Accessibility links

Қаза тапқан исламшыл Сәбитбай Аманов қазақ болуы мүмкін


Ресей арнайы қызметінің Дағыстандағы операциясы. (Көрнекі сурет)
Ресей арнайы қызметінің Дағыстандағы операциясы. (Көрнекі сурет)

Дағыстанда өлтірілген исламшыл бүлікші, Саид Бурятскийдің көмекшілерінің бірі Қазақстан азаматы болуы мүмкін деп хабарлайды Ресей арнайы қызметі.


Бүгін Ресейдің лаңкестікке қарсы ұлттық комитетінің өкілдері қауіпсіздік күштері Дағыстандағы исламшыл бүлікшілердің жетекшілерінің бірі Сәбитбай Аманов өлтірілді деп жариялады. Ол Солтүстік Кавказдағы исламшыл бүлікшілердің жетекші идеологы Саид Бурятскийдің көмекшілерінің бірі болған делінеді. Аманов сәрсенбіге қараған түні Дағыстан астанасы Махачкаланың шетіндегі жекеменшік үйде қоршалып, өлтірілген.

РЕСЕЙГЕ «ЖИҺАД» ЖАРИЯЛАҒАН БУРЯТСКИЙ

Абу Саад Саид аль-Бурьяти, немесе Саид Бурятский (шын аты-жөні – Александр Тихомиров) – Ресей мен бұрынғы Совет елдерінде мәлім болған исламшыл уағызшы, Солтүстік Кавказдағы қарулы лаңкестік қозғалыс көсемдерінің бірі. Улан-Удэ қаласында туған, әкесі – бурят, шешесі – орыс.

Саид Бурятский 1990 жылдары Мәскеудегі «Расул Акрам» медресесінде, Орынбор облысындағы «Әл-Фурқан» медресесінде оқыған, Медине қаласынан келген араб мұғалімдерден дәріс алған.

Ол 2002 жылдан бастап өз уағызы жазылған дискілер мен үнжазбаларын тарата бастады. 2004–2006 жылдары бұрынғы Совет елдерін аралап, уағыз
Солтүстік Кавказдағы исламшылардың идеологы Саид Бурятский (Александр Тихомиров).
айтты. Жергілікті интернет-сайттардың хабарлауынша, Саид Бурятский Қазақстанда – Ақтөбе, Алматы, Шымкент және Атырау қалаларында мешіттерде уағыз айтқан.

Саид Бурятский 2008 жылы Солтүстік Кавказдағы лаңкестерге барып қосылған. Ол интернет арқылы таратқан насихатында Солтүстік Кавказдағы Ресей билігіне қарсы қарулы күресті ақтап, оны дінсіздерге қарсы «жиһад» деп жариялаған.

Ресей бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, Саид Бурятский 2010 жылдың наурызында Ингушетиядағы екікүндік рейд барысында 5 серігімен бірге өлтірілген. Ресей Федералды қауіпсіздік қызметінің мәлімдеуінше, бұл елде қараша айында 26 адамның өмірін қиған «Невский экспресс» жарылысына Тихомировтың тобының қатысы бар екеніне дәлелдер бар. Бұл шабуылға байланысты жауапкершілікті шешен бүлікшілері өз мойнына алған болатын.

БУРЯТСКИЙДІҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ «ІЗІ»

Қазақстандағы «лаңкестік» бабымен байланысты барлық шулы істерде Саид Бурятскийдің аты аталады. Саид Бурятский 2008 жылы Ақтөбе қаласында болып уағыз өткізген.

Естеріңізде болса, Ақтөбе қалалық №2 соты 2010 жылы 8 ақпанда Серік Ізтаев, Асхат Тұрқымбаев және Дәулет Есенбаев деген азаматтарды Дағыстан аумағында лаңкестік шараларын даярлағаны үшін айыпты деп тауып, 6 және 7 жылға соттаған еді.

Бұл үш азамат 2009 жылдың 24 шілдесінде «Қараөзек» өткізу бекетінде Қазақстан-Ресей шекарасынан өтіп жатқан кезінде «әкімшілік құқық бұзғаны үшін» ұсталған. Серік Ізтаев, Асхат Тұрқымбаев және Дәулет Есенбаевтар «ондағы мұсылмандардың қалай өмір сүріп жатқандығын өз көздерімен көріп қайту үшін Дағыстанның Хасавюрт қаласына бара жатқанбыз» деген болатын. Алайда мемлекеттік айыптаушы «бұл үш жас азамат Солтүстік Кавказдағы Ресей әскеріне қарсы соғысып жатқан исламдық топтарға қосылу үшін бара жатты» деді.

Үш жігіт те «Солтүстік Кавказдағы исламдық топтардың идеологы Саид Бурятскийдің идеяларына қызығушылық танытқан, Бурятский Ақтөбе келгенде оның лекцияларын тыңдап, содан соң оның веб-сайтының материалдарын оқыған» дейді айыптаушы. Бұл жігіттердің барлығы Ақтөбедегі «Нұрдәулет» мешітінің намазханадары болатын.

Сотта қару-жараққа, лаңкестік идеясын насихаттауға қатысты әңгіме болмаған. Сотталушыларға Дағыстандағы болашақта болатын лаңкестік шараларға қатысуы мүмкін еді деген айып тағылды.
XS
SM
MD
LG