15 қазанда Сооронбай Жээнбеков Қырғызстан президенті қызметінен отставкаға кетті.
Ол билікте болған үш жылда көп нәтиже көрсете алмады. Ақыры ел ішіндегі өзіне белгілі мәселелерді шеше алмауынан отставкаға кетуге мәжбүр болды.
Жээнбеков дәуірінің аяқталуы Қырғызстанда 4 қазанда өткен парламент сайлауынан басталды.
Әкімшілік ресурстар мен дауыс сатып алудың арқасында сайлауда билікке жақын деген "Биримдик" және "Мекенім Қырғызстан" партиялары жеңіске жетті. Жээнбековтің ағасы Асылбек сайлауда ең көп дауыс (24,9 %) жинаған "Биримдик" партиясының үміткері болды.
"Жээнбеков, кет!" Бішкектегі наразылық (6 қазан 2020 жыл)
Жээнбеков 22 тамызда Қырғызстанның Бірінші радиосына берген сұхбатында "сайлауалды науқан кезінде әкімшілік ресурстар қолданылып жатыр" деген шағымдарды жоққа шығарып, "мұндай шаралардың бәрібір маңызы болмайды" деген пікір айтқан.
"Біздің қоғамның ашықтығы соншалық, әкімшілік ресурстар қолдану сияқты процестерді жасыру мүмкін емес" деген Жээнбеков.
Расында бұл процестер сайлаудан кейін наразылыққа шыққан Қырғызстан азаматтарының назарынан тыс қалмады. Олар "Биримдик" партиясының сайлауда көп дауыс жинауын әкімшілік ресурстардың қолданылуынан деп түсінді.
"ТАҢҒАЛАРЛЫҚ ЖЕҢІС"
Қалай болғанда да, Жээнбековтің пікірі қызық көрінді. Өйткені көп адам оның 2017 жылғы президент сайлауындағы жеңісін сол кездегі президент Алмазбек Атамбаевтың қолдауымен байланыстырады.
2017 жылғы президент сайлауынан бірнеше ай бұрын жүргізілген сауалнамада Жээнбеков нашар нәтиже көрсеткен. Барлық сауалнама кезінде ол небәрі он пайыздан төмен қолдауға ие болған. Ал оның негізгі қарсыласы Омурбек Бабанов Жээнбековтен 20 не одан көп пайызға алда жүрген.
Сайлаудың бірінші кезеңінде Жээнбеков 54,67 %, Бабанов 33,77 % дауыс жинады. Бақылаушылар бұл нәтижені "Жээнбековтің таңғаларлық жеңісі" деп атады.
"ДАУЫС САТУ – ӘРКІМНІҢ ӨЗ ШЕШІМІ"
Биыл 4 қазанда өткен парламент сайлауы қарсаңында азаматтардың дауысын сатып алу және сайлауалды науқан басталардан бұрын №2 форма деп аталатын сайлаушыларды тіркеу құжатын заңсыз пайдалану фактілері туралы хабар тарай бастады.
Жээнбеков мұндай айыптаулар туралы естігенін бірнеше рет қайталағанымен, бұл айыптауларды растайтын дәлел көрмегенін алға тартты.
Қырғызстан президенті 5 қыркүйекте Бірінші радиоға берген сұхбатында дауыс сатып алу туралы сұрақтан тағы да жалтарып, "дауыс сату – әркімнің өз шешімі" деген пікір айтқан.
Ол президент ретінде бұл әрекеттің "заң мен сайлау ережесіне қайшы келетінін" айтса, сайлаушыларға парламенттің алдағы бес жылда жұмыс істейтін құрамы таңдалып жатқанын, бір-екі аптада таусылатын ақшаға бола дауыс сату ешкімге пайда әкелмейтінін ескертсе болар еді.
Жээнбековте жаппай наразылық басталмай тұрып, бұл мәселелердің алдын-алуға мүмкіндік болды. Бірақ ол сайлауда заңбұзушылықтарға жол берілгенін растайтын дәлелдер барын жоққа шығарып, дауысын сатқан адамдарға немқұрайды қарады.
Сайлау нәтижесі жарияланған кезде бұл заңбұзушылықтардың "Биримдик" және "Мекеним Қыргызстан" партияларына жеңіс алып беру үшін жасалғаны белгілі болды. Бұл партияларды әкішілік ресурс пен дауыс сатып алу шараларымен жиі байланыстырады.
Сайлаудан кейінгі наразылықтар үкіметті биліктен тайдыруға әкеп соққанда, Жээнбековтің президент қызметіндегі күндері аяқталуға жақындады.
Жээнбековтың биліктен кетуіне жауапты адамдар осыған дейін БАҚ өкілдерінің Қырғызстан президентіне ұйымдасқан қылмыс пен жемқорлық мәселесіне қатысты қойған сұрақтарында аттары аталған тұлғалар болуы мүмкін.
2019 жылы қарашада Жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығы (OCCRP), Қырғызстандағы тәуелсіз Kloop басылымы және Азаттықтың Қырғыз қызметі бірлесіп дайындаған зерттеу материалында Райымбек Матраимов пен оның отбасының заңсыз әрекеттері мен қылмыстық байланыстары ашылды.
Бұл материал Бішкекте наразылық тудырып, парламент комитеті мәселені үстіртін зерттеуге кірісті.
Нәтижесінде ешқандай шара қолға алынған жоқ.
17 қыркүйекте Жээнбеков Қырғызстан қауіпсіздік кеңесінің отырысында "жемқорлыққа қарсы күрес жалғасатынын" мәлімдеген.
Бірақ Қырғызстан қауіпсіздік кеңесі хатшысының орынбасары Омурбек Суваналиев Жээнбековке жемқорлыққа қарсы күрес жөнінде дұрыс ақпарат жетпегенін айтқан. Оның сөзінше, президент айналасындағы адамдардың құрбанына айналған, сондықтан оның жемқорлыққа қарсы күрес жүргізуге қауқары болмаған.
Үкіметте ұйымдасқан қылмыс пен жемқорлықтың ықпалы артып келе жатқаны туралы басқалар да ескерткен. Бірақ Жээнбеков мәселеге тиісті назар аудармай, бұл тақырыпты айналып өтумен болды.
КІСІ ҰРЛАУШЫДАН ПРЕМЬЕР-МИНИСТРГЕ ДЕЙІН
5 қазанда оппозициялық саяси партиялар мен биліктен көңілі қалған сайлаушылар бастаған үкіметке қарсы наразылық акциялары басқа адамдардың қолына өтті.
Елдегі саяси жағдайды бақылауға алғандардың ұйымдасу деңгейі жоғары болды. Соған қарағанда, олардың қолында үлкен ресурстар болғанға ұқсайды. Олар бас-аяғы он күн ішінде саяси тәжірибесіне қарағанда, жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырудан хабары мол Садыр Жапаровты кепілге адам алу айыбымен түрмеде отырған жерінен премьер-министр қызметіне дейін жеткізді.
Жапаровты билікке әкелгендер мемлекеттік шенеуніктер мен оппозициядан қулығын асырды.
15 қазанда ғаламдық OpenDemocracy тәуелсіз ұйымы жариялаған сараптамада "бұл негізінен әлеуметтік желіде мұқият ұйымдастырылған науқанның арқасында жүзеге асты" деген қорытынды жасалған.
Жээнбеков биліктен кетуге мәжбүр болғанына таңғалмауы керек.
Ол ел азаматтарын алаңдатқан мәселелер мен Қырғызстандағы парламент сайлауы кезіндегі заңбұзушылықтар туралы ақпараттарға құлақ асып, нақты позициясын көрсеткенде қазіргі жағдайдың алдын-алуға болар еді.
Жээнбековті биліктен кетуге итермелеген адамдар сайлаудан кейінгі жаппай тәртіпсіздіктің пайдасын көрудің орнына тергеуге алынып, не түрмеге түсуі мүмкін.
Жээнбековтің әрекетсіздігінің салдары Қырғызстанның болашақ билігіне сабақ бола ма, жоқ па, ол жағы әзірге белгісіз.
ПІКІРЛЕР