18-19 желтоқсанда Ресей Иранда шығарылған Shahed дрондарымен Украинаның Николаев облысы мен Киев қаласына шабуылдады. Ресей Азов теңізінің шығыс жағалауынан 35 дрон жіберген, оның отызын әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесі атып түсірді деді Украина әуе күштері. 16 желтоқсанда да Ресей Украинаға 98 зымыран ұшырған.
Shahed неліктен жиі қолданылып кетті? Ресей әскерилеріне не керек? Украинаға бір мезетте дрон мен зымыран ұшырған Ресей жаңа басқыншылықты зымыран шабуылынан бастауы мүмкін бе? "Настоящее время" арнасының осы және өзге де сұрақтарына әскери сарапшы Роман Свитан жауап берді.
– Бірнеше апта бойы Shahed шабуылы байқалған жоқ. Өткен аптада тағы басталды. Неге?
– Үлкен көлемде жаңа партия келгенге ұқсайды. Жалпы 35 машина болды, біздікілер оның отызын атып түсірді. Бұл кем дегенде жүз машина алынғанын білдіреді. Яғни, жалпы 500 дана партия бар, олар 30-40 Shahed төңірегінде жұмыс істейді деген сөз. Негізінен, түнде жұмыс істейді. Жаңа келісімшарт жасаған шығар және дрондардан кейін зымырандар да іске қосылуы мүмкін.
– Бұл шабуылдардың логикасын түсіндіріп беріңізші. Бұрын Украинаның әскери әуе күштері Shahed ракеталарын әуе шабуылына қарсы қорғаныстың назарын басқа жаққа бұру үшін керек екенін айтты. Ал екінші шабуыл нысаналарға жасалды. Қазір логика бұрынғыдай ма?
– Жоқ. Ресейліктер біздің әуе шабуылына қарсы қорғанысымыздың Shahed-ке қарамайтынын түсінді. Shahed бойынша негізінен Украина мемлекетінің периметрін жауып тұрған зенитті қондырғылар, ал зымырандар бойынша әуе шабуылына қарсы жүйе эшелондары жұмыс істейді. Сондықтан олар қазір зымырандар мен Shahed-ті осы аппараттар үшін ең тиімді уақытта пайдаланып жатыр. Зымырандар негізінен күндіз қолданылады. Кейбір зымыранның телекоммуникациясы, яғни, басқару жүйесі бар. Олармен күндіз жұмыс істеген ыңғайлы. Ал Shahed оларды бақылау бекеттері байқамай қалуы үшін негізінен түнде жіберіледі.
– Яғни, Shahed-ті Украина әскерилері көзбен көріп қана анықтауы керек пе?
– Тиімдісі әрине, солай анықтау. Shahed дрондарын негізінен зенитті қондырғылар, яғни, зеңбіректер, пулеметтар атып түсіреді. Бұл әуе шабуылына қарсы қорғаныс үшін қиын жүйе емес.
– Яғни, олар радарлардан байқалмай ма?
– Олар бүкіл жерден байқалады, бірақ олар бойынша мобильді топтар жұмыс істейді. Пулеметтен ату Shahed дронына қарағанда жүз есе арзан болғандықтан, бұл ең тиімді нұсқа болып отыр. Shahed-ті атуға одан ондаған есе қымбат зымыранды қолданудың еш мәні жоқ. Сондықтан зымыранға қарағанда, ондаған немесе жүздеген оқ пайдаланған тиімдірек.
– Ресей әскерилері зымыран барда неліктен дрондарды пайдаланып жатқанын түсіндіре аласыз ба?
– Ресейліктерде зымыран саны Shahed дрондарына қарағанда аз. Оның үстіне зымырандар Shahed-ке қарағанда салыстырмалы түрде ондаған тіпті жүздеген есе қымбат. Сондықтан қаржы жағынан және басқару жүйесі жағынан Shahed-ті қолданудың мәні бар. Оларда жоқ болған соң, Ираннан сатып алуға тура келіп жатыр.
– Дұрыс түсінген болсам, қазір Украина әскерилері Ресей Киевке шабуыл жасайды деп қауіптеніп отыр. Өткен аптада бұл туралы Валерий Залужный де, Дмитрий Кулеба да айтты. Сіздің ойыңызша, мұндай шабуыл расымен дайындалып жатса, ол 24 ақпандағыдай жойқын шабуылдан басталуы мүмкін бе?
– Кез келген шабуыл зымыран, бомба дайындығынан басталады. Бірақ қазір Беларусь жағынан шабуылды жасайтын ешкім және ештеңе жоқ. Міндеттерді орындауға аз да болса дайын Беларусь армиясы 15 мың адамнан аспайды. Әскери міндеттерді орындай алатыны осы.
Беларусь жағынан Киев немесе Черниговқа қандай да бір жойқын шабуыл жасау үшін Ресей әскерилеріне Беларусьқа 50 мың адам кіргізу керек. Ал Беларусь оккупация режиміне мобилизация жүргізіп, шамамен 35-45 мың адам табу керек.
– Ресейде мобилизацияланған адамдар барда, Беларусь армиясына қандай да бір ісшара жүргізудің қандай қажеті бар?
– Бәрі санға байланысты. Мобилизацияланған ресейліктер көп емес. Украинамен соғыс алаңында жүз мыңға татиды. Бәлкім, тура соншасы Ресей мен Беларусьте жүрген болар. Бірақ жұмылдырылуы мүмкін бұл 100 мың адам Беларуське жіберіліп, сол жақтан Киевке шабуыл бастай алады.
Бірақ бұл жеткіліксіз болады. Ішінара мобилизацияланған ресейліктер үлкен әскери міндеттерді орындай алмайды. Үлкен әскери міндеттерді өзара байланысқа түсе алатын әскери бөлімдер атқарады. Мұнда ресейліктер ішінара мобилизацияланғандармен өткізбеген өте көп жұмыс бар. Сондықтан Беларусь жағынан Украинаға шабуылдау шешімі қабылданса, міндетті түрде мобилизация мен Беларусь армиясы араласады. Себебі Беларусь армиясы ішінара мобилизацияланғандарға қарағанда аздап болса да дайындықтан өткен. Беларусь армиясын мобилизациялау және Ресей ішінара мобилизациялағанарды жіберу – бұл аралас құрам болады. Бұл жалпы алғанда 100 мыңнан асады. Мұның өзі қауіп төндіруі мүмкін. Бірақ бұл қозғалыстың бәрі бүгін басталған күннің өзінде ақпаннан ерте аяқталмайды.
– Әуе шабуылына қарсы қорғанысқа келсек, олар қазір зымырандар мен дрондарды атып түсіріп жатыр. Украинаның бұл жүйесі бәрін атып түсіре ала ма? Нысаналарға ешбір зымыран ұшып келмейтіндей етіп жүйені өзгертіп, жетілдіруге бола ма?
– Әлемде бәрін 100 пайыз атып түсіретін ондай жүйе жоқ. Көп болса, 95 пайыз, бірақ бұл жүйелер әскери нысаналардың мұндай санымен жұмыс істемейді. Шынайы әскери нысаналармен көп болса 90 пайызға барады. Әуе қорғаныс жүйесінің бар шамасы осы. Біз шамамен 80 пайызын атып түсірдік, яғни, тағы 10 пайыз қалды. Одан кейін техникалық мүмкіндіктеріміз болмайды. 100 пайызға жетудің ең тиімді жолы зымырандарды Украина жеріне жеткізбей, өндірісте, жіберілгелі тұрған жерінен немесе қоймаларда атып түсіру. Яғни, іске қосу құрылғыларын жою керек. Мысалы, Қара теңіздегі кемелер "Ескендір" зымырандарын ата алады. Беларусьте Ту-95, Ту-22М3 және Ту-160 ұшақтарын жоюға болады. Дұрыс жолы осы.
ПІКІРЛЕР