2010 жылғы маусымда Қырғызстанның оңтүстігінде қырғыздар мен өзбектер арасында қанды қақтығыс болды. Оқиғадан 470 адам қаза тауып, мыңдағаны жарақаттанды, жүздеген мың тұрғын үйлерін тастап босып кетті. Сол оқиғадан бері он жыл өтті.
Аяусыз қырғынның соңы дүрдараздыққа ұласып бара жатқанда уақытша президент Роза Отунбаева "оқиғаның түпкі себебін анықтау үшін тәуелсіз халықаралық тергеу жүргізу керек" деп шешті.
Нәтижесінде жеті адамнан тұратын Қырғызстан оқиғасын тергеу комиссиясы құрылды. Топ құрамына Ресей, Франция, Ұлыбритания, Эстония, Австралия және Түркия өкілдері кірді. Комиссияны финляндиялық саясаткер, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Парламент ассемблеясының Орталық Азиядағы арнайы өкілі Киммо Кильюнен басқарды.
Кильюнен өзімен тәжірибелі халықаралық заңгерлерді, адам құқықтары бойынша мамандарды, конфликт сарапшыларын әкеп, қақтығыстың себептерін бір жылға жуық зерттеді. Ондағы мақсат - болашақта осындай кикілжіңдердің алдын алу және ең маңыздысы – өзбектер мен қырғыздар арасында "бейбітшілік, тұрақтылық және түсіністік орнату".
Жүздеген куәгермен сөйлесіп, көбіне Ош және Жалал-Абад қалаларындағы қақтығыстардың суреттері мен видеоларына шолу жасаған мамандар 2011 жылы мамырдың 3-і күні комиссияның ауқымды есебін жариялады.
Соғыс қылмысы не геноцид фактілері табылмағанымен, мамандар қақтығыс кезіндегі кей әрекеттерді адамзатқа қарсы қылмыс деп танып, кінәлілерді жазалау керек деген ұйғарымға келді.
Президент Құрманбек Бакиев тақтан тайдырылған соң билікке келгеніне екі-ақ ай болған жаңа үкімет және ел парламенті комиссияның қорытындысын жоққа шығарды. Үкімет бұл есепті өзбектерді "қорғансыз құрбан" ретінде бұра сипаттаған, "біржақты құжат" деп атап, оны қабылдамайтынын мәлімдеді.
Ресми мәлімдемеде тергеу "бір ғана этностық топ қылмыс жасады дегенге айрықша басымдық берді" және этностық қырғыздардың арасындағы "құрбандар мен қайтыс болғандарды" көзге ілмеді делінген.
Бішкектегі депутаттардың бірі Кильюненді қырғыздарға жасалған шабуылды жұмсартып көрсету үшін өзбек "сепаратистерінен" пара алды деп айыптады. Кильюнен мұны "ақылға қонымсыз үлкен өтірік" деп атап, тағылған айыпты жоққа шығарды. Ал Отунбаева болса "маңызды да қажетті жұмыспен айналысты" деп халықаралық тергеу комиссиясын мақтаған.
Болашақта мұндай қақтығыстарға жол бермеу мақсатында комиссия ұсыныстарын іске асырудың орнына Қырғызстанның депутаттары 2011 жылы мамырдың 26-сында Кильюненді "персона нон грата" деп жариялаған. Сол этносаралық қақтығыстан бері он жыл өтсе де, Қырғызстан комиссия ұсыныстарының көбін әлі күнге кәдеге жаратқан жоқ. Ал қазір Еуропа кеңесі парламент ассамблеясының вице-президенті қызметін атқаратын Кильюнен Қырғызстанда әлі де "персона нон грата".
"ШЫНДЫҚ" ПЕН "БІТІМ"
"Бұл бір қызық жағдай, себебі мен бәлкім парламент шешімімен "персона нон грата" болып жарияланған әлемдегі жалғыз адам шығармын" деді Кильюнен Азаттыққа сұхбатында.
"Бүкіл әлемде әдетте адамды персона нон грата етіп жариялауды үкімет шешеді, оның мерзімін де үкімет ұзартып отырады" дейді ол.
"Шындықты айтып, болған оқиғаның анық-қанығын ашып көрсету арқылы мәселені “бітім процесі” жолымен шешуге көмектесеміз деп шынымен үміттенген едік, соны қалаған едік" деді Кильюнен.
"Біз тек фактілерді беріп, кімнің жапа шеккенін, қанша адамның қаза тапқанын көрсетуге, негізгі проблемаларды анықтауға тырыстық" дейді ол.
Комиссияның тұжырымы бойынша, оқиға кезінде өзбектер көбірек жапа шеккен, қаза болғандардың 74 пайызы - өзбек. Кильюненнің айтуынша, Қырғызстандағы сот және тергеу істерінің 80 пайызы өзбектерге қозғалған.
Комиссияның тұжырымынша, Оштағы өзбек аудандарына жасалған кейбір шабуылдардың "күдікті тұстары дәлелденсе", оларды "адамзатқа қарсы қылмыс" деп қарастыруға болады.
"Онда кісі өлтіру, зорлау және сексуалдық зорлықтың басқа түрлері, физикалық зорлық-зомбылық және адамдарды этностық негізіне қарай қудалау қылмыстары жасалған" делінген комиссия есебінде.
Он жыл бұрынғы сол оқиғаларды есіне алған Кильюнен "Бішкектің комиссия есебін қабылдамады, себебі қырғыз халқы оны оқығысы келмеді, ондағы мәселелерді мойындауға құлықсыз болды. Бітім процесін бастауға әрекет ету – жалпы қырғыз қоғамының қолындағы шаруа. Бұл бүкіл қоғамдағы ағарту процесіне көбірек ұқсайды" деді ол Азаттыққа сұхбатында.
