Accessibility links

Мүгедек жандардың орындалмаған өтініші


Қырғызстан үкіметі мүмкіндігі шектеулі адамдардың құқығы туралы БҰҰ конвенциясын ратификациялауға әзір емес. Қырғызстан премьер-министрі Сапар Искаков мұның себебі бюджет тапшылығына байланыстырады.

Бірақ қырғыз үкіметі басшысының бұл уәжі мүмкіндігі шектеулі жандарды, белсенділер мен кей депутаттарды иландыра алмады. Олар конвенцияны ратификациялаудан бюджетке салмақ түспейді, сондықтан құжатты ратификациялау керек деп санайды.

Қырғызстан парламенті - Жогорку Кенештің қарашаның 29-ы күнгі отырысы келесі жылдың республикалық бюджетін талқылауға арналды. Отырыста депутаттардың сұрақтарына жауап берген үкімет басшысы Сапар Исаков БҰҰ-ның мүгедек жандардың құқығы туралы конвенциясын ратификациялауға бюджетте ақша жетпейді деп мәлімдеді. Ол құжаттың нақты қашан қабылданатынын айта алмады.

Сапар Исаков
Сапар Исаков

- Конвенциямен президент аппаратының сыртқы саясат бөлімі меңгерушісі болып жұмыс істеп жүргенде танысып шыққанмын. Ол жайлы білемін. Бірнеше кездесу өткізіп, құжатты ратификациялау мүмкіндігін талқыладық. Бірақ талдаулар экономиканы серпінді дамыту жолына түспей ратификациялау жайлы айту ерте екенін көрсетті. Реалист болу керек, қолдан келетін дүниелерді айтайық. Өйткені құжат талаптарын орындау үшін қомақты қаржы керек. Бұған қоса, 2023 жылдан бастап сыртқы қарызымызды төлей бастайтынымызды жұрттың көбі біледі. Жыл сайын 300 миллион доллар төлеуге тиіс боламыз. Ал бұл - өте қомақты сома, - деді қырғыз премьері Исаков.

Қырғыз парламентінің отырысында "Ата Мекен" фракциясы депутаты Наталья Никитенко «конвенцияны қабылдау үшін көп қаржының қажеті жоқ» деген пікір айтып, проблеманы мемлекеттік органдардағы, оның ішінде мемлекеттік кеден қызметіндегі коррупцияны түп-тамырымен жою арқылы шешуді ұсынды.

- Мүгедек жандардың құқығын қорғауға қатысты конвенцияны ратификациялау мәселесі бірнеше мәрте қозғалды. Бірақ үкімет бюджет тапшылығына сілтеп құжатты әкелмей жүр. Меніңше, кейінге ысыра бермей конвенцияны бекіту керек. Қоғам мүмкіндігі шектеулі жандардың алдындағы міндеттерін үкімет қашан орындай бастайды деп күтіп отыр, - дейді ол.

БҰҰ мүгедек жандардың құқығы туралы конвенцияны 2006 жылы желтоқсанның 13-і қабылдап, ол 2008 жылы мамырдың 3-і күні күшіне енген. Қырғызстан құжатқа 2011 жылы қол қойған, бірақ парламент оны әлі ратификациялаған жоқ. Конвенцияның негізгі мақсаты - мүгедек жандарға жағдай жасау және олардың өзгелермен тең құқығын қорғау.

Егер Қырғызстан құжатты ратификацияласа, билік мүмкіндігі шектеулі жандардың әлеуметтік, экономикалық, саяси және мәдени салаларға араласуын қамтамасыз етіп, оларға өзге азаматтармен тең жағдай жасауға міндетті болады. Парламенттің құжатты ратификациялауын күткеніне алты жыл болған Қырғызстанның мүгедек азаматтары осы мәселеге қатысты акцияларды жиі өткізеді.

Жұлынына зақым келіп, мүгедек арбасымен жүріп-тұруға мәжбүр 18 жастағы Дастан Алымбеков егер парламент конвенцияны ратификацияласа, өзі сияқты азаматтардың еңбек ету және әлеуметтік құқықтары қорғалатын болады деп сенеді.

- Қазір жоғарғы оқу орнында оқимын. Университетке туғандарымның көмегімен барып жүрмін. Мен сияқты азаматтардың жұмыс істесек деген құлшынысы мықты. Бірақ ешкім бізді жұмысқа алғысы келмейді. Өзге елдердегі сияқты дені сау адамдармен тең қатар жұмысқа алса, мемлекеттің игілігіне біз де үлесімізді қосар едік. Мүгедек жандардың арасында дарынды адамдар көп. Билік ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлеріне, шекарашыларға пәтер береді. Шамасы, мүмкіндігі шектеулі адамдарға пәтер жетпейтін болар. Жаңа президент біз сияқты жандарға арнап үй салып береді деп үміттенемін, - дейді ол.

Мүмкіндігі шектеулі баланы көтеріп келе жатқан адамдар. Қырғызстан, Жалалабат, 3 желтоқсан 2015 жыл. (Көрнекі сурет)
Мүмкіндігі шектеулі баланы көтеріп келе жатқан адамдар. Қырғызстан, Жалалабат, 3 желтоқсан 2015 жыл. (Көрнекі сурет)

Қырғызстанда мүмкіндігі шектеулі 177 мың адам тұрады, оның 29 мыңы - балалар. 15 жастағы Кирсина Алиева – БҰҰ конвенциясын ратификациялауды тағатсыз күтіп жүргендердің бірі. Ол мүмкіндігі шектеулі балалардың балалық шағы алаңсыз өтіп, өзгелермен тең білім алу мүмкіндігі болса дейді.

- Мүгедек балалардың білім алу және қоғамдық орындарда ойнауына мүмкіндік жоқ. Қоғамдық көлік те біз сияқтылар үшін ыңғайлы етіп жабдықталмаған. Бұл проблемаларды шешудің негізгі қадамдарының бірі -БҰҰ конвенциясын ратификациялау. Мен әр адам балалардың тілегіне құлақ асып, барлық балалардың өмірі жақсарады деп сенемін, - дейді ол.

Бірақ Қырғызстанда мүгедек азаматтардың еңбек ету және өзге құқықтары сақталмайтынын үкімет те мойындайды. Әлеуметтік даму министрлігіне қарасты мүмкіндігі шектеулі жандармен жұмыс басқармасының бастығы Чолпон Мамбетаипованың айтуынша, жеке меншік және мемлекеттік компаниялар мүгедек адамдарды жұмысқа қабылдауға қатысты заңда қарастырылған норманы орындамайды.

- Халықты жұмыспен қамтуды қолдау туралы заң бар. Қазір басшылар жұмысқа мүгедек жандарды аз алады. Біз заңның орындалуын қадағалап отырамыз. Жұмысқа қанша адам қабылданғанын, оның қаншасы мүмкіндігі шектеулі азаматтар екенін тексереміз, - дейді ол.

Ал Қырғызстан социал-демократиялық партиясынан (ҚСДП) сайланған Жоғорку Кенеш депутаты Дастан Бекешов мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқықтары мен оларға берілетін кепілдіктер туралы заңға енгізілген түзетулер жаңа жылдан бастап күшіне енеді деп хабарлады.

Қырғызстанда мүмкіндігі шектеулі жандарға жағдай жасауға міндеттейтін заңдар бар, бірақ олардың көбі қағаз жүзінде қалады. Парламенттің бесінші шақырылым депутаты Майрамбек Расулов заңды орындау дұрыс қадағаланбайды деп санайды.

- Қарапайым мысал - мүгедек жандардың әкімшілік ғимараттарға кіріп-шығуы үшін тиісті жағдай жасалмаған. Ғимараттардың көбінде пандус жоқ. Тіпті бар болған күннің өзінде, онымен арбадағы адам түгілі, өздігінен жүретін адамдардың шығуы қиын. Мұндай жағдайда мүмкіндігі шектеулі жандардың құқығы туралы қалай айтуға болады? - дейді ол.

Қырғызстанда мүгедектігі үшін төленетін жәрдемақы көлемі де мардымсыз. Мемлекет мүгедектік тобына қарай оларға айына екі-үш мың сом төлейді. БҰҰ сарапшыларының есебінше, мүгедек адамдардың құқығы туралы конвенцияны ратификациялау үшін 30,6 миллиард сом қажет. Бұл - 10 жыл ішінде атқарылуы тиіс шаралар үшін есептелген сома.

Әлеуметтік желілерде мүгедек жандар 10 жылға деп есептелген бұл қаржыны бюджеттен қарастыруға болады деген уәжбен үкіметтен құжатты ратификациялауды талап етеді. Amnesty International халықаралық құқық қорғау ұйымы да желтоқсанның 3-і күні, яғни халықаралық мүгедектер күніне орай осындай үндеу таратып, Қырғызстан үкіметін құжатты қабылдауға шақырған.

(Азаттықтың Қырғыз қызметі тілшісі Нуржан Токтоназарованың мақаласы орыс тілінен аударылды)

XS
SM
MD
LG