Тамыздың 27-сінде Мәскеу баспаханаларының біріндегі өрттен 14 қырғыз азаматы қаза тапты. Қырғызстанда сол күні Бішкек-Ош тас жолының 178-шақырымында екі жеңіл көлік соқтығысып, апаттан арасында жас сәбилер де бар 9 азамат көз жұмды.
Қырғызстанда осы оқиғаларға байланысты 29 тамызды аза тұту күні деп жариялаған ел президенті Алмазбек Атамбаевтың: "Бұл - Қырғызстан халқы үшін орны толмас ауыр қайғы. Мемлекеттік органдар құрбан болғандар мен зардап шеккендердің отбасыларына қолдау көрсету шараларын жасайды. Адам өлімінің шынайы себептерін анықтау жұмыстары, оның ішінде Ресейдің мемлекеттік органдарымен тиісті келіссөз жүргізіледі" деп мәлімдеді.
Ресей төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметтеріне қарағанда, Мәскеудегі 14 қырғыз азаматын мерт еткен өрт электр лампасынан шыққан. Бұл кезде жұмысшылар ғимараттың төртінші қабатында болған, өрт тез қаулап, олар түтінге тұншығып, шыға алмай қалған.
Қырғызстан үкімет басшысы орынбасары, Мәскеуге осы трагедия себептерін анықтау үшін бара жатқан өкілдер тобының жетекшісі Гүлмира Құдайбердиева Бішкектегі марқұмдарды еске алу жиынында "Мәскеуден баспада шыққан өрттің себептерін тексеруді талап ететіндерін" мәлімдеді.
Бішкектегі қаралы жиынға келген қырғызстандық белсенді азаматтар бұл трагедияның себебін зерттеуді, кінәлілерді анықтауды сұрады, шетелдегі еңбек мигранттарының жағдайын бақылауды талап етті. Белсенділердің бірі - ғалым-археолог Бақыт Аманбаева «ұлттық мүддені қорғай алмады» деп саяси элитаға сын айтты.
– Біз қазір референдум, конституция деп бас ауыртып жатқан кезде жап-жас қыздарымыз күлге айналды. Ауылынан шығып, Мәскеуге ақша табу үшін барған балалар қаза болды. Егер осылай болса, несіне Еуразиялық одаққа кірдік. Айтыңдаршы маған, айналайындар! Өкімет басшылары, түсіндіріңдерші осыны! – дейді ол.
Аза тұту күнінде Қырғызстан аумағында және осы елдің шетелдердегі дипломатиялық және консулдық өкілдіктерінде мемлекеттік тулар төмен түсірілді. Бұл күні Қырғызстанда телеарна мен радиоларда және мәдениет орындарында ойын-сауық бағдарламаларын көрсетпеу сұралды.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаевқа азаматтарының қаза табуына байланысты көңіл айтты. Ол қазақстандықтар мен өз атынан марқұмдардың туыстары мен жақындарына көңіл айтып, зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуін тілеген.