“Орталық Азия елдерінің ішіндегі ең ашық әрі ең демократияшыл ел саналатын Қырғызстанда мұндай қанды қырғын қалайша болды деп халықаралық қауымдастық қатты таңқалып әрі қобалжып қалды” дейді Кильюнен.
Сөзінше, комиссия "Қырғызстандағы этносаралық кикілжіңді бәсеңдетеді" деген шынайы оймен осындай ұсыныстар жасаған еді.
"Мұндай жағдайда ақиқат комиссиясы көмекке келетінін айттық. Ақиқат комиссиясы ел тарихында [ақтаңдақ] беттер қалмауы үшін проблеманы толық ашып көрсетуге тырысады, барлық тараптың ол фактілерді мойындауына жағдай жасайды. Фактілерді көрген олар кешірім береді, сөйтіп өмір әрі қарай жалғасады. Ал фактілер жария болмаса, расымен болған жағдайды жасыруға тырысса, онда ол болашақта жаңа қақтығысқа түрткі болуы мүмкін. Расында ең алдымен мәселені ашық көрсетіп, талқылау керек, содан кейін әрі қарай жылжу үшін әр қауымдастықтың өкілдері бір-бірімен кездесуі керек шығар" дейді Кильюнен.
Қырғызстан басшылығы ақиқат комиссиясын құру туралы ешқашан әңгіме қозғаған емес.
КІНӘЛІ ДЕП ТАНЫЛҒАНДАР КІМДЕР?
2010 жылғы маусымның 10-ы күні Қырғызстанның оңтүстігінде этносаралық қақтығыс бұрқ еткенде Отунбаева бастаған жаңа үкіметтің билікке келгеніне екі-ақ ай болған еді.
Оқиғаның он жылдығы қарсаңында Азаттыққа берген сұхбатында Отунбаева ол кезде өзі басқарған үкіметтің "онша аяқтанып, күш ала алмағанын" және Бакиев кеткен соң “Бішкектегі жағдайды қалыпқа келтірумен әлек болып жатқанын” мойындады.
"Ош оқиғасына Қырғызстанның өз ішіндегі этносаралық қарым-қатынастың нашарлығы себеп болды" деген Отунбаева жағдайды ушықтырған бірнеше факторды атады және "ахуалды пайдаланып, от жағып қалуға тырысқан" күштердің де болғанын айтты.
Қақтығыс болардан екі ай бұрын Отунбаева Сооронбай Жээнбековті Ош облысының губернаторы етіп тағайындаған. Қазір Жээнбеков - Қырғызстан президенті.
Комиссияның тергеушілері Жээнбековті жақтайды. Олардың жазуынша, 2010 жылғы маусымның 11-інде Бішкектегі басшылар аймақта төтенше жағдай жариялағанда Жээнбеков Ош комендантына билігін тапсырып, дұрыс әрекет жасаған. Коммиссияның тұжырымы бойынша, Жээнбеков айыл қырғыздарының жұмылуына жол бермеген және уақытша үкімет өкілдері мен Ош қаласының мэрі арасындағы аса шешуші кездесуге қатысқан.
Дегенмен, комиссияның қорытындысы бойынша, Қырғызстан үкіметіндегі және қорғаныс саласындағы кейбір басшылардың әрекеті "ақылға қонымсыз" болған. Олар қақтығыстың ең ушыққан тұсында Ошта қырғыз топтарының өзбек аудандарын қиратуын тоқтата алмаған.
"Уақытша үкіметтің оңтүстік аудандардағы арнайы өкілі генерал Исмаил Исаков Ош қаласы мен облысындағы қолбасшылық пен оперативті штабты басқаруға алды. Оның маусымның 11-і және одан кейінгі күндері нақты тапсырма беріп, тиісті ережеге бағынатын, өлтірмейтін қару қолдануға рұқсат алған қауіпсіздік күштерін жұмылдыра алмауы үлкен кемшілік болды" делінген комиссия есебінде.
Комиссияның ұйғарымы бойынша, "Ош қаласы мен облысының коменданты Бақыт Алымбеков генерал Исаковқа жолын беріп, құқық қорғау органдарын бақылаудан орынсыз бас тартты әрі тәртіпті қалпына келтіру кезінде адам құқықтарының сақталуын қамтамасыз ете алмады".
"Жалал-Абад коменданты Кубатбек Байболов өз құзыретін толық пайдаланбай Жалал-Абадтағы зорлық-зомбылықты тоқтата алмады" деп жазды Кильюнен басқарған комиссия.
Бұған қоса халықаралық комиссия Ош қаласының мэрі Мэлс Мырзакматовтың дағдарыс кезіндегі “ұлтшыл риторикасын” да сынға алды. Комиссияның тұжырымы бойынша, оның ел алдындағы мәлімдемелері “этноасаралық шиеленісті бәсеңдетуге көмектеспеді”.
Байболовтың кейіннен Қырғызстанның бас прокуроры қызметіне барғанын еске салған комиссия "қылмыстарды тергеу ісі Қырғызстанның ішкі және халыларалық құқықтық міндеттемелері шеңберінде жүзеге аспағанын" айтты.
Содан бері Human Rights Watch және Amnesty International ұйымдары Қырғызстанның құқық қорғау органдары қозғаған 5 мыңға жуық істің көбінде өзбектердің айыпқа ілінгенін айтып келеді.
Отумбаеваның Ош оқиғасы жайлы Азаттықтың Қырғыз қызметіне берген сұхбаты. 10 маусым 2020 жыл.
ПІКІРЛЕР