Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев мамырдың 27-сі күні келесі жылы 1916 жылғы көтерілістің 100 жылдығын атап өту жөніндегі жарлыққа қол қойды.
1916 жылы маусымның 25-інде Ресей патшасы ІІ Николайдың «Реквизициялау туралы» жарлығы шығып, Орталық Азия мен Сібірдегі «бұратана халықтардан» 19-43 жас аралығындағы 400 мың адамды майданның тыл жұмыстарына алу көзделді.
Осыдан кейін Орталық Азиядағы 20-ғасырдағы айтулы, жаппай көтерілістердің бірі басталды. Оны Ресей патшасының жазалаушы әскері күшпен басты.
Бұл туралы Азаттық тілшісі қазақстандық тарихшы Мәмбет Қойгелдиевпен сұқбаттасты.
БОЛЖАНҒАН КӨТЕРІЛІС
Азаттық: – 1916 жылғы көтерілістің 100 жылдығын атап өту жөнінде қырғыз президентінің қаулысына зерттеуші ретінде қалай қарайсыз?
Мәмбет Қойгелдиев: – Қоғамдық сананы дұрыс арнаға бағыттау, 1916 жылғы сұрапыл оқиғаны халық жанында сақтау үшін жасалған өте маңызды шара деп ойлаймын. Бұл көтеріліс - Ресей империясы құрамындағы елдерге, соның ішінде Орталық Азия халықтарына ортақ тарихи оқиға.
20-ғасырдың басында Қырғызстанның қазіргі Нарын, Шу, Ыстықкөл облыстары мен Қазақстанның Жамбыл облысының және Алматы облысының үлкен бөліктері Жетісу облысына қарады. Орталығы Верный қаласы болды.
Осы кезеңде қырғыздар мен қазақтардың басынан өткен оқиға тамырлас, мазмұны жағынан да жақын. Қырғыздар үшін де, қазақтар үшін де негізгі себеп жер мәселесі болды. 1906 жылдан бастап Орталық Азия елдерінде, соның ішінде қазақ пен қырғыз жеріне переселендерді қоныстандыру мекемелері құрылды.
Сөйтіп қазақ пен қырғыздың ең құнарлы жерлерін Ресейдің ішкі өлкесінен көшіп келгендерге берді. Осы процесс екі елде де жүрді. Екінші себеп - билік мәселесі. Билік түгелдей орыс әкімшілігінің қолына өтті, олар жергілікті халықтың мүддесімен, салт-дәстүрімен санаспады.
20-ғасырдың басында Түркістанда «граф Поленнің ревизиясы» деп аталатын зерттеу жасалды. Граф Поленнен Ресей императоры Түркістандағы билік туралы объективті баға беруді сұраған. Сонда граф Полен «Түркістандағы ең негізгі мәселе - жер мәселесі, оны жергілікті патша қызметкерлері дұрыс шеше алмай отыр. Сол себепті жақын арада көтеріліс шығуы әбден мүмкін» деген қорытынды шығарып берген.
Азаттық: – Бұл көтерілістен бұрын жасалған қорытынды ма?
Мәмбет Қойгелдиев: – Бұл - көтерілістен үш-төрт жыл бұрын жасалған қорытынды. Кейін қара жұмысқа алу науқаны одан әрі түрткі болып, бұл процесті тездетті. Көтерілісте әсіресе Ыстықкөл, Шу бойындағы жергілікті қарусыз халық қатты қырылды.
1916 жылғы көтерілістің ең үлкен екі ошағы бар. Бірі - Жетісуда, екіншісі - Торғай даласында. Жетісудағы көтеріліске жазаланған соң қырғыздар мен қазақтар Қытайға ауа көшті. 1916 жылғы үркіншілік деген сол.
Сол көтерілісті пайдаланып патша өкіметі Жетісуды, әсіресе Ыстықкөл төңірегін босатып, орыс автономиясын құруға тырысты. Мұндай әрекет совет өкіметі тұсында да байқалды.
