Accessibility links

"Ұрланған" тәжік оппозиционері Еуропаға жетті


Тәжікстандық оппозициялық белсенді Шарофиддин Гадоев (сол жақта) Франкфурт әуежайында тұр. 2 наурыз 2019 жыл.
Тәжікстандық оппозициялық белсенді Шарофиддин Гадоев (сол жақта) Франкфурт әуежайында тұр. 2 наурыз 2019 жыл.

Өткен айда шетелден Душанбеге оралған тәжікстандық қуғындағы оппозиция белсендісі Еуропаға қайтып барды.

Тәжікстандық оппозициялық белсенді Шарофиддин Гадоев Еуропаға ұшып келді. Ол өткен айда Нидерландтан Душанбеге оралған болатын.

Наурыздың 2-і күні тәжік оппозициясы Facebook әлеуметтік желісі арқылы таратқан тікелей видеотрансляция кезінде Гадоев өзіне "араша" түскен "ұйымдар мен елдерге" алғыс айтты.

"Сіздердің табандылықтарыңыздың арқасында еркін және бейбіт жағдайда сөйлесе аламын" деді ол.

Шарофиддин Гадоев (сол жақта) пен Тәжікстан Ислам жаңғыру партиясының жетекшісі Мухиддин Кабири. 2 наурыз 2019 жыл.
Шарофиддин Гадоев (сол жақта) пен Тәжікстан Ислам жаңғыру партиясының жетекшісі Мухиддин Кабири. 2 наурыз 2019 жыл.

Тәжікстанда тыйым салынған Ислам жаңғыру партиясының жетекшісі Мухиддин Кабиридің қасында тұрып мәлімдеме жасаған Шарофиддин Гадоев:

"Мен алдағы бірнеше сағатта толығырақ ақпарат беретін шығармын" деді.

​Еуропада орналасқан Тәжікстанның оппозициялық ұлттық альянсы тікелей видеотрансляция Германияның Франкфурт қаласындағы әуежайдан берілді деп хабарлады.

Тәжікстанда тыйым салынған "24 тобы" оппозициялық қозғалысының мүшесі Шарофиддин Гадоев ақпан айында аяқастынан Душанбеден бір-ақ шыққанда жұрт таңырқап қалды. Кейін Гадоевты Ресейге барған кезде ұрлап әкеткен деген ақпарат тарады.

Тәжікстан билігі 33 жастағы Гадоевтың Душанбеге өз еркімен оралғанын айтты. Билік таратқан видеода Гадоев оппозицияны сөгіп, өзге белсенділерді Тәжікстанға оралуға шақырады.

Ақпанның 21-і күні Нидерланд сыртқы істер министрлігі Гадоевтың Тәжікстанда "қылмыстық іс-әрекетке қатысы бар" деген күдікпен тұтқындалғаны туралы мәлімдеді. Министрлік дерегі бойынша, Гадоев кезінде айналысқан кәсіпкерлік қызметіне байланысты істі болған.

Тәжікстан билігі Шарофиддин Гадоевтың тұтқындалғаны туралы хабарлаған жоқ және Нидерланд сыртқы істер министрлігінің мәлімдемесіне байланысты комментарий бермеді.

Төрт халықаралық ұйым - Human Rights Watch (HRW), Норвегияның Хельсинкий комитеті, Орталық Азия мигранттары ассоциациясы мен "Орталық Азиядағы адам құқығы" ассоциациясы ақпанның 24-і күні таратқан мәлімдемесінде Душанбені Шарофиддин Гадоевты тұтқыннан дереу босатуға шақырды. Құқық қорғаушылар Гадоевқа өзін паналатқан Нидерланд еліне оралуына рұқсат берілуі тиіс деп мәлімдеді.

Шарофиддин Гадоевтың ісін зерттегендер Ресей арнайы қызметінің өкілдері ақпанның 14-і күні Мәскеуде белсендіні машинаға күштеп салып, Домодедово әуежайына жеткізгенін және сол жерден оны Душанбеге баратын ұшаққа отырғызып жібергенін анықтады делінген құқық қорғаушы топтардың мәлімдемесінде.

Human Rights Watch (HRW) халықаралық құқық қорғау ұйымының Орталық Азия бойынша зерттеушісі Стив Свердлоу Тәжікстанда Гадоевке "ой-пікір еркіндігін бейбіт түрде іске асырғаны үшін қолдан жасалған айып тағылғанын" айтқан.

Тәжікстан билігі Шарофиддин Гадоевтың Еуропаға оралуына байланысты ешқандай комментарий берген жоқ.

Тәжікстанды 1992 жылдан бері басқарып отырған президент Эмомали Рахмон бұған дейін елдегі өзге ой-пікірдегі азаматтарды қуғынға салғаны үшін бірнеше рет сынға қалған.

Тәжікстан билігі 2014 жылы қазанда "24 тобы" оппозициялық қозғалысын "экстремистік" деп танып, тыйым салған. Оның алдында бұл топ азаматтарды Душанбе мен өзге де қалаларда үкіметке қарсы наразылыққа шығуға шақырған.

2015 жылы Тәжікстан жоғарғы соты үкіметтің негізгі саяси қарсыласы болған Ислам жаңғыру партиясын "террористік ұйым" деп танып, тыйым салған. Оған дейін бұл партия үкіметтік коалиция құрамына мүше болатын.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG