Accessibility links

Машрапов Стамбул шабуылының күдіктісі болмай шықты


Стамбулдағы Reina түнгі клубына жасалған шабуыл құрбандарының суреттері алдына гүл қойып жатқан ер адам. 3 қаңтар 2017 жыл.
Стамбулдағы Reina түнгі клубына жасалған шабуыл құрбандарының суреттері алдына гүл қойып жатқан ер адам. 3 қаңтар 2017 жыл.

Қырғыз билігі бұған дейін төлқұжатының суреті түрік және италиялық баспасөз құралдары мен әлеуметтік желіде жарияланған Яхъе Машрапов Стамбулда түнгі клубта болған терактіге күдікті саналмайды деп хабарлады.

Стамбулдағы түнгі клубқа жасалған қарулы шабуыл туралы шетелдік ақпарат құралдарының жарияланымдарында төлқұжатының фотокөшірмесі басылған Яхъе Машрапов қазір Қырғызстанда деп хабарлады Қырғызстан мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің (МҰҚК) ресми өкілі қаңтардың 3-і күні Азаттық радиосына. МҰҚК ресми өкілі Рахат Сулаймановтың сөзінше, түрік және қырғыз тергеу орындары Машраповтан жауап алған. Рахат Сулеймановтың айтуынша, Қырғызстанның Ош облысы Қара-Суу кентінде тұратын қырғыз кәсіпкері Машрапов Бішкекке Стамбулдан қаңтардың 3-і күні ұшып келген. Сулеймановтың ақпараты бойынша, Машрапов шекарадан өткен кезде пайдаланған төлқұжаты еш күмән туғызбайды. Сонымен бірге МҰҚК өкілі түрік полициясы Машраповтан жауап алғандықтан Бішкекке ұшатын ұшақ Стамбул әуежайында кестедегі уақытынан бір сағат бөгелгенін айтты.

Қырғызстандық Turmush.kg сайтына қаңтардың 3-і күні берген түсініктемесінде Яхъе Машрапов төлқұжатының фотокөшірмесі әлеуметтік желілерде қалай пайда болғаны өзін жұмбақ екенін айтқан.

Түркия билік орындары қаңтардың 1-іне қараған түні Стамбулдағы түнгі клубқа шабуыл жасаған адамды іздестіріп жатыр. Автоматпен қаруланған белгісіз ер адам жаңа жыл түні Ортакой ауданындағы Reina клубына баса-көктеп кіріп, ондағы бірнеше жүз адамға жаппай оқ жаудырған. Салдарынан кемінде 39 адам қаза тауып, 69 адам жараланған. Қазаға ұшырағандар арасында оннан астам елдің азаматтары бар. Қаңтардың 3-і күні Ирак, Иордания, Израиль, Ливан, Ливия, Марокко, Сауд Арабиясы, Тунис пен Түркияда шабуыл құрбандарын ақтық сапарға шығарып салды. Мерт болғандар арасында Бельгия, Германия, Канада, Үндістан мен Ресей азаматтары бар.

Полиция Стамбулдағы түнгі клубқа жасалған қарулы шабуылға күдікті санайтын адамның суреті.
Полиция Стамбулдағы түнгі клубқа жасалған қарулы шабуылға күдікті санайтын адамның суреті.

Түркияның Anadolu мемлекеттік ақпарат агенттігі қаңтардың 3-і күні тергеу аясында 14 адам ұсталғаны туралы хабарлады.

Шабуылға жауапкершілікті «Ислам мемлекеті» экстремистік ұйымы мойнына алатынын мәлімдеген. Ол бұл шабуылды Сириядағы жанжалға әскерін жіберіп араласқаны үшін Түркиядан кек алу деп атаған.

Reuters агенттігі сілтеме жасаған қауіпсіздік күштеріндегі аты-жөні аталмаған ақпарат көзі шабуыл жасаушының әскери іс-қимылдан тәжірибесі болуы әбден мүмкін және ол бірнеше жыл Сирияда соғысқан болуы ықтимал деген болжам жасаған.

ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАН ШЫҚҚАНДАРДЫҢ ҚАТЫСЫ БАР МА?

Әлеуметтік желі жазбаларындағы Қырғызстан азаматы төлқұжатының фотокөшірмесіне жұрттың назар аударуына және бір себеп – желі қолданушыларының көпшілігі қырғыз кәсіпкері мен қаңтардың 3-і күні интернетте тараған видеоға өзін-өзі (селфи) түсірген адамды сырттай ұқсатқан. Стамбулдың Таксим алаңында кетіп бара жатып видеоға өзін түсірген әлгі адам бейнебақылау камераларына да түсіп қалған. Түркия полициясы оны түнгі клубқа шабуылға күдікті ретінде іздестіріп жатыр.

«Ислам мемлекеті» және өзге топтар мүшелерінің жүріс-тұрысын жасыру және өз қатарына жаңадан адамдар тартқанда арнайы қызметтердің көзіне түсіп қалмас үшін көбінесе ұрланған төлқұжаттарды пайдаланады.

Түркиялық БАҚ жариялаған төмендегі видеода Стамбулдағы түнгі клубқа жаңа жыл түні жасалған шабуылға күдікті саналатын ер адам бейнеленген. Бас-аяғы 45 секундқа жалғасатын видеода Стамбулдың орталығындағы Таксим алаңынан өтіп келе жатқан жігіттің бейнесі бар. Бұл дыбыссыз видеоны түрік телеарнасы қаңтардың 2-і күні көрсеткен. Видеоның қашан түсірілгені белгісіз. Видеодағы адам түрік полициясы қаңтардың 1-і күні іздеу жариялап, БАҚ-тарға суретін берген күдіктіге ұқсайды.

Стамбулдағы түнгі клубқа шабуылға күдіктінің видеосы
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:45 0:00

Түркия үкіметінің баспасөз хатшысы Нуман Куртулмуш қаңтардың 2-і күні билік орындары түнгі клубта оқ атқан адамның кім екенін анықтауға жақын қалғаны және шабуылдаушының саусақ іздерін де тауып отырғаны туралы мәлімдеген. Түркиялық БАҚ түнгі клубқа шабуыл жасаған адам – Орталық Азиядан шыққан болуы мүмкін деген болжам барын айтып жатыр. Бірақ аты-жөні айтылмаған түркиялық лауазым иелері немесе арнайы қызмет өкілдерінен алынған ақпаратқа сүйенген жаңалықтарда Стамбулдағы шабуылға Орталық Азиядан шыққандардың қатысы барын растайтын мәліметтер жоқ.

Түркиялық Hurriyet газетінің шолушысы Абдулкадир Селви шабуылдаған адамның кім екені анықталғаны және тергеушілер оны Орталық Азиядан шыққан деп санайтыны туралы хабарлаған. CNN Turk телеарнасы тергеушілер болжамы бойынша күдікті – қырғыз азаматы деп мәлімдеген. Қаңтардың 3-і күні Dogan ақпарат агенттігі Конья қаласында полиция түнгі рейд кезінде күдіктінің әйелі деген болжаммен бір әйелді ұстағаны туралы хабарлады.

Шабуыл жасалған түнгі клубтың қасында тұрған полиция жасағы. Стамбул, 2 қаңтар 2017 жыл.
Шабуыл жасалған түнгі клубтың қасында тұрған полиция жасағы. Стамбул, 2 қаңтар 2017 жыл.

Түркия үкіметі қаңтардың 2-і күні арнайы рейдтер барысында сегіз адамның ұсталғаны туралы мәлімдеген. Оның ертесінде түрік БАҚ-дары ұсталғандардың саны 12-ге жетті деп хабарлаған.

Қарулы адам Reina клубына кіре берісте полиция қызметкері мен тағы бір адамды атып өлтірген. Содан кейін ғимараттың ішінде Жаңа жылды тойлап жатқан адамдарға оқ жаудырған. Ол қаруын бірнеше рет қайта оқтап, жерде жатқан жаралыларды да атқан.

Түркиялық Haberturk агенттігі сөзін келтірген түнгі клуб барменінің айтуынша, шабуыл жасаған адам адамдарға оқ жаудырып тұрып бірнеше рет жарылғыш зат лақтырған. Бұл оның қаруды қайта оқтар кезде адамдардың есін жиғызбас үшін жасаған амалы болуы мүмкін деген болжам айтылады. Reuters агенттігіне бірнеше куәгер түнгі клубқа шабуыл кезінде жарылыс дыбыстарын естігендерін айтқан. Түнгі клубқа жасалған шабуылдың видеосын көрген кей сарапшылар қарулы адам әскери дайындықтан өткен деген тұжырым жасаған.

Түркияда соңғы бір жылда қантөгіске әкелген ондаған террорлық шабуыл жасалды. Олардың арасында Стамбул халықаралық әуежайына жасалған шабуыл да бар. Түркия билігі бұл шабуылдарға «Ислам мемлекеті» экстремистік тобы мен күрдтердің қарулы жасағын айыптайды.

XS
SM
MD
LG