Accessibility links

Жээнбеков президент аппараты жетекшілерін тағайындады


Көрнекі сурет
Көрнекі сурет

Жуырда Қырғызстан басшысы Сооронбай Жээнбеков президент аппараты жетекшілігіне Досалы Эсеналиевті тағайындады. Ол 2018 жылғы сәуірден бері президент әкімшілігі басшысының орынбасары қызметін атқарды. Ал оның орнына Бішкек қалалық кеңесінің төрағасы Алмаз Кененбаев барды. Жұрт бұл шешімді қызу талқылап жатыр.

ТАҒАЙЫНДАУЛАР

Президент аппараты жетекшісінің орны 2018 жылғы сәуірден бері бос тұрған. Оған дейін бұл қызметті қазіргі пермьер-министр Мұхаммедқали Әбілғазиев атқарған, ал оның алдында Фарид Ниязов жұмыс істеген.

Сарапшы Алмазбек Акматалиев Жээнбеков президент аппараты жетекшісін таңдауға ерекше жауапкершілікпен қарады деп санайды.

- Бұл орынның осынша ай бос тұрғаны - президент бұл мәселені шешуге айрықша ыждағаттылықпен және жауапкершілікпен қарағанын көрсетеді дер едім. Жұрттың көбі "айналасындағы көп адамның бірін неге тағайындай салмайды" деп ойлайды. Бірақ шын мәнінде, мұндай маңызды, жауапты қызметке лайықты адам табу өте қиын. Ол президент саясатын қалтқысыз қолдайтын, мемлекет басшысы сенім арта алатын адам болуы тиіс. Бұдан бөлек, кандидат тәжірибелі, ар-ұятына дақ түспеген таза әрі білікті менеджер болуы тиіс, - дейді сарапшы.

Бұрынғы президент Асқар Ақаевтың тұсында мемлекеттік хатшы қызметін атқарған Осмонакун Ибраимов Досалы Эсеналиевтің президент аппаратында алғаш қалай жұмыс істегенін еске алды. Ол Эсеналиев бұл қызметті атқару үшін пісіп-жетілді деп санайды.

- Кезінде ол - біздің идеологиялық мектебімізде шыңдалып, талай өткелден, барлық деңгейдегі електен өткен кадр. Карьераның барлық сатысынан өтті. Меніңше, президент аппараты басшысы қызметіне әбден лайық адам. Бірақ бір "кемшілігі" бар – интриган, трайбалист емес, жершілдік дегенді жақтырмайды. Оның бір артықшылығы - қоғаммен жұмыс істей біледі. Әу бастан журналистермен де қарым-қатынасы жақсы. Ұйымдастырушылық қабілеті де жоғары, - дейді Османакун Ибраимов.

Қоғам қайраткері Эмильбек Қаптағаев 2010-2011 жылдары президент аппаратын басқарған. Бұл қызметті атқаратын шенеуніктің негізгі міндеттерін тізбелеп берген ол президент Досалы Эсеналиевті әбден тексеріп, сеніміне ие болған соң аппарат басшысы етіп тағайындады деп біледі.

Эмильбек Қаптағаев.
Эмильбек Қаптағаев.

- Президент аппараты басшысының орны - өте жауапты қызмет. Мемлекет басшысының шаруаларына бас-көз болу, оның жұмыс тәртібін жоспарлау, құжаттарды, президент жолдауларын әзірлеу - мұның бәрі аппаратқа жүктелетін шаруалар. Ал мұның бәріне құрылым басшысы жауап береді. Ол жерде шынымен тәжірибелі, білікті адам қажет. Ең бастысы, мемлекет басшысымен тіл табысып, онымен пікір алмасып, жұмыс жүргізе білуі қажет. Меніңше, түрлі жайттар мен қазіргі жағдайға байланысты президенттің өзі де көпке дейін әлдебір кандидатқа қатысты тоқтамға келе алмаған тәрізді. Жалпы біраздан бері аппарат басшысының орынбасары болған Досалы Эсеналиевті тағайындау дұрыс шешім болды. Өйткені, екеуі түрлі жағдайда жұмыс істесті, президент оның жұмысын көрді. Тәжірибесі де жетеді. Түрлі мемлекеттік қызметтерде, оның ішінде президент аппаратында жұмыс істеген. Саясаттың ұңғыл-шұңғылын жақсы біледі, - дейді Эмильбек Қаптағаев.

Президент аппаратының жаңа басшысының реформа жүргізу қабілеті жоқ деп санайтындар да бар. Саясаткер Өмірбек Әбдірахмановтың пікірінше, Досалы Эсеналиевтен көп үміт күтудің реті жоқ.

