігінін айтады. Сонымен қатар онда айтылғандардың жүзеге асуы алдағы уақыттың еншісінде дейді олар.

Президент Барак Обама АҚШ пен Мұсылман әлемі арасында жаңа қарым-қатынастар кезеңін бастауға шақырды. Қаир университетінде жасаған жолдауында Обама Америка мен Ислам елдері арасында бәсеке болмауы тиіс, қарым-қатынастар өзара мүдде мен өзара құрметке негізделуі керек деп атап көрсетті.

Обаманың айтуынша, зорлық-зомбылық жасайтын экстремистер Батыс пен мұсылмандар арасындағы шиеленісті жағдайды пайдаланған. Ислам - проблеманың өзегі емес, ол бейбітшілікті алға тартатын дін деді Обама.

Осы қадамнан кейін Мұсылман әлемі мен Америка құрама штаттарының қарым-қатынасы жаңа сипат алары сөзсіз
Қазақстан мұсылмандар одағының жетекшісі Мұрат Телібеков АҚШ президентінің бұл үндеуінің халықаралық саясатта маңызы зор екендігін айтады. Осы қадамнан кейін Мұсылман әлемі мен Америка құрама штаттарының қарым-қатынасы жаңа сипат алары сөзсіз дейді сұхбаттасымыз.

- Президент Обаманың үндеуінен кейін экономика мен саясатта айтарлықтай өзгеріс болмауы да мүмкін. Алайда бұл үндеудің бір маңызды тұсын ескеру қажет. Бүгінгі үндеуден кейін дүниежүзіндегі Ислам елдеріне деген жағымсыз көзқарас өзгеруі әбден мүмкін.

2001 жылдың 11 қыркүйегінен кейін мұсылмандар террор мен экстремизмге жақын адамдар екен деген көзқарас пайда болғандығы жасырын емес. Ал Обаманың бүгінгі үндеуі мұндай ұғымнан арылудағы көпір іспеттес. Осыдан кейін Мұсылман өркениеті мен қазіргі Еуропа және Америка мәдениеті арасындағы конструктивті диалогтың бастауы деп ойлаймын, – дейді Мұрат Телібеков.

АҚШ президенті Барак Обама Израиль-Палестина жанжалы, әйел құқы мен Исламдағы төзімділік мәселесіне, сондай-ақ экономикалық даму мәселелеріне де тоқталды. Ол Ирақтағы оқиғалар кез-келген проблеманың дипломатия және келісімпаздық жолдары арқылы шешілуі қажеттілігін Американың есіне салды деп мәлімдеді.

АҚШ пен Мұсылман әлемі арасындағы қарым-қатынастарды жақсартуға бағытталған үндеуінде Обама сондай-ақ өзгеріс бір күннің ішінде ғана бола салмайды деп атап көрсетті. Обама кез-келген жерде Ислам туралы теріс стереотиптермен күресуге уәде етті. Ол сондай-ақ мұсылмандар арасында Америка туралы стереотиптердің де бұзылуы керектігін атап көрсетті. Қазақстандық дінтанушы Мұртаза Бұлытай болса Обаманың бұл айтылғандары тек қағаз жүзінде қалмас деген үмітін жеткізді.

- Ең бастысы әділетті болуы керек. Мәселен, мен өз басым Обама мұсылмандарды жарылғасын деп сұрамаймын. Бастысы әділетті баға берулері керек. Мәселен, АҚШ-тың барлау ұйымдары кейбір әрекеттерін тоқтатуы керек. Жалпы әлемде 1,5-2 миллиард мұсылман бар, олармен экономикалық, саяси және мәдени қарым-қатынасқа қай жақтан болса да жақсы көңіл бөлінсе дұрыс болар еді, – дейді Мұртаза Бұлытай.

ХХІ ғасырда үлкен апатқа жол бермей, бейбіт өмір сүруге адамзаттың бүкіл жағдайы мен ынта-жігері бар
Сондай-ақ ол, АҚШ президенті Мұсылман елдеріне деген қалыптасқан көзқарасты өзгертуге атсалыса алатындығын да мойындап отыр.

- Осы жолда АҚШ-тың қолында барлық тетіктер мен ресурстар бар. Уақыт көрсетер. Дәл қазір бірден тақиямызды аспанға лақтырып, «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман» келді деп айту әлі ерте. Бірақ осының өзін, демек Барак Обаманың осындай үндеу жасауын оң қадам деп бағалап отырмын, – дейді Мұртаза Бұлытай.

Ал Қазақстан жазушылар одағы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Жайлыбайдың пікірінше, Обаманың үндеуіндегі бірқатар мәселелер қолдауға тұтарлық. Оның алғашқысы жалпы жер бетіндегі түрлі қақтығыстарды тоқтату. Адамзат баласы ХХІ ғасырда үлкен апатқа жол бермей, бейбіт өмір сүруге бүкіл жағдайы мен ынта-жігері бар, сондай мақсат-мүддені көздеген Барак Обаманың бүгінгі үндеуінен үлкен нәтиже күтуге болады деп санайтындығын жеткізді ол.

- Мұсылман елдерін кемсітушілік немесе Ислам дініне байланысты айтылып қалатын солақай пікірлер дінаралық, ұлтаралық, қақтығыстарға алып келеді. Сондықтан Барак Обаманың бұл үндеуі өзінің алдында болған жүйеге, өзінің алдындағы ыңғайсыз істерге қарсы жасалған деп түсініп, көп күттірмей оның нәтижесі болады деп ойлаймын, – дейді Ғалым Жайлыбай.
XS
SM
MD
LG