Бүкілодақтық атқару комитетінің комиссиясы - Серафимовтың комиссиясы деген болды. Сол Серафимовтің «Жетісуда орыс автономиясын құру туралы» жобасының құжаттары қазір Мәскеу архивінде жатыр. Сол жоба бойынша Алакөл, Алматы, Бішкек, Қарақолға дейінгі аймақта орыс автономиясы құрылуға тиіс еді. Бірақ ұлттық наразылықтан сескеніп жүзеге асырмады.
«ОҚИҒАНЫ БӨЛМЕЙ ҚАРАСТЫРҒАН ЖӨН»
Азаттық: – 1916 жылғы көтерілісі мен одан кейін бірлескен қазақ-қырғыз әрекеттері болды ма?
Мәмбет Қойгелдиев: – Болғанда қандай. Мысалы Қарқара көтерілісін қырғыздар қолдады. Кейін оны басқан соң қазақтарды Қарақолға апарып қамады, сонда атылды. Патша өкіметі құлап, уақытша үкімет орнаған соң арғы бетке өткен қазақ-қырғыз кейін қайтпақ болды. Сонда қазақ-қырғыз зиялылары бірге жұмыс істеді.
Соның ішінде Мұхамеджан Тынышбаев Қытайға шейін барып үгіт-насихат жасап, Нарын, Ыстықкөл, Шу бойындағы қырғыздардың көтерілістен кейінгі шаруасын қалпына келтіру үшін қаржы сұрап Санкт Петербургке де барды. Көтерілістің соңын дұрыс шешу үшін қазақ-қырғыз зиялылары бірге әрекеттенді.
Мәселен, қырғыз Ишаналы Арабаев, Қасымбек Телтаев сияқты азаматтар «обоз» (астық тасымалы – Азаттық) ұйымдастырды. Оларды Алаш Орданың Жетісудағы өкілі, Жетісудағы қазақ комитетінің төрағасы Ыбырайым Жайнақов қолдады. «Қазақ» газеті арнайы қор ашып, Міржақып Дулатов қырғыздарға жәрдемдесу жөнінде бірнеше мақала жазды, Бөкейханов бастаған қазақ зиялылары бір күндік жалақысын аударды. Бұл қазақ-қырғыз зиялылары ынтымақтастығының ғажап кезі болатын.
Азаттық: – Қырғызстанда көтеріліске тарихи баға беру мәселесі қозғалған. Қазақстанда «ұлт-азаттық көтеріліс» деген баға өзгеруі мүмкін бе?
Мәмбет Қойгелдиев: – Бұл - азаттық үшін жасалған қозғалыс. Сондықтан меніңше әбден орынды баға. Өкінішке қарай, 1916 жылғы көтеріліс әлі де өз дәрежесінде аталмай келе жатыр.
Бұл – Кенесары бастаған көтерілістен кейінгі ең үлкен қозғалыс. Бұл – қазақ жеріне жарты ғасырдан астам билік орнатқан патшалық режимге берген халықтың бағасы болатын.
Азаттық: – Қырғызстанда осы оқиғаның 100 жылдығына орай кісі аяғы жетпейтін жерде қалған көтерілісшілердің сүйегін қайта жерлеу жөнінде айтылыпты. Мұндай жағдай Қазақстанда да болды ма?
Мәмбет Қойгелдиев: – Көтеріліс кезінде қырғыздың жүздеген ауылы жойылып кеткені, оларды жазалаушылардың аяусыз қырып кеткені, топтап көміп кеткені рас. Осыған ұқсас жағдай Жетісуда да, Қарқарада болған деген болжамдар бар. Бірақ бұл әлі де зерттеуді қажет етеді.
Ұлт-азаттық көтерілістің 100 жылдығы қарсаңында әлі зерттелмеген жайттарды тереңірек зерттеуге жағдай жасалғаны жөн. Бұл үркіншілік - қазақ-қырғызға ортақ трагедия. Сондықтан Қазақстанда да осыған ұқсас шара өткізіп, бүтін оқиғаны бөлмей қарастырған жөн болады деп ойлаймын.
Азаттық: – Сұхбатыңызға рақмет.