Өмірбек Әбдірахманов
Өмірбек Әбдірахманов

- Аппарат жетекшісі - техникалық қызмет. Ол президенттің қайда баратынын, не істеп жатқанын ғана хабарлап отырады. Өз саясатын жүргізе алмайтын адам. Екіншіден, бұл орындағы адамнан көп нәрсе күтудің реті жоқ. Ол өздігінен реформа жүргізбейді, жоғарыдан түскен нұсқауды милиция, сот немесе прокуратураға жеткізіп қана отырады. Үшіншіден, бұл жігіттің мемлекеттік қызметте жүргеніне көп болыпты. Сондықтан мемлекетті дамыту, реформа жүргізу жөнінде әлдебір еңбектері, концепциялары бар болар деп іздеп көріп едім - таппадым. Бәлкім, тамаша шенеунік шығар, бірақ реформаторлық қабілеттерін байқамадым. Негізі, жоғары лауазымды қызметке я президент аппараты басшысы қызметіне қандай адамдар тағайындалуы тиіс? Олар Саакашвили, Пашинян сынды демократия үшін жанын беретін күрескер адамдар болуы тиіс. Бірақ бізде ондай адамдарды бағаламайды, жолатпайды. Сондықтан жүйе ешқашан өзгермейді, таяу арада демократиялық өзгерістер болады деп дәмеленудің реті жоқ, - дейді ол.

53 жастағы Досалы Эсеналиев Жалалабад облысы Алабұқа ауданында дүниеге келген. 1990 жылы Қырғыз ұлттық университетінің тарих факультетін бітіріп, екі жыл оқытушы болған.

Досалы Эсеналиев.
Досалы Эсеналиев.

1992-1999 жылдары Қырғызстан білім және ғылым министрінің көмекшісі, стратегиялық зерттеулер орталығының референті, "Сорос-Қырғызстан" қорының менеджері, ПРООН (БҰҰ-ның даму қоры – ред.) сарапшысы болған.

1999 жылы сол кездегі президент Асқар Ақаевтың баспасөз қызметіне сарапшы болып тағайындалып, онда 2008 жылға дейін жұмыс істеп, басшы қызметтер атқарған.

2008-2009 жылдары президент әкімшілігі басшысының орынбасары, ал 2009-2010 жылдары президенттің Жогорку Кенештегі (Қырғызстан парламенті- ред.) өкілі болған.

2010 жылы партиялық жұмыспен айналыса бастаған. 2010-2012 жылдары "Республика" партиясында жұмыс істеген, ал 2013-2015 жылдары "Бір Бол" партиясының атқару комитетін басқарған. Кейін бір жылдай осы партияның Жогорку Кенештегі фракциясы жетекшісінің кеңесшісі болған.

Президент аппаратына келгенге дейін, яғни 2016-2018 жылдары Досалы Эсеналиев Қырғызстан үкіметі жанындағы мемлекеттік интеллектуалдық меншік және инновациялар қызметін ("Қырғызпатент") басқарған.

"КЕНЕНБАЕВҚА БӘРІ КӨМЕКТЕСЕТІН БОЛАДЫ"

Ал президент аппараты басшысының орынбасарлығына Бішкек қалалық кенешінің қазіргі төрағасы Алмаз Кененбаевтың тағайындалуы жұрттың көбі үшін күтпеген жаңалық болып, түрлі жорамалға түрткі болды. Ашық дереккөздерде Кененбаев туралы ақпарат жоқтың қасы. БҚК ресми сайтында "42 жаста, үш жоғары білімі бар" деп қана көрсетілген.

Оның тағайындалғаны туралы хабар тараған бетте бұл - Бішкек мэрі Албек Ибраимовты қызметінен кетіруге сіңірген "еңбегінің" өтеуі деген пікірлер айтыла бастады. Алмаз Кененбаев әзірше, бұл әңгімелерге қатысты мүлде комментарий берген жоқ.

Мемлекеттік басқару саласының сарапшысы Шераділ Бақтығұловтың пікірінше, "Кененбаев елдегі жағдайды дұрыстап саралай алмайды" деген айыптаулар қисынсыз. Оның сөзінше, Алмаз Кененбаев Бішкек қалалық кенесшісінің төрағасы ретінде тәжірибе жинап алған адам.

- Ол 2012 жылы Бішкек қалалық кенеші депутаттығына сайланды. Сосын кенеш төрағасы болды. Кенеш аппараты да кішігірім құрылым емес қой. Депутаттармен жұмыс істеу де оңай шаруа емес. Ол жерде алты фракция бар, олардың бәрімен тіл табысу керек. Бұдан бөлек, ол кісінің сараптама жасау қабілеті бар көрінеді. Кезінде есеп-қисап саласында жұмыс істеген. Мамандығы бойынша да жұмыс істеген, менеджер болған. Бұл жерде, әрине, сараптамалық қабілет керек. Тағы бір маңызды жайт – мұндай қызметті атқаратын адам жалғыз жұмыс істемейді ғой. Аппаратта бөлімдер, олардың басшылары, қызметкерлері бар. Алмаз Кененбаевқа бәрі көмектесетін болады, - дейді ол.

Оқи отырыңыз: Таластағы өрт үкіметке сын болды

Қырғызстанда президент аппараты басшысының орны ықпалды қызмет саналады. Бұл қызметті атқарған кей адамдар сотқа тартылып, кейбірінің тағдыры трагедиямен аяқталған оқиғалар болған. Бұған бұрынғы президент Құрманбек Бакиев әкімшілігінің басшысы Медет Садырқұловтың өлімі мысал бола алады. Ал президент Алмазбек Атамбаевтың тұсында осы қызметте отырған Данияр Нарымбаев кейін коррупция айыбымен істі болып, сотталып кеткен.

(Азаттықтың Қырғыз қызметінің тілшісі Элеонора Бейшенбекқызының мақаласы орышадан аударылды)

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG