Accessibility links

Қырғыздар бастаған Көшпенділер ойындарының қызығы мен қиындығы


V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында спортшылар якут халқының мас-рестлинг дейтін ойынында таяқ тартысып жатыр.
V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында спортшылар якут халқының мас-рестлинг дейтін ойынында таяқ тартысып жатыр.

Астанада бесінші Дүниежүзілік көшпенділер ойыны өтіп жатыр. 89 елдің спортшылары қатысатын көшпенділер мәдениетін тойлау шарасы алғаш Қырғызстаннан басталған. Бұл табиғи байлығы жоқ шағын мемлекет ғаламдық жоба ойлап таба алатынын көрсетеді.

Қырғыз халқының шертпелі музыкалық аспабы қомызды тартатын мың адам тауып, оларды бір жерге қалай жинауға болады?

Он жыл бұрын басталған Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ұйымдастырушыларына 2016 жылы осындай ерекше міндет жүктелді. Бұл шара көшпенді халықтардың музыкасы, мәдениеті мен ұлттық спортын көпшілікке танытып, бүкіл әлемнен туристер жинайды.

Қазір Астанада өтіп жатқан бесінші ойынға 89 елден 2500 спортшы тіркелген.

2014 жылы өткен бірінші, 2016 және 2018 жылдары жалғасын тапқан екінші, үшінші ойындарды Қазақстанға көршілес Қырғызстан ұйымдастырды. Билік бюджет тапшылығы кезінде мұндай шараға неге сонша қаржы жұмсау керегін түсіндіріп әлек болды.

2018 жылы Қырғызстанда өткен Көшпенділер ойындарының ашылу салтанаты.
2018 жылы Қырғызстанда өткен Көшпенділер ойындарының ашылу салтанаты.

2016 жылы жазда білім саласының маманы Бермет Тұрсынқұлова домбыраға ұқсайтын қомыз аспабын тарта алатын адамдарды шарқ ұрып іздеді.

"1000 адам қомыз тартуы керек деген идеяны кім айтқаны есімде жоқ. Бірақ маусымға қарай көп шаруа бітпеген екен", – дейді Тұрсынқұлова.

"Әріптесім Гүлнара Айтбаевамен сөйлестім. Оның үкіметтік емес ұйымы дәстүрлі мәдениетті сақтап қалуға жұмыс істейтін. Дирижер тауып, елдің шалғай өңіріндегі мектептерді қамти бастадық. Өйткені ансамбль мүшелері Қырғызстанның барлық өңірінен жиналғаны маңызды еді".

Бетіне қырғыз және өзбек туларын бейнелеп алған жанкүйер. Астана, 2024 жылғы қыркүйек.
Бетіне қырғыз және өзбек туларын бейнелеп алған жанкүйер. Астана, 2024 жылғы қыркүйек.

Аспапта ойнайтын адам табу – бір бөлек. Одан бөлек, бәрін әкеліп, тамақ беріп, киіндіру машақаты бар.

Бұл мәселені шешуге Қырғызстан үкіметінің серіктесі – Түркия әріптестік және үйлестіру агенттігі көмектескен.

2016 жылы 3 қыркүйекте Ыстықкөл облысының шығыс бөлігінде өткен екінші Дүниежүзілік көшпенділер ойынында мың қомыздың үні жиналғандарды бей-жай қалдырмады. Көрермендер ансамбльдің ұжым болып, бірге репетиция жасамағанын байқаған да жоқ.

"Шараны ұйымдастырып жүргенде, өзіме “Бұған неге келістім?” деген сұрақ қойған кездерім көп болды. Бәрі сондай қиын еді, көп мәселе соңғы сәтте шешілетін", – дейді Тұрсынқұлова.

"Бірақ ойынның ашылу салтанатында ансамбльдің өнерін көріп, еңбегіміз ақталды деп ойладым. Сол кезде шарада болған немесе теледидардан көрген адамдардың құйқа тамыры шымырлаған шығар".

2026 жылы көрермен дәл осы сезімдерді қайта бастан өткеруі мүмкін. Өйткені Қырғызстанның мәдениет министрі Алтынбек Мақсұтов 10 қыркүйекте журналистерге “2026 жылы көшпенділер ойыны туған жеріне оралады” деді.

КӨШПЕНДІЛЕР ОЙЫНДАРЫН КІМ ОЙЛАП ТАПҚАН?

Қырғызстанның спорт үйлестірушісі әрі туризм бойынша сарапшы Асхат Акибаевты көбі Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын ойлап тапқан кісі деп таниды.

Акибаев бұған келіспейді.

"Ойындарды көшпенді халықтардың ата-бабасы ойлап тапқан. Бұл ойындардың бәрі тарихта болған. "Басымызға алма түсіп ойлап тапқан нәрсе емес", – деді Акибаев. Ол биыл Қазақстандағы ойындарды ұйымдастыруға көмектесті.

Астанадағы халықаралық жарыста 13 қыркүйекке дейін қандай ойындар көруге болады?

Алда мас-рестлинг дейтін таяқ тартысу ойыны бар. Бұл ойын Сібірдегі якут халықтарынан келген. Жамбы ату да – танымал сайыстардың бірі. Одан бөлек, бүркітпен аң аулау сияқты ерекше өнерге куә боласыз.

Астанадағы Көшпенділер ойындарында қызмет етіп жүрген ерікті Қазақстан жалаушасын ұстап тұр.
Астанадағы Көшпенділер ойындарында қызмет етіп жүрген ерікті Қазақстан жалаушасын ұстап тұр.

Одан кейін физикалық күшті аса қажет етпейтін асық, Сахараның оңтүстігіндегі Африка елдері мен Таяу Шығыста тараған, мангалаға ұқсайтын ежелгі үстел ойынынан жарыс өтеді.

Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын жарыстың аңдатпасында жазылған көкпарсыз елестету мүмкін емес. Шетелдік аудитория тамашалайтын ойында тірі теке емес, оның қолдан жасалған терісі қолданылады.

2014 жылы алғашқы көшпенділер ойындарында дайындық жүріп жатқанда Акибаев дәстүрлі ойындар жергілікті халық пен туристерге қызық болмайды, Қырғызстанның жарыс өткізуге логистикалық мүмкіндігі мен инфрақұрылымы жоқ деген күмәнді көп естіген.

Сыншылардың көп сөзі тура келді. Халқын қарапайым дүниелермен қамти алмай отырған шағын елде осындай ірі шара өткізу дұрыс шешім болды ма?

Түркия спортшысы ат үстінде садақ атып келеді. Қырғызстан, 2018 жыл.
Түркия спортшысы ат үстінде садақ атып келеді. Қырғызстан, 2018 жыл.

Акибаев алғашқы үш көшпенділер ойындары кезінде 2012 жылы бірқатар дамыған мемлекетке берілген визасыз режим арқасында туристер саны көбейгенін айтады.

"Көшпенділер ойындарына 10 миллион доллар жұмсадық. Ойындар басталғаннан бұрын Қырғызстанға 2 миллион турист келетін, 2019 жылы соңғы ойындардан кейін олардың саны 6 миллионнан асты", – дейді Акибаев. "Өзімізге және бүкіл әлемге шағын мемлекет ғаламдық жоба жасай алатынын көрсеттік".

ҮЛКЕН ШАТЫРДАҒЫ КЕШ

Көшпенділер ойындарын өткізу неге керек деген талқылау Қырғызстанның әл-ауқаты жоғары көршісі Қазақстанда да болған. Алғашқы үш ойындарды қырғыздар ұйымдастырса, төртіншісі Түркия өткізді. 2026 жылы көшпенділер ойындары Қырғызстанға оралады.

Биыл көктемде Қазақстанда үлкен су тасқыны болды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев көшпенділер ойындарының бюджеті қысқарады деп мәлімдеді. Ал Астанада өтеді деп жоспарланған халықаралық форумнан мүлде бас тартты.

Көшпенділер ойындарына шамамен 12 миллион доллар кеткен. Ойындарды өткізуге ұлттық компаниялар да үлес қосқан.

8 қыркүйекте Бесінші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанаты өтті. Онда Қазақстанның бүкіл әлемге танымал әншісі Димаш Құдайберген өнер көрсетті. Ашылу салтанатында бишілер тобы, жарық пен драмалық музыка арқылы қазақ халқының тарихы көрсетілді.

Танымал әнші Димаш Құдайберген Астанадағы Көшпенділер ойындарының ашылу салтанатында.
Танымал әнші Димаш Құдайберген Астанадағы Көшпенділер ойындарының ашылу салтанатында.

"Өзім суретшімін, біздің хореографтар мен орындаушыларға риза болдым", – дейді ұлттық әшекей-бұйымдар мен тамақ сатылатын этноауылды аралап жүрген Әзиза Жоробек.

"Шетелдіктерге жас еріктілер көмектесіп жүргеніне де қуандым. Біздің адамдар ағылшын тілін жетік білмейді ғой", – дейді Жоробек. "Қазақстан осындай ауқымдағы үлкен жобаны қолға алғанын мақтан тұтамын".

Бірінші көшпенділер ойындары Ресейдің Қырымды тартып алып, Украинаның шығысында соғыс басталған кезге тұспа-тұс келді. Кейінгі жылдары Мәскеу мен Батыс елдерінің арасындағы шиеленіс күшейді.

Украина бұрын көшпенділер ойындарына спортшыларын жіберетін, бірақ бұл жолы жарысқа украиндер қатыспады.

V Дүниежүзілік ойындардың ашылу салтанаты: Ресей делегация.
V Дүниежүзілік ойындардың ашылу салтанаты: Ресей делегация.

2022 жылғы дерек бойынша, көшпенділер ойындары – Ресей мен АҚШ спортшылары бір аумақта өз туларымен сайысқа түсетін санаулы жарыстардың бірі.

2019 жылы Қазақстан президенті болған бұрынғы дипломат Тоқаев ашылу салтанатында қазақ тілінде сөз сөйлеп, спорт "құрмет пен бірлік символы" деді. Көшпенділер ойындары қазақ және ағылшын тілінде өтіп жатыр.

"Қазақстан әлемге бейбітшілігі мен бірлігі жарасқан ел ретінде танымал", – деді Тоқаев. "[Дүниежүзілік көшпенділер ойындары] халықаралық бірлікті нығайтуға көмектеседі деп сенемін".

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG