Жасырын курьерлер Қырғызстаннан қап-қап миллиондарды қалай шығарған?

3 Желтоқсан 2019
RFE/RL, OCCRP, and Kloop

Қырғызстанда бірнеше жылдан бері елден миллиондаған доллар ақша шығарумен айналысқан жасырын курьерлер жүйесі жұмыс істеген. Жемқорлыққа белшесінен батқан бұл «қызмет» талай адамның өмірін алған. Азаттықтың Қырғыз қызметі, OCCRP және Kloop Қырғызстанда ақша тасушы курьерлердің қалай жұмыс істейтінін (қалай өмірімен қош айтасатынын) көрсететін зерттеу жариялады.

Хусан Керимов өмірінің соңғы күндері 1,6 миллион долларды діттеген жеріне жеткізбек болған. 2019 жылдың 22 қазаны кешкісін ол Бішкектегі «Манас» әуежайына бет алған. 39 жастағы таксист мұндай тапсырманы орындауға машықтанып алған.

Ақшаны тапсырудың әр сағаты өлшеулі. Ол берілген нөмерге хабарласып, терминалда бір адаммен жолығып, ақшаны алып, Стамбулға ұшып кететін. Ұшар алдында ол сельфиге түсіп, ақшаны алғанын білдіріп, есеп ретінде кураторына жолдайтын. Бірақ сол түні оның кураторы сельфиді ұзақ күтті, әдеттегі фото оған келген жоқ. Керимов із-түссіз жоғалып кетті.

Хусан Керимов (Фото: Facebook)
Хусан Керимов (Фото: Facebook)

Оның кураторының есімі – Айеркен Саймаити. Ол ақша жымқырудан әккі еді. 37 жастағы Саймаити курьерлер жүйесін құрған. Керимов – ақша толған сөмкені алып Бішкектен Стамбулға ұшқан оннан астам жұмысшының бірі ғана. Әр сөмкеде жүздеген мыңнан миллион долларға дейін болған.

Саймаити құрған топ көп жылдар бойы құпия түрде жұмыс істеген.

Оқи отырыңыз Жымқыру мен қорғаштау. Ірі жемқорлықты әшкерелеген кәсіпкерді атып өлтірді

Азаттық радиосы Қырғыз қызметі, OCCRP және Kloop сайтының журналистері зерттеу жүргізіп, декларацияларды, ұшақ сапарларын, шекара қызметінің жазбаларын және басқа да құжаттарды тексеріп, көп интервью алып, бұл істің анық-қанығын тексерді.

Саймаитиді 10 қарашада Түркияның Стамбул қаласында белгісіз біреулер атып өлтірген. Ол көзі тірісінде журналистерге жасырын деректерді беріп, оған қоса Қырғызстан кеден қызметінің жоғары лауазымды шенеунігі Раим Матраимов пен ұйғырлардың көлеңкелі бизнес желісін тауар деректерін бұрмалап рәсімдеу және салықтан жалтару жолымен 700 миллион доллар заңсыз пайда тапқан деп айыптаған болатын. Бұл ақшаның көбі Қытайдан шыққан этникалық ұйғыр, Қазақстан азаматының төлқұжатына ие Хабибула Әбдіқадыр басқаратын кланға тиесілі.

Саймати жасырын ақша шығарған топтың тек бір мүшесі болған. Бұл топ әр апта сайын түрлі тексерістерді айналып өтіп, Қырғызстаннан миллиондаған долларды шығарып отырған.

Құжаттардан курьерлердің Қырғызстаннан 77 миллион доллар алып шыққанын көруге болады. Шынайы сома бұдан да көп болуы мүмкін.

Саймаитидің сөзінше, жылдар бойы оның адамдары елден миллиардтан астам доллар шығарған. Курьерлер негізінен Қырғызстандағы базарлардың Қытай мен Түркиядан тауар әкелетін саудагерлеріне қызмет көрсеткен. Базардағы сауда – елдің негізгі табысы. Мұндай әдіс Қырғызстан заңына қайшы. Кеденнен түсетін табысты азайтады.

Cаймаити Стамбулға келгенге дейін өзінің курьерлері арқылы Хабибула Әбдіқадырдың отбасына Қырғызстаннан ақша шығарып отырған. Ол журналистерге куьерлер, банк аударымдары қалай жұмыс істегенін айтуға бел буды.

Коллекторлар

Хусан Керимов жұмыс кезінде із-түссіз кеткен жалғыз курьер емес. Ол жоғалардан бір апта бұрын Бішкектен шалғай жатқан Қырғызстанның жұпыны әрі тұрғыны аз Нарын облысында 37 жастағы Хуфур Абдурахеман есімді саудагердің мәйіті табылды.

Абдурахеман оған дейін бірнеше апта бұрын Бішкектегі «Мадина» базарындағы жұмысынан шығып, қайта оралмаған. Бастығының айтуынша, ол контейнерде мата сататын.

Бірақ ол жай ғана сатушы емес еді. Саймаити мен өзге де дереккөздердің айтуынша, Абдурахеман басқа саудагарлерден шетелден тауар әкелу үшін ақша жинайтын. Танысының сөзіне қарағанда, Абдурахеман базардағы кафеде ұзақ уақыт аспаз болған және діни шарттарды орындап, өзге саудагарлердің сеніміне кірген.

«Ол қари болатын, – деді жігіт Құранды жатқа оқитынын меңзеп. – Оның [үйінде] Құран коллекциясы бар еді. ... Қари болғандықтан жергілікті ұйғырлар оның алдамайтынына сеніп, ақшаларын сейфте [кафеде] сақтайтын».

 Хуфур Абдурахеман жұмыс істеген дүкен. Ол ақшаны осы жерде сақтаған (Фото: Роман Мирзайтов)
Хуфур Абдурахеман жұмыс істеген дүкен. Ол ақшаны осы жерде сақтаған (Фото: Роман Мирзайтов)

«Сондай жұмыспен айналысқан. Мысалы, мен Қытайға 50 мың доллар шығару керек десем ол 50 доллар [ақы есебінде] алады» деді ол.

Қаза табар күні Абдурахеман Бішкек жанында орналасқан Орталық Азиядағы ең ірі базар – «Дордойға» барған. «Дордой» саудагерлері контейнерде іш киімнен бастап жиһазға дейін неше түрліні сатады.

«Дордой», «Мадина» сынды немесе Кара-Суу қаласының оңтүстігіндегі базарлар – қырғыз экономикасының жүрегі. Дүниежүзілік банктің 2012 жылғы есебіне қарағанда, осы базарлардан өтетін қаржы – елдегі ішкі өнімінің «33 пайызы».

Тауар ақысын төлеу үшін көп саудагер шетелге өздері барғанды дұрыс көреді. Осының арқасында олар «Вестерн Юнионға» немесе банктерге төлейтін комиссиядан, ресми тексерістерден айналып өтеді.

Кейбір саудагер шетелге өздері барып, тауарды өздері сатып алатын. Уақыт өте келе бейресми және заңсыз болса да стандартты жүйе қалыптасты. Бұл жүйе Қырғызстан базарларының ажырамас бөлігіне айналды. Дереккөздер оны былай сипаттайды: аптаның белгілі бір күні коллекторлар саудагерлерден ақша жинайды, кейін курьер оны қажетті жерге жеткізеді. Аспаз Абдурахеман сол ақша жинаушылардың бірі болған.

«Бұдан былай адамдар [тауар сатып алу үшін] ақшасын курьер арқылы жібереді» дейді Саймаитидің бұрынғы курьерлерінің бірі болған адам.

Оның сөзінше, саудагерлер шетелге шықпайды.

«WhatsApp арқылы түрік дүкендерінен тауарыңды таңдайсың, сатып аласың және тапсырыс бересің».

Осы зерттеуге қатысты сұхбат бергендердің көбі жасырын қалуды өтінді. Олар кейінгі күндеріне алаңдайды.

