Accessibility links

«Атамның «Алаш» партиясына қатысын зерттегім келеді»


Махаббат Темірбекова үлкен атасының «Алаш» партиясына мүше болғанын айтады.
Махаббат Темірбекова үлкен атасының «Алаш» партиясына мүше болғанын айтады.

Бабалары 20-ғасырдың басында Қазақстаннан Қырғызстанға қоныс аударған Махаббат Темірбекова үлкен атасының «Алаш» партиясына мүше болғанын айтады. Ол Қазақстан архивтеріне кіріп, атасының тарихи отанындағы ғұмыр деректерін білгісі келеді.

Махаббат Темірбекова Қырғызстан астанасы Бішкек қаласында 1993 жылы дүниеге келген. «Бішкек мемлекеттік сәулет-құрылыс академиясын экономист мамандығы бойынша бітірген» Махаббат «қолы босаған сәттерде өлең жазады». Оның төлқұжатында ұлты «қырғыз» деп көрсетілгенімен, өзі «біз өзіміздің кім екенімізді, қайдан шыққанымызды жақсы білеміз» дейді. Ол «Алаш» партиясының мүшесі болған, 1922 жылы белгісіз жағдайда көз жұмған атасы Әбіке Қаламбайұлының өмір деректерін Қазақстан архивтерінен зерттегісі келеді.

Азаттық: – Махаббат, сіздің үлкен атаңыз Сартбай Әбікеев туралы Википедиядағы ақпаратта «қырғыз» деп жазған. Бірақ сізді білетіндер «қазақ» дейді. Өзіңізді қай этнос өкілі санайсыз?

Махаббат Темірбекова: – Иә, біздің төлқұжаттарымызда ұлты деген жерде «қырғыз» деп көрсетілген. Ол менің арғы атам Сартайдан басталады. Ал, оның әкесі, менің үшінші атам – Әбіке Қаламбайұлы Қазақстанның Алматы облысы аумағынан келген деп айтады. Руы-ақсүйек, төре тұқымы екен. Омбыдан білім алған, орысша-қазақша хат білген, 26 жасына дейін өзі оқыған қаласында қызмет істеген, сауатты адам болса керек. 1913 жылы белгісіз бір себептермен Қырғызстанның Ат-Баши деген жеріне қоныс аударған. Атамды алғаш Қырғызстанға қоныс аударған кезде «моңғол» деп атаған екен. Соған байланысты болу керек, баласы кейін қырғыз деп жазылған. Содан бері қырғыз болып келеміз.

please wait

No media source currently available

0:00 0:03:05 0:00
Жүктеп алу

Азаттық: – Атаңыздың Қырғызстанға қоныс аударуының қандай себептері айтылады?

Махаббат Темірбекова: – Атамның көзі ашық, сауатты адам болғанын айттым ғой. Өз тұсында Түркістанға, Самарқанға, Тұрфанға, Қотанға үнемі сапарлап тұратын болған. Үлкен атамыздың айтуы бойынша, патша үкіметінің жергілікті билеушілерімен сыйыспай көшкен. Бірақ Қырғызстанға келгеннен кейін де отырып қалмаған. «Алаш» партиясының мүшесі болған, жиындарына қатысқан. Бірақ 1922 жылы белгісіз жағдайда көз жұмған. Атам негізі еті тірі, өте пысық адам болғанға ұқсайды. Қырғызстанға қоныс аударғаннан кейін Жантай ханның немересіне үйленіпті. Ат-Башида базар ұстап, Түркістан, Орынбор жаққа кіре тартқан. Бірақ негізгі миссиясы саудасын дамыту емес, «Алаш» партиясының жұмыстары болса керек. Ат-Башының Ақжар деген жерінде туысқандарымыз әлі тұрады. Жергілікті тұрғындар оларды «моңғолдар» деп айтып жатады. Бірақ өзіміздің кім екенімізді, қайдан шыққанымызды, қалай келгенімізді жақсы білеміз.

«Алаш» партиясы

"Алаш" һәм "Алашорда"

20-ғасыр басында бір топ қазақ интеллигенті құрған "Алаш" партиясы қазақ ортасында либерализм идеяларын насихаттаған.

