Күзгі саяси маусым қарсаңында таратылған мәлімдемеде Алмазбек Атамбаев "күзде мемлекеттік төңкеріс жасауға қамданып жатыр" деген жалған ақпарат жаппай тарап жатқаны, "бұл - оның беделін түсіруді көздеген әрекет" екені айтылған. Қырғызстан социал-демократиялық партиясының (ҚСДП) ресми өкілі Құндыз Жолдыбаеваның сөзінше, Атамбаевтың билікті заңсыз жолмен басып алу ниеті жоқ.
Жолдыбаева "бұл жерде биліктегі кей адамдардың әлдебір мүддесі бар болуы мүмкін" деп топшылайды.
- Бізден мән-жайды түсіндіруді сұрап жатқандар көп. Алмазбек Атамбаев қоғамда жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырып, мемлекеттік төңкеріс жасауға қамданып жатыр, тіпті оны қаржыландырып отыр екен деген қауесеттер кейінгі айлары мақсатты түрде жарияланып жатыр. Мұндай өсекті тарату кімдерге тиімді екенін оны жариялаған ақпарат құралдары мен интернет-сайт атауларынан, әлеуметтік желі аккаунттарынан болжау қиын емес. Ал мұндай арандату әрекеттеріне тиісті мемлекеттік органдардың тойтарыс бермеуі бұған биліктің өзіндегі әлдебір адамдар мүдделі емес пе деген ойға жетелейді. Бізді бұл мәлімдемені таратуға билік құрылымдарының үнсіздігі мәжбүрлеп отыр. Мұндай қауесеттердің қисыннан да, мағынадан да жұрдай екені көрініп тұр, - дейді ол.
Бұған қоса, ҚСДП қазіргі биліктің "саяз саясатын, саяси қарсыластарын қудалауын, күмәнді кадрларды тағайындауын" сынап, "экономикада өсім жоқ, елде наразылық көңіл-күй күшейіп келе жатыр" деп мәлімдеген.
"Бұл адамдар бар кінәні өзгеге артып, өсек таратудың орнына халықтың бірлігін нығайтып, экономиканы дамытатын нақты істермен айналысуы тиіс. Кейінгі айлары бұл екі бағытта алаңдататын белгілер байқалды" делінген мәлімдемеде.
Президент Сооронбай Жээнбековтің аппараты ҚСДП мәлімдемесіне орай жауап қайтармайтынын хабарлады. Бұл оқиға іс басындағы президент пен Атамбаев екеуінің қазіргі қарым-қатынасы және мұның бүкіл елдегі жағдайға әсері туралы пікірталасқа түрткі болды.
Бұған қоса "ақпарат құралдарында төңкеріске дайындық туралы қауесет тарап жатыр" деген жаңалық та пікірталасқа ұласты.
Парламенттегі "Ата Мекен" фракциясының жетекшісі Алмамбет Шыкмаматов қазір елде билікке қарсы толқуға ұластыруы мүмкін жағдай жоқ деп санайды. Депутаттың пікірінше, экс-президент Алмазбек Атамбаев бұл мәлімдемені жұрт назарын өзіне назар аудару үшін таратып отыр.
- Мұны Атамбаевтың айналасындағы адамдардың ақталуы деп қабылдауға болады. Қазір оның халықты соңына ерте алатындай ықпалы да, мүмкіндігі де жоқ. Елді басқарған тұста өзі де көп қателікке ұрынып, төңкеріс жасауға жағдай тудырған. Кадр саясатын былықтырып, коррупцияны шарықтатып алып, енді билікті оппозиция ретінде сынауы жөн емес. Қазір елде әлдебір қиындықтар болып жатса, бұл - Атамбаев қалдырып кеткен "мұра". Бүгін-ертең төңкеріс болады деуге ешқандай алғышарт жоқ, - дейді ол.
Саясаттанушы Орозбек Молдалиевтің сөзінше, БАҚ-та Атамбаевтың саяси белсенділігі күшейді деген хабар тарап жатыр. Сарапшы пікірінше, экс-президенттің командасы мына мәлімдемесі арқылы қоғам назарын қазіргі биліктің кемшіліктеріне аударуға тырысып отыр.
- Мұндай қауесет көп тарап жатыр. Олар экономика тоқырап тұр, қоғамда наразылық көңіл-күй күшейіп келеді деген әңгімелерді таратуды жөн деп тапты. Мұны технологтар ұтымды пайдаланып қалды. Алда-жалда бірдеңе бола қалса, "көшеге шығуға халықтың өзі дайын болған, бұған Алмазбек Атамбаевтың мүлде қатысы жоқ" деген қоғамдық пікір тудырғылары келетіні байқалады. Бірақ Атамбаев бұдан не ұтады? Ол екінші мәрте президент бола алмайды, халық оған ермейді. Кейінгі оқиғалардан соң оның танымалдығы төмендеп кетті, - дейді Орозбек Молдалиев.
Социал-демократтар партиясындағы жағдай түсініксіз болып отыр. 2018 жылы 31 наурызда Алмазбек Атамбаевты партия жетекшілігіне сайлағаннан кейін ҚСДП оқтын-оқтын билікті сынаған мәлімдеме таратып келеді. Экс-президенттің бұрынғы жақын серіктері бұрынғы премьер-министр Сапар Исаков, Бішкектің экс-мэрлері Албек Ибраимов пен Қубанычбек Кулматов қамалғаннан кейін де партия билікті сынап мәлімдеме таратқан.
Ал парламенттегі ҚСДП фракциясы депутаттарының көбі қазіргі президент Сооронбай Жээнбековті қолдайды. Парламент Бішкек жылу электр станциясындағы апатты талқылап, Сапар Исаковтың үкіметіне сенімсіздік білдірген кезде бұл анық байқалды.
Жуырда өздерін "ҚСДП мүшелеріміз" деп атаған топ адам Шу облысының Мәскеу және Панфилов аудандарында жиналыс өткізіп, "Атамбаевсыз ҚСДП" деген резолюция қабылдаған. ҚСДП басшылығы "жиынды ұйымдастырушылар партия мүшелері емес" деп мәлімдеген. 28 тамыз күні мұндай жиын Жалал-Абад облысының Тоқтоғұл ауданында да өткені мәлім болды.
Кей сарапшылар қалыптасқан жағдайды іс басындағы президент пен бұрынғы президент Алмазбек Атамбаев арасындағы тартыстың күшейгенінің дәлелі деп санайды.
(Азаттықтың Қырғыз қызметі тілшісі Бақыт Асановтың мақаласы орысшадан аударылды)
ПІКІРЛЕР