Ақша жиналған соң [әрқашан АҚШ доллары] оны қаптап, сыртында сомасы қанша екенін көрсететін жапсырмасын таңбалап тастайды. Жапсырмаға қай саудагердің ақшасы екенін білдіретін код жазылады.

Базар саудасы маңында жұмыс істейтіндердің көбіне курьерлердің әуежайдағы жұмысы құпия мәлімет емес.

«Саяхаттайтын және сәлемдемені ары-бері таситын адам көп. 100-150 жігіт осы жұмыспен тұрақты айналысады. Әуежайға барсаңыз кімнің не істейтінін байқар едіңіз. Адамдар өмір сүру үшін осылай ақша табады» дейді Саймаити курьерлерінің тағы бірі.

Курьерлер

Бішкектегі «Манас» әуежайы курьер жүйесінің негізгі өзегіне айналған. Қала базарларындағы қаржы осы жерге ағылады. Осы жерге Қырғызстанның өзге қалаларынан да, мәселен Кара-Суу оңтүстік базарынан да ішкі рейстермен ақша келеді.

Кейде ақшаны бір курьер алып келіп, екіншісіне береді. Ол шетелге кетеді (Керимов оқиғасындай). Кейде бір адам ішкі рейспен жетеді де, халықаралық рейсті күтеді. Курьерлердің бірі келесі ұшақты 15 сағат күткенін айтты.

Саймаити бірде Стамбулда журналистермен кездесіп отырғанда ақша аудару мәселесіне байланысты қоңырау шалған адамдармен жиі сөйлесті. Өзінің курьерлер жүйесін осылай қадағалап отырды. Сол кездесуде ол журналистерге курьерлері толтырған бір бума декларацияны көрсетті.

Орта есеппен алғанда курьер бір барғанда 1 миллион доллар әкеткен. Бір жүрістегі ең қомақты сома – 2,9 миллион доллар.

Журналистер өзге дерекөздердің ақпаратынан 2018 жылдың мамыр айында ғана 28 миллион доллардың тасымалданғанын тапты.

Ұшып-қону деректері бес курьердің биыл қаңтар-наурыз айлары аралығында 72 рет ұшқанын көрсетті. Бірақ олардың қанша қаржы алып жүргені белгісіз.

Курьерлердің Қырғызстаннан шығарып алып кеткен ақшасы журналистер құжат түрінде анықтай алған сомадан әлдеқайда көп екені анық.

Саймити декларацияларының әрбірінде курьердің аты, барған уақыты және шын болмаса да ақша сомасы көрсетілген. Біз сұхбаттасқан адамдардың ешқайсысы бір рет те ресми тұлғалардың біреуі оны тексеруге тырысқаны жөнінде ештеңе демеді.

«Шаруалар сияқты өмір сүреміз»

Курьерлердің көпшілігі ақшаны өз қаражаты ретінде көрсеткен. Қырғызстан әділет және қаржы министрліктеріндегі дерек бойынша, олардың иелігінде көп ақшаның бар екенін көрсететін компания болмаған. Бұл Саймаитидің «олар өзге біреудің ақшасын тасыған» деген сөзін растайды. Қауіпті жұмыс үшін курьерлер аз ақша алған. Кейде бір сапар үшін 500 сом (70 доллар) ғана алған кездері болған, ал кейбіреулер 200 долларға дейін ала алған (Қырғызстанда орташа жалақы мөлшері – 240 доллар).

«Басқа жұмыс жоқ. Өзіміздің ештеңе жоқ, тіпті бизнес те жоқ. Шаруалар сияқты өмір сүреміз» дейді курьерлердің бірі.

Ақшаны тасыған бұл сияқты адамдардың туыстары оның немен айналысып жүргенін білмейді. «Олар білген болса, алаңдайтын еді» дейді ол.

Кейбір курьерлер такси болып жұмыс істеген немесе өзге іспен айналысқан. Бір анығы оларды Қырғызстандағы кедей әрі жұмыссыздардың ішінен таңдап алған.