"Алаш" партиясы 1917-1918 жылдары қызмет етті. Тарихшылар "Алаш" автономиясы мен "Алашорда" үкіметінің құрылуын осы ұйым қызметімен байланыстырады. "Алаш" партиясы жетекшілері Ресей империясының қазақтар қоныстанған территорияларын Алаш автономиясына біріктіруді мақсат тұтқан. 1937-1938 жылдары "Алаш" партиясының жетекшілері түгелге жуық сталиндік қуғын-сүргін құрбанына айналды. Тарихшы Оливьер Руа "Алашты" Орталық Азиядағы алғашқы кәсіби партия деп сипаттайды.

Азаттық: – Үлкен атаңыз Әбіке Қаламбайұлының «Алаш» партиясының мүшесі болғандығын дәлелдейтін қандай да бір архивтік құжаттар бар ма?

Махаббат: – Біздің қолымызда нақты айғақ, құжат жоқ. Себебі, Қырғызстан архивтерінде атамыздың сауда-саттыққа қатысты істері жөнінде деректер бар. Ал саяси ісіне қатысты құжаттар Қазақстандағы архивтерде болуы керек. Өйткені ол кісі кезінде сол жаққа жиі барып жүрген. Бірақ осы күнге дейін атамыз жайлы жазған ешкім жоқ. Мүмкіндік болса, өзім атамның «Алашқа» қатысы жайлы іздестіргім келеді. Ал, әзірге тек ауызекі әңгімелерге сүйеніп жүрміз.

Азаттық: – Махаббат, мамандығыңыз экономист екен. Бірақ шежіреге, тарихи әңгімелерге бейім екеніңіз байқалады...

Махаббат Темірбекова: – Өлең жазамын. Бірнеше өлеңім жергілікті басылымдар мен жинақтарда жарияланды. Қолым бос уақыттар да шығармашылықпен айналысып қоятыным бар. Қазір білім алған оқу орнында сабақ беремін. Бұған дейін қалалық сәулет-құрылыс мекемесінде қызмет істедім. Сонымен қатар, аталарыма, жалпы қазақтың ежелгі билеушілеріне қатысты аңыз-әңгімелерді жинап жүремін. Бұған бала күнгі көрген түсім себеп болды ма деймін.

Азаттық: – Кешірерсіз, ол қандай түс еді?

Махаббат Темірбекова: – Алты жасымда «Моғол мемлекеті» туралы түс көрдім және ол түсті жиі көретінмін. Қазір айтсам күлкілі, өтірік әңгіме болып көрінуі де мүмкін. Бірақ адамдардың ат үстіндегі соғысы, қырылып жатқандар туралы көріністерді түсімде жиі көретінмін. Ал ол кезде ондай мемлекеттің болғанын да білмейтін едім. Бірақ кейін есейе келе тарихты оқып, Моғол мемлекеті жайлы іздендім. Өзімнің ата-тегім туралы қарадым. Осы ізденіс менің шежіреге, ескі әңгімелерді жинауыма себебін тигізген болу керек.

Азаттық: – Экономист маман ретінде болашағыңызды Қазақстанмен байланыстырғыңыз келмей ме?

Махаббат Темірбекова: – Иә, байланыстырғым келеді. Себебі, Қазақстан - ата-бабамның жері. Ата-бабамның жүрген жерімен менің де жүргім келеді.

Азаттық: – Сөз соңында әулеттеріңіздің Қырғызстандағы кейінгі тарихын да қысқаша айта кетсеңіз.

Махаббат: – Әкем – заңгер. Ал анам мемлекеттік мекемеде қызмет атқарады. Атам Сартбай Әбікеев - соғыс ардагері. Жалпы Әбікеевтер әулетінен Қырғызстанға танымал тұлғалар көп шыққан. Солардың бірі - кешегі советтік Қырғызстан кезінде қаржы министрі болған Молдақын Мамбеталиев.

Азаттық: – Сұхбатыңызға рахмет!

XS
SM
MD
LG