Accessibility links

Таластағы өрт үкіметке сын болды


Қырғызстанның Алмалуу жайлауындағы өрт. 7 тамыз 2018 жыл
Қырғызстанның Алмалуу жайлауындағы өрт. 7 тамыз 2018 жыл

Қырғызстан билігі Талас облысы Манас ауданындағы Алмалуу жайлауында шілденің соңында басталып, тамыздың 5-інде қайта өршіген қалың өртті біржола өшіре алмай жатыр.

Қырғызстанның Төтенше жағдайлар министрлігі жайлаудағы өрт шілденің 28-інде шыққанын, шамамен екі мың гектар жерді шарпығанын хабарлаған. Бүгінге дейін толық сөндірілмеген өрттің бәсеңдеуіне тамыздың 7-інде жауған жаңбыр сеп болған. Қырғызстанның Төтенше жағдайлар министрлігі "Азаттықтың" Қырғыз қызметіне өрттің қайталануы мүмкін екенін айтты.

Он күнге созылған өрт Қырғызстанның Қазақстанмен шекара маңына және «Алмалуу Тоо» қорығындағы мыңдаған гектар аумаққа жайылды. Манас ауданының тұрғыны Майрамкан Салмоорбекованың Азаттыққа айтуынша, Қырғызстанның төтенше жағдайлар қызметіне өзгеріс керек. Ол он күн бойы өртті сөндіре алмаған билікті сынады.

- Билік өкілдері суды да, техниканы да алып келді. Өртті сөндіруге тырысты. Төтенше жағдай бұл салада проблеманың барын көрсетті. Өйткені көліктер де, адамдар да жетпей қалды. Ал Қазақстан тарабы өте жедел қимылдады, өртті сөндіруге тікұшақ та келді. Жаңбырдың жауғаны жақсы болды, - деді ол.

Таластағы өртті сөндірушілер. 7 тамыз 2018 жыл
Таластағы өртті сөндірушілер. 7 тамыз 2018 жыл

Алдын-ала мәлімет бойынша өрт шамамен 2500 метр биікте болған. Табиғи апат орнына Талас облысына қарайтын төрт ауданның өрт сөндіру қызметі мен жергілікті тұрғындар келген.

Үш рет сөндірілгеніне қарамастан жайлаудағы өрт толық өшпеген. Төтенше жағдайлар министрлігінің хабарлауынша, оған аймақтағы ыстық ауа-райы себеп болып тұр. Күн ыси түссе, өрттің қайта тұтану қаупі бар. Сондықтан Шу және Джалал-Абад областарының да өрт сөндірушілері келген. Қазір оқиға орнында шамамен 500 адам жұмыс істеп жатыр. Олардың 200-і жайлауда өрттің шықпауын түнде бақылайды. Кара-Балта қаласынан келген Ишеналы Калмырзаев Алмалуу аумағындағы өртті сөндірудегі қиындықтарды айтып берді.

- Өрт тауда шықты. Сондықтан су жеткізу қиын. Біз көлікпен әкеліп, өртке шашып жатырмыз. Жолда да қиындықтар көп. Таңертең, түсте бір-бір көлікпен күніне 8 тонна су жеткізіліп тұрды. Ал суды алып келем дегенше 3-4 сағат, тауға шығуға тағы уақыт кетеді, - деді ол.

Нурболот Мирзахмедов, Қырғызстанның төтенше жағдайлар министрі. Алмалуу, 8 тамыз 2018 жыл
Нурболот Мирзахмедов, Қырғызстанның төтенше жағдайлар министрі. Алмалуу, 8 тамыз 2018 жыл

Қырғызстан тарабы хабарлағандай, жайлауда шыққан өрт 20 гектардай орман шаруашылығына тиесілі жерді де шарпыған. Тамыздың 1-інен бастап ауданда төтенше жағдай жарияланды.

Өрттің қайта тұтану себебі белгісіз. Қырғызстанның Төтенше жағдайлар министрі Нурболот Мирзахмедов Талас облысынан шыққан өрттің елде соңғы жылдары болған ірі төтенше жағдайдың бірі екенін айтты.

​- Қазір біздің аудандарға баратын көлігіміз де, тікұшағымыз да жоқ. Қырғызстан аумағындағы өрттерді бұған дейін қолмен сөндіріп келдік. Таластағы өрт - 2018 жылғы ең ірісі. Өрттен бүлінген жерді орман шаруашылығы қайта қалпына келтіреді. Қазақстанның өрт сөндіру қызметі тамыздың 7-сінде ғана кірісті. Олардың тарапынан екі тікұшақ келді. Оған дейін көмек болған жоқ, - деді Мирзахмедов.

Алмалуу жайлауындағы өрт. 7 тамыз 2018 жыл
Алмалуу жайлауындағы өрт. 7 тамыз 2018 жыл

Министрдің хабарлауынша, 2018 жылдың басынан бері 2000 өрт болған. Бұған дейін Қырғызстанның ТЖМ Қытайдан өрт сөндіретін техника мен тікұшақтар алу үшін келісім жасалып жатқанын хабарлаған. Әзірге келіссөздің қай деңгейде екені де, нәтижесі де айтылған жоқ.

2016 жылғы тамыздың 13-інде Чычкан Токтогул ауданындағы шатқалдан шыққан өрт дауға айналған. Өрт тау басында болғандықтан, сөндіру қиындық туғызып, адамдар биікке шыға алмай, 120 гектар аумақ жанып кеткен. Тоғыз күн бойы жалғасқан өртті сөндіруге Қазақстаннан МИ-26 тікұшағы мен аздап жауған жаңбыр көмек болған.

2014 жылы Каныш Джумгалы ауданындағы шатқалдан шыққан өрт те бірнеше күнге созылған. Төтенше жағдай кезінде өртті сөндіруге барған Чаек ауылының екі тұрғыны қаза болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG