Accessibility links

Қырғызстанда Назарбаев туралы спектакль қойылды


Нұрсұлтан Назарбаевтың жастық шағы туралы спектакльдің премьерасынан соң. 25 маусым 2015 жыл.
Нұрсұлтан Назарбаевтың жастық шағы туралы спектакльдің премьерасынан соң. 25 маусым 2015 жыл.

Қырғызстанда Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жастық шағы туралы спектакльдің премьерасы өтті. Авторлардың айтуынша, қойылымға Назарбаев пен қырғыз жігітінің достығы арқау болған.

Спектакль сценарийіне сәйкес, қырғыз бен қазақ жігіті жақын танысып, бірге оқып, кейін өмірлік досқа айналады. Қазақ жігіті Нұрсұлтан Назарбаевтың маңдайына тағдыр Қазақстан президенті болуды жазады. Ал қырғыз жігіті – қазір марқұм болған Марат Ақматаев Қырғызстандағы ықпалды адамдардың біріне айналады. Қойылым авторларының айтуынша, спектакль желісі өмірде болған оқиғалар мен көзі тірі адамдардың естелік әңгімелеріне құрылған. Спектакльден кейін Марат Ақматаевтың ұлы Қаныбек Ақматаев Азаттықтың Қырғыз қызметіне сұхбат беріп, алған әсерлерімен бөлісті.

– Шынымды айтсам, спекталь біткенше көзіме жас үйіріліп тұрды. Қазір де жүрегім қатты дүрсілдеп отыр. Нұрсұлтан Назарбаев пен әкемнің достығын бала кезімнен білемін. Бала кезімде әкем оны көрсетіп, «ол да әкең» деген еді. Ал 20 жасқа толғанда әкем екеуміз Шолпанатаға барғанбыз, сол кезде Ыстықкөлде демалып жатқан Нұрсұлтан Әбішұлын жолықтырдық. Екеуінің айнымас достар екенін сол кезде түсіндім. Екеуі бұдан кейін де талай кездесіп, өткен-кеткенді еске алып отыратын, – дейді ол.

Қаныбек Ақматаевтың айтуынша, әкесі Украинада Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге оқыған. Марат Ақматаев оқуын бітіргеннен кейін Қырғызстанда түрлі қызметтер атқарған, өмірінің соңғы жылдары туған ауылында тұрған.

Оқи отырыңыз: Нұрсұлтан Назарбаевтың белгісіз құдалығы немесе жарты ғасыр жауапсыз қалған махаббат

Премьераға қырғыз интеллигенциясы өкілдері, мәдениет қайраткерлері және жастар келді. Қырғызстанның халық артисі Қайыргүл Сартбаева Азаттықтың Қырғыз қызметіне берген комментарийінде спектакльді «үлкен сахнаға шығаруға лайық қойылым» деп сипаттады.

Спектакль авторы Аманбек Жапаровқа гүл берушілер. 25 маусым 2015 жыл.
Спектакль авторы Аманбек Жапаровқа гүл берушілер. 25 маусым 2015 жыл.

– Бұл спектакль қарапайым адамдардың жүрегінен орын алады. Сондықтан оны Қырғызстанның аудан, облыстары ғана емес, Қазақстанда да көрсету керек. Залға жұрт көп жиналды. Авторлары мен актерлерге гүл беріп жатты. Меніңше, бұл – өте өзекті спектакль, – дейді Қайыргүл Сартбаева.

Қырғызстанның халық артисі Қырғызбай Омаров басты рөлдерге актерлерді сәтті таңдаған деп есептейді. Оның пікірінше, қаржыландыруға байланысты қойылымның кейбір көркемдік және музыкалық кемшіліктері бар.

Қырғызстанның бұрынғы білім министрі Қанат Садықов «екі елдің достығына арналған негізгі тақырып екі жас жігіттің тағдыры арқылы сәтті ашылған» деп санайды.

– Бірі – Нұрсұлтан Назарбаев. Ол кісінің деңгейін жақсы білеміз. Түптеп келгенде, спектакль қазақ-қырғыз достығын көрсетеді, – дейді ол.

Аманбек Жапаровтың «Ер достығы – егіз, ел достығы – теңіз» драмасын режиссер Марат Қозыкеев сахналаған.

Cахнада - Назарбаев бейнесі
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:26 0:00

Қазақстанда Нұрсұлтан Назарбаевтың ғұмырбаяндық шығармалары негізінде ол туралы «Көшбасшы жолы» киноэпопеясы түсірілген. Былтыр киноэпопея аясында «Балалық шағымның аспаны», «Отты өзен», «Теміртау» көркем фильмдерінің жалғасы болып саналатын «Тығырықтан жол тапқан» картинасының премьерасы өткен.

Азаттықтың Қырғыз қызметінің тілшісі Зайырбек Ажыматовтың мақаласын аударған – Айжан Оралғазина.

XS
SM
MD
LG