Accessibility links

Қырғыз депутаттары мини-юбкаға қарсы


Қырғызстан парламентіндегі журналист қыз. Бішкек, 27 маусым 2012 жыл
Қырғызстан парламентіндегі журналист қыз. Бішкек, 27 маусым 2012 жыл

Қырғызстан парламентінде киім кию жайлы жаңа ережелер қаралып жатыр. Депутаттар бұл ғимаратқа мини-юбка, спорттық киімдер киіп, хош иісті қымбат әтірлер сеуіп келу мәселесін реттемекші.

Бішкекте күн ысып келе жатқандықтан жұқа, жеңіл киім киетіндер көбейеді. Шілде айында Бішкекте орташа температура +33 градус болатындықтан жеңіл киінгенде тұрған ештеме жоқ. Мини-юбка, сандал, ашық-шашық киім киген адамдар көшеде күнде кездеседі. Бірақ парламент ғимаратында ондай киімдерге шектеу қойылуы мүмкін.

КӨЗГЕ ТҮСЕ БЕРГЕН ҚЫСҚА ЕТЕКТІ ҚЫЗ

Заң шығарушы орган үйінде ашық-шашық киімдермен жүру мәселесін парламенттегі «Ар-намыс» фракциясының өкілі Тұрсынбай Бәкірұлы айтқан.

- Өткен жолы үзіліс кезінде коридорда мини-юбка киген бір келіншек алдымда кетіп бара жатты. Басқа жаққа қарап жүрсем де болар еді, бірақ алдыма қарап жүрмесем шалынып, құлап қалар едім, - деді ол мамырдың 17-сі күні парламенттің сессиясында.

Дін ұстанатын Бәкірұлы парламент ғимаратының ішінде мини-юбка мен спорт костюмін киюге тыйым салу жайында ұсыныс білдірген еді. Содан бері ол Twitter-де өзінің бастамасын таратуға кіріскен.
Қысқа етекті қырғыз депутаты. Бішкек, 27 маусым 2012 жыл
Қысқа етекті қырғыз депутаты. Бішкек, 27 маусым 2012 жыл

«Совет үкіметіне дейін қырғыз әйелдері мұсылманша киініп, ұзын етек, бастарына орамал, не болмаса элечек (қырғыз әйелдерінің ұлттық бас киімі) киген еді» деп жазған Бәкірұлы Twitter-де.

Қазір Бәкірұлының ұсынысынан соң парламенттегі этика және процедуралық ережелер комитеті ғимаратқа кіретін барлық адамдар үшін жаңа киім кию тәртібін ұсынды.

Маусымның 26-сы күні дауысқа салынып, бекітілген мәтін бойынша парламент депутаттары, қызметкерлер, журналистер және басқа келушілерге мини-юбка не болмаса қиығы тым жоғары етегі бар киім, спорттық киім, футболка, джинсы, сандал киюге және хош иісті әтір пайдалануға рұқсат жоқ.

Сонымен қатар ашық қызыл, жасыл түсті киімдерге де тыйым салынды. Комиссияның айтуынша қара, сұр, көк, қоңыр және ақ түсті киімдер киюге ғана рұқсат.

АРТЫҚ КЕТУ

Бұл жаңа киім кию ережелері қырғыз парламентінде айтыс-тартыс туғызды. Оппозициялық «Ата-жұрт» партиясының парламенттегі өкілі Дастан Жұмабеков киім ережесі тым артық кеткен деп санайды.

- Әтірге тыйым салудың мүлде қажеті жоқ. Кім қандай хош иіс себемін десе - өз еркі. Мен өз басым шектен шыққан мини-юбкаға қарсымын. Маған салса, біздің әйелдердің орташа юбкалар кигенін қалар едім. Әтір мен киімнің түсіне келсек, оны әркім өзі шешуі керек, - деді ол.
Шырын Айтматова, Қырғызстан парламентінің депутаты. Бішкек, 27 маусым 2012 жыл
Шырын Айтматова, Қырғызстан парламентінің депутаты. Бішкек, 27 маусым 2012 жыл

«Ата-Мекен» партиясының өкілі Шырын Айтматова киім кию ережесінің бүкіл әлем бойынша қоғамдық орындағы қызметшілер үшін ортақ екенін айтады. Алайда, оның ойынша, бұл ережелердің парламентке сырттан келушілерге қатысы болмауы керек.

- Егер бұл мәселе журналистердің киім кию құқығына қарсы келсе не істейміз? Себебі олар жұмысында басқа киім кигісі келеді. Не болмаса парламент ғимаратына кіргісі келетін азаматтық қоғамның барлық мүшесі өз қалауынша киінгісі келеді. Ендеше бұл – басқа мәселе. Өз басым және көптеген әріптестерім киім ережесін парламенттің ғимаратына кіріп шығатын сырт адамдар мен журналистерге заңмен таңудың қажеті жоқ деп санаймыз, - дейді Шырын Айтматова.

«БАСҚА ЖҰМЫСЫ ЖОҚ ПА?»

Осы мәселеге орай әлеуметтік желілерде адамдар пікірлер жазып, интернетте қызу талқылап жатыр.

Болот есімді журналист «БАҚ үкіметті бақылау арқылы бұқара халыққа қызмет етеді. Біз келесі бір оқиғаны түсіру үшін парламент ғимаратынан екінші бір орынға жүгіруіміз керек. Джинс – журналистердің кәсіби киімі» деп жазады.

Енді біреулер бастаманы ұсынған Тұрсынбай Бәкірұлын сынады.

Бәкірұлы бұрын омбудсман қызметін атқарған. 2011 жылы президенттікке кандидат болған. Ол Қырғызстанда осы тектес жиі-жиі қызу талқылаулар туғызып отырады. Себебі әлдеқайда консервативті ауылдық жерлер мен тіршілігі қайнап жатқан астананың ойлау жүйесінде айтарлықтай айырмашылық бар.

Тұрсынбай Бәкірұлының бұрынғы бастамалары жалпы алғанда табиғатынан өте консервативті және ислам нормаларына толы болатын. Олардың арасында халықаралық үйлендіру агенттіктеріне жарнама беруге тыйым салу, парламент спикеріне өтірік айтқанды анықтайтын детектор қолдану жайлы ұсыныстар да бар. Ол сонымен қатар «жастардың психикасын бұзып, олардың арасында өзін-өзі өлтіруді көбейтеді» деп әулие Валентина күнін тойлауға қарсы шыққан.
Қырғыз моделі. Көрнекі сурет
Қырғыз моделі. Көрнекі сурет

Айка есімді студент қыз әлеуметтік пошта арқылы: «Парламенттің басқа істейтін жұмысы қалмаған ба? деп сұрапты.

«Тұрсынбай Бәкірұлы парламент мүшесі және оның сонда жеке кабинеті бар. Ол жұмыс жасаудың орнына күні бойы коридорда көзін сүзіп тұрады-ау деймін. Мұндай қыздарды қайдан көреді? Кабинетінде жұмысын жасасын. Сонда ол ештеме көрмейді» деп жазады Айка.

Қалай болғанда да киім ережесі біржола бекітіле ме, жоқ па, я қандай формада қабылданады - ол жағы белгісіз. Парламент жазғы демалыстан келген соң бұл мәселені дауысқа салып шешпекші. Оған дейін адамдар күздік көйлектерін киіп, бұл проблема да өзінен-өзі өзекті мәселе болмай қалар.

Бірақ жаңа ережені пайдалы деп есептейтін парламент спикерінің орынбасары Әсия Сасықбаеваның ойынша, егер де ережелер қабылданатын болса ережені бұзғандарға қандай жаза қолданылатынын айтуға әлі тым ерте.

- Мен бұған қатысты қандай да бір жаза түрлері қолданылады деп айта алмаймын. Бірақ бұл ереже таныстырылған соң «Мен дұрыс киіндім бе, жоқ па?» деп ойланып жүреміз. Бұл ереже бәрімізді тәртіппен жүруге үйретеді, - дейді спикердің орынбасары.
XS
SM
MD
LG