Осы тұста «Неге курьерлер ол ақшаны өздеріне алып қалмаған?» деген сұрақ туады. Бір себебі, курьерлердің көбі базардағы басқа адамдармен жақсы араласқан.

Қырғызстанның оңтүстігіндегі базарларда жұмыс істеген Саймаитидің бұрынғы курьерлерінің бірі Кара суудың өте шағын жер екенін айтады.

«Мұнда бәрі бір-бірін жақсы таниды. Менің отбасым осында тұрады. Өзге адамдар үйімнің мекенжайын да жақсы біледі. Бұдан бөлек, туыстарымның дүкені де жақын маңда. Қарындасымның дүкені бар. Бәріміз сауданың арқасында өмір сүреміз» дейді ол.

Өзге бір курьер моральдық, діни көзқарастарды дәлел ретінде ұсынды. Айтуынша, біреудің ақшасын алып қалу ойына да келмеген. «Аллаға сенеміз, бұл күнә болар еді. Ол үшін о дүниеде жауап берер едік. Сондықтан бізге адал еңбекпен тапқан ақша ғана керек» дейді курьер.

Кедендегі жемқорлық

Саймаити саудагерлерден курерьлер арқылы жіберілген әрбір 10 мың доллардан 25 доллар сыйақы комиссия ұстап отырғанын айтты. Демек, жөнелтілген әр миллионнан 2500 доллар тауып отырған. Бірақ бұл ақшаның көп бөлігі өзге шығындарға жұмсалған. Мәселен, оның бір бөлігі курьерлердің еңбегі мен ұшақ билетіне кеткен. Оның айтуынша, әр 10 мың доллардың 10-12 доллары кеден қызметкерлеріне берілген.

Бұл жұмыстың жүруіне кеденшілер көмектескен.

Курьерлердің барлығы кеденде декларация толтырып, қолма-қол ақша күйінде тасымаған. Кейде ақшаны ұшақпен қол сөмкеге салып тасыған. Сыбайласқан кеден қызметкерлері оларды байқамаған сыңай танытып отырған.

Саймаити ұсынған мына суреттегі чемодандар курьерлер шекарадан алып шығуға дайындалған. Барлығы ақшаға толы.

Ақша салынған чемодандар. (Сурет: Айеркен Саймаити)
Ақша салынған чемодандар. (Сурет: Айеркен Саймаити)

«Манас» әуежайындағы ішкі қауіпсіздік қызметінің бұрынғы бастығы Самат Исабеков «бұған барлығы көз жұмып қарады» дейді.

«Біз «Манас» әуежайынан ақшаның тұрақты түрде тасымалданып жатқанын көзімізбен көрдік. Біз түсірген бейнежазбалар оған дәлел бола алады» дейді Исабеков.

Самат Исабеков (Фото: RFE/RL)
Самат Исабеков (Фото: RFE/RL)

Әуежайдың бұрынғы қызметкерінің бақылауынша, оның жұмыс уақытында курьерлер апта сайын «Манас» арқылы бір ғана Қытайға контрабандалық жолмен 30-40 миллион доллар өткізіп отырған. Сөзінше, қолма-қол ақшаны Қытайдың Шыңжаң аймағының орталығы Үрімжіге баратын рейспен тасыған.

«Әуежайда ақшаны жасыру қиын. Жүк рентгеннен өткенде кеден қызметкерлері сөмкенің ішінде не барын жақсы біледі. Үрімжіге ұшатындарды мұқият тексереді. Ал ірі кәсіпкерлер кеден қызметімен алдын ала байланысып, «қай күні, қандай рейспен, қанша ақша жөнелтетінін» ескертіп, айтып отырған» дейді Исабеков.

Бұл параны өз ішінде бөліске салған.

«Әр миллионнан шенеуніктердің 2000 доллар алып отырғанын естідім. Ал нақты білетінім, кеден қызметі ол сомадан 1000 доллар ұстап отырды» дейді Исабеков.

Айтуынша, қалған ақшаны өзге бөлімдер мен мемлекеттік органдар бөліскен.

Тоқтатылған тергеу

Басқа ведомства өкілдері кеден қызметкерлерін «елден ақша шығару ісін тергеуге мүмкіндік бермеді» деп айыптайды.

Шекара қызметінде экс-өкілдері майор Айбек Камчыбеков («Манас» әуежайында істеген) пен аға лейтенант Марлис Осмонбеков 2018 жылдың соңында қылмыспен жүйелі түрде күресуге тапсырма алғандарын айтады. Бірақ кейін басшылық оларды «жас патриоттар» деп атап, тыныш жүру керегін айтқан.

Осмонбековтің сөзінше, олар әуежайдағы заңсыз әрекеттерді тергей бастағанымен, кейін оны тоқтатуға мәжбүр болған.

«Курьерлер елден ай сайын 10-15 рет шығып отырған» дейді Камчыбеков.

Айбек Камчыбеков («Манас» әуежайында істеген) пен аға лейтенант Марлис Осмонбеков Азаттықтың Қырғыз қызметіне сұхбат беріп отыр.
Айбек Камчыбеков («Манас» әуежайында істеген) пен аға лейтенант Марлис Осмонбеков Азаттықтың Қырғыз қызметіне сұхбат беріп отыр.

Камчыбеков пен Осмонбеков бірнеше ай бойы қырғыз кедені басшысының орынбасары Раимбек Матаримовке жұмыс істеген курьерлерді анықтағандарын айтады. Офицерлердің сөзінше, курьерлердің қолында ешқандай құжат болмаған.

«Олардың жалғыз құжаты – Раим Матраимов және оның аты. Олар Матраимовтың атын атаумен болды» дейді Осмонбеков.

Кейін Камчыбеков пен Осмонбеков жұмыстан қуылды. Маусымда әлеуметтік желіде курьердің паспортының суреті мен кеден декларациясы жарияланып, жазбада курьерлер Матраимовке тиісті ақшаны елден шығарып жатқаны жазылған. Камчыбеков пен Осмонбеков бұл суретті жарияламағандарын айтады. Шекара қызметі оларды осы сурет үшін уақытша жұмыстан шығарған. Шілдеде екеуі жеке бас қауіпсіздіктері үшін Қырғызстаннан кетіп қалды. Қазір қырғыз шекара қызметі олардың үстінен елден қашты (дезертирлік) деген айыппен тергеу бастады.

Маскадағы адам

Бірнеше апта бұрын тапсырманы орындау кезінде Керимовке шабуыл жасалды. Ол бір қап ақшамен үйіне келген кезде бірнеше адам шабуылдап, оқ атып, ақшаны тартып алмақ болған. Кейін Керимов пен оның көршісі шабуылдағандарды қуады. Ақшаны алып қашқандар қаржының бір бөлігін бүлдіріп алған.

Ал Керимов қоңырауға жауап бермеген соң ағасы оны іздей бастады. Әуежайға келгенде ол автотұрақтағы Керимовтің «Хонда-Аккорд» көлігін көрген. Терминалға кіріп, бауыры туралы сұрағанымен, оны таппаған. Кейін ол бауырының жоғалып кеткенін айтып, полицияға шағымданған.

Кейін Керимовтің мәйіті әуежайдың автотұрағында тұрған көлігінің жүк салғышынан табылған. Қолы байлаулы, денесінде соққы іздері бар еді…

Камерадағы жазбалардан Керимовтің әуежай терминалына кірмегені байқалады. Бірақ видеоға медициналық маска киген адам түсіп қалған. Тағы бір камерада Оштан келген маскалы курьер ақ сөмкемен терминалға кіргені аңғарылады. Ақша салынған сөмке Керимовке қалай берілгені белгісіз. Бірақ камерадан маска киген ер адам сөмкені алып шығып, жүгіріп бара жатқаны көрінеді.

Керимовтің қалай көз жұмғаны белгісіз.

«Байқұс бұл жолы ақшаны да, өмірін де сақтап қала алмады» деді Саймаити…