Еуропа Одағы (ЕО) жыл басында Қырғызстанға 6 мыңнан аса тауар мен өнім түрін Еуропа нарығына баж салығынсыз экспорттауға мүмкіндік беретін «ВСП+» (преференцияның жалпы схемасы) статусын берген.
Үзгендік кәсіпкер Адан Көккөзов бұл жаңалықты естіп, шығаратын өнімдері халықаралық стандарттарға сай болып, Еуропа елдері нарығына экспорттау үшін шаруашылығын жақсартуға кіріскен.
– Халықаралық стандарттарға сай өнім шығару үшін БҰҰ-ның даму бағдарламасы грантын жеңіп алып, шаруашылыққа қажет техника сатып алдық. Құдай қаласа, күзге қарай оны толық орнатып бітеміз де, күрішті қазіргідей қаптарға салмай, 8 грамдық, 5 пен 10 және 25 килограмдық пакеттерге қаптаймыз. Сосын пакеттегі өнімді зертханаға жіберіп, тиісті сертификат алған соң ЕО елдеріне экспорттай берсек болады. Әрине, шаруашылығымдағы күріш қоры онша көп емес, бірақ өзге фермерлермен бірлесіп жұмыс істеуге болады ғой, – дейді ол.
Баж салығынан босатылған тауарлар тізіміне жемістер, консервілер, шырындар, грек жаңғағы, бадам, пісте жаңғағы, азық-түлік, темекі, тоқыма бұйымдары, киізден жасалған тауарлар, киім-кешек, былғары бұйымдары мен кілемдер енген. Тізімге енген тауар түрі көп, яғни Қырғызстанның бүкіл аймағынан өнім (мысалы, Таластан – үрмебұршақ, Баткеннен – өрік, Ош облысынан – күріш пен бал) экспорттауға болады.
Үкіметтің Жалал-Абад облысындағы құзырлы өкілдігі аппараты маманы Әжімұрат Жалиловтың айтуынша, қазір аймақ тұрғындары жаңа мүмкіндікке қызығып, жаңғақ жинау мен оны Еуропаға сату көлемін жоспарлы түрде арттырып жатыр.
– Біздің облыстағы жаңғақ ормандары аумағы 35 мыңдай гектар жерді алып жатыр. Шетелдік тұтынушылар сапалы әрі экологиялық тұрғыдан таза өнім екенін қазірдің өзінде біліп қалды. Өзге тауар, өнімдерге күшімізді жұмсамай, біржола жаңғақ жинау мен экспорттауға көшсек жақсы болар еді. Өнімдеріміздің сапасын қазірден таныта алсақ, кейін еуропалықтар тұрақты тұтынушымызға айналар еді, – дейді ол.
Үкіметтің жоспары ұтымды әрі болашағы бар болғанымен, өнімді еуропалық стандарттар мен талаптарға сәйкестендіру, сертификаттау мен зертхана салу проблемасы әлі шешілмей тұр. Адан Көккөзов те осы мәселені қозғайды.
– Тауарды сертификаттау жағынан алғанда біз мүлде кенжелеп қалдық, зертханалар мен логистикалық орталықтар жоқ. Бұл проблемамен қазірден айналыспасақ, өнімін экспорттағысы келетін кәсіпкерлер ертең қиындыққа тап болады. Өнімімізден сәл кемшілік табылса, оны орта жолдан кері қайтарып немесе жойып жібереді де, миллиондаған шығынға батамыз. Мысалы, мен күріш экспорттағым келеді. Ал оны қандай зертханада тексертіп, сертификат аламын? – дейді ол.
Экономика министрлігі өкілдері «ВСП+» статусын алумен іс бітпесін, алда талай жылға созылуы мүмкін қыруар жұмыс тұрғанын айтады.
– Экономика министрлігі жанынан мемлекеттік органдар, бизнес қауымдастықтары және донор ұйымдардың қатысуымен арнайы жұмыс тобы құрылды. Топ мүшелері «ВСП+» статусы беретін артықшылықтарды пайдалану, тауарларымызды еуропалық стандарттарға сәйкестендіру, сертификат алу жөніндегі мәселелерді зерттейді. ЕО берген жеңілдікке қарамастан, бізді әлі ұзақ дайындық күтіп тұр. Еуразия экономикалық одағына (ЕАЭО) қосылу аясында Еуропаға экспортталатын тауарларды сараптамадан өткізіп, сертификаттаумен айналысатын арнайы зертханалар салып жатырмыз, – дейді министрлік өкілі Жылдызбек Жұмақов.
Жұмақовтың хабарлауынша, тауар экспорттау ережелерін талқылау үшін жуырда Қырғызстанға еуропалық комиссия өкілдері келмек.
Жуырда Ош қаласында өткен дөңгелек үстелде тауарлар тізімі, кедендік процедуралар, мемлекет пен кәсіпкерлер қабылдаған техникалық стандаттар талқыланды. Бірақ мамандар ЕО елдерімен шекаралас мемлекеттер территориясы арқылы тауар тасымалдау жақсармағанын айтады. Сарапшы Эркин Әбдіразақовтың айтуынша, Еуропа жеңілдік бергеніне қарамастан әріптес мемлекеттер Қырғызстандық кәсіпкерлердің тауарларын өткізбейді.
– Тауарларымызды ЕО-ға су немесе әуе арқылы емес, құрлық арқылы ғана жеткізе аламыз. Тауарды темір жол немесе жүк көліктерімен тасимыз. Ол жолдар Ресей мен Қазақстан арқылы өтеді. Олар ортақ келісімге келе алмай, дағдарыс кезінде де бір-біріне санкция салып жатыр. Қырғызстан енді тауарын бұл елдер арқылы қалай өткізе алады, мұны білмеймін. Мысалы, ЕАЭО бойынша әріптес ел екеніне қарамастан, Қазақстан түрлі сылтаумен тауарларымызды шекарадан өткізбей қояды. Ал тауарын алысқа апаратындарға тіпті қиын. Сондықтан Қырғызстан билігі екі елдің территориясы арқылы тауар өткізу үшін Ресей мен Қазақстаннан жеңілдік сұрауы тиіс, – дейді ол.
«ВСП+» статусын 14 мемлекет алған. Қырғызстан статус алғаннан кейін бір жарым миллиард халық тұратын нарыққа шығу мүмкіндігіне ие болды. Қазір Қырғызстан 5,7 миллиард доллардың тауарын экспорттайды, бірақ оның 3 пайызы ғана Еуропаға кетеді.
Азаттықтың Қырғыз қызметінің мақаласы.