Accessibility links

Олимпиада чемпионы Чиншанло Назарбаевқа алғыс айтты


Чиншанлоның баспасөз мәслихаты
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:00 0:00

Лондон олимпиадасының чемпионы Зүлфия Чиншанлоның баспасөз мәслихаты. Видео youtube.com сайтынан алынды. Лондон, 29 шілде 2012 жыл.

Қазақстанды 205 елдің ішінде жетінші орынға шығарған - қоржындағы екі алтын. Біріншісін - Александр Винокуров (велоспорт), екіншісін Зүлфия Чиншанло (ауыр атлетика) әперді.

Чиншанло шілденің 29-ы күні Лондондағы "қазақ ауылында" арнайы баспасөз мәслихатын өткізді. Бұл туралы Азаттыққа Лондоннан спорт журналисі Несіп Жүнісбаев хабарлады.

Баспасөз мәслихатына чемпионмен бірге Қазақстан спорт және дене шынықтыру агенттігінің төрағасы Талғат Ермегияев, Қазақстан ауыр атлетика федерациясының басшысы Қайрат Тұрлыханов және ұлттық құраманың бас бапкері Алексей Ни қатысты.

«НАЗАРБАЙ, РАХМЕТ»

Олимпиаданың алтын жүлдесін алған 19 жасар Чиншанло бұл жүлдесін Қазақстанға арнайтынын айтты. Ол:
Қазақстандық ауыр атлет Зүлфия Чиншанло әлем рекордын жаңартып тұр. Лондон, 29 шілде 2012 жыл.
Қазақстандық ауыр атлет Зүлфия Чиншанло әлем рекордын жаңартып тұр. Лондон, 29 шілде 2012 жыл.

- Мен үшін зілтемірді көтеру оңай болды. Маған мына мойнымдағы алтын медальды көтеру қиын болып тұр. Бұл жеңіс үшін төрт жыл бойы дайындалдым. Алтынымды бүкіл Қазақстан еліне арнаймын, - деді.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен парламент депутаттары Чиншанлоны жеңісімен құттықтап жедел хат жолдады. Назарбаевтың құттықтауына орай Чиншанло:

- Назарбай рахмет, - деді.

Ал ауыр атлетикадан Қазақстан құрамасының бас бапкері Алексей Ни «Бұл - жеңісіміздің басы ғана» деп мәлімдеді.

- Олимпиада алдында екі алтын жоспарлағанбыз. Біз енді үш алтын деп отырмыз. Алда жарысқа шығатын Мая Манеза, Светлана Подобедова, Илья Ильин бар. Бәрінен алтын күтеміз. Анна Нұрмұхамедова мен Алмас Өтешов те жүлдеге таласады. Біздің басты қарсыластарымыз - Қытай және Ресей атлеттері, - деді бас бапкер.

Алексей Нидің ойынша, Зүлфия Чиншанло тактикалық тұрғыдан жеңіске жетті.

- Жұлқа көтеруде 95 килограмды көтерген соң, серпе көтеруде әлем рекордын жаңартамыз деп мақсат койдық. Бірден 125 килограмм салмаққа тапсырыс бердік.
Алексей Ни, ауыр атлетикадан Қазақстан құрамасының бас бапкері. Талдықорған, 7 маусым 2012.
Алексей Ни, ауыр атлетикадан Қазақстан құрамасының бас бапкері. Талдықорған, 7 маусым 2012.
125 килограмды жарысқа келген спортшылардың ешқайсысы көтере алмайтынын білеміз. Чиншанлоға бұл салмақ еш қиындық туғызбайды. Бірінші мүмкіндігін оңай көтеріп, спортшымыз алтынды қиналмай алды. Екінші талпынысында 131 килограмды көтеріп, әлем рекордын жаңартты. 2011 жылы Парижде өткен әлем чемпионатында орнатқан өз рекордын өзі түзетті, - деