Accessibility links

Қытай бір қолымен қарыз беріп, екінші қолымен «МаңғыстауМұнайГаздың» үлесін алмақшы


Қытай Қазақстанға несие ретінде 10 млрд доллар бөлетін болды, есесіне «МаңғыстауМұнайГаздың» жартысын иелену туралы қазақ президентінің келісіміне қол жеткізді. Осыған дейін елдегі «Азат» партиясы аталмыш келісімге қол қойылса, республиканың ұлттық қауіпсіздігіне қауіп төнуі мүмкін деп мәлімдеме жасаған болатын. Десе де, сарапшылар бұл тұрғыда асығыс пікір айтуға болмайтынын ескертеді.

Сарапшылардың айтуынша, Қазақстанға «МаңғыстауМұнайГаздан» үлес алу туралы жоспары бар екенін бірнеше мәрте құлаққағыс еткен Қытай дегеніне жетті. Ал көршісінен 10 млрд доллар көлемінде қарызға алу Қазақстанның күзден бері жоспары еді. Бұл екіжақты келісімнің Қазақстан президентінің дәл осы сапарында жүзеге асатынын сарапшылар күні бұрын болжаған еді.

«Нұрсұлтан Назарбаев пен Ху Цзиньтаоның кездесуінде Қазақстанға 10 млрд доллар көлемінде ақша бөлу туралы келісімге қол жеткізілді. Оның жартысы мұнай-газ саласына бағытталатын болады. Атап айтқанда, Қытай «МаңғыстауМұнайГаздың» бір бөлігіне ие болады», - деп хабарлады жұма күні Қазақстан-Бүгін агенттігі Хабар агенттігіне сілтеме жасап.

Бөлінген 10 млрд доллардың жартысы қайда кететіні қазірдің өзінде белгілі.

«5 млрд долларды «МаңғыстауМұнайГаз» АҚ-ын қаржыландыруға, Бейнеу-Бозай-Ақбұлақ-Шымкент жобасына қаржы бөлуге жұмсалады. Бұл ішкі нарық пен Қазақстанның оңтүстік аймақтарын газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жоба стратегиялық маңызды», - деді «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының президенті Қайыргелді Қабылдин.

Ал халықаралық Bloomberg агенттігі болса, қытайлық PetroChina компаниясының басшысы Цзян Цземинь «МаңғыстауМұнайГаз» үшін 1,4 млрд доллар төлейтінін айтып отыр. Оны еншілес CNPC Exploration & Development Co компаниясы арқылы басқармақ. Ақпарат көздері бойынша, қазіргі таңда «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы мен қытайлық CNPC (China National Petroleum Corporation) компаниясы арасында келіссөздер жүргізіліп жатқан көрінеді.

Бұған дейін Қазақстандағы «Азат» демократиялық партиясы елдегі ірі кеніштің қытайлар қолына өтуі мүмкін екеніне алаңдаушылық танытып, мәлімдеме жариялаған болатын.

- «АқтөбеМұнай» акционерлік коғамында жұмыс істейтін қызметкерлер жылына бірнеше рет наразылық шараларын өткізетіндігі жасырын емес. Қызметкерлердің басты айтатындары – әлеуметтік жағдайларының нашарлығы мен айлықтарының мардымсыздығы. Осындай олқылықтарға қарамастан Қытайлық компаниялар көбейе берсе халықтың жағдайы қиын болатын түрі бар. Монополия болмауы керек, - деді партияның бас хатшысы Төлеген Жүкеев.

Алайда Қазақстан мен Қытай арасында қарым-қатынас дағдарысқа дейін де тығыз болғанын алға тартқан саясаттанушы Досым Сәтпаев мұндай болжам жасауға әлі ертерек деп отыр.

- Әрине, Қытай ешнәрсені де тегін істемейді. 10 млрд доллардың орнына Қазақстан Қытайға «МаңғыстауМұнайГаздың» белгілі бір бөлігін алуға мүмкіндік берді. Кезінде бұған Ресей де, Үндістан да ниет білдірген еді. Әрине, Қазақстанға бұл жерде тепе-теңдік сақтау керек. Яғни, тек қытайлық компанияларға ғана мұндай артықшылықтар берілмеуі керек. Бірақ, бізде қазір белгілі бір деңгейде тепе-теңдік те бар. Себебі, қытайлық компаниялардың бәсекелестері - ресейлік компаниялар. Сондықтан, бұл жерде Қытайдың рөлі басым болып кетті деуге ертерек.

Қазақстан Республикасының президенті жанындағы стратегиялық зерттеулер институтының сарапшысы Нұрлан Сейдін бұл келісімнің нәтижесі қазақ мұнайының тармақталуына жол ашады дейді:

- Бұл өз кезегінде ел экономикасының дамуына мүмкіндік береді. Өзімізде өндірілетін өнімнің сыртқа шығарылуына және оның ауқымын кеңейтуге мүмкіндік аламыз. Көбінесе, бізде қазір өндірілетін өнімнің бәрі Ресей арқылы Батыс елдеріне кетеді. Баку – Тбилиси – Джейхан да батысқа бағытталған. Енді мына Қытайға және Қытай арқылы басқа да мемлекеттерге өзімізде өндірілетін өнімдерге әсіресе, мұнай мен газымызды тасымалдауға мүмкіндік аламыз.

Саясаттанушы Әзімбай Ғали дағдарыс кезінде несие ала алмау - қауіпті деп есептейді:

- Менің ойымша, бүгінгідей дағдарыс кезінде 10 млрд доллар өте керек. «МаңғыстауМұнайГаздың» 50 пайызы аса көп емес. Өзіміздің инвесторларымызды теңестіріп отыруымыз керек. Олар инвестор ретінде оны ешқайда көшіріп алып кетпейді.

CNPC – Қытайдың мемлекеттік мұнай компаниясы. Компания 1,65 млрд тонна мұнай және 1,95 текше метр газ өндіреді. Аталмыш компанияның жобалары өз елінен басқа Әзірбайжан, Перу, Венесуэла, Оман, Судан, Түркіменстан және Қазақстанда (CNPC-Ақтөбе) бар.

2006 жылы CNPC Қазақстанда көмірсутегін өндіретін канадалық PetroKazakhstan компаниясын 4,18 млрд долларға сатып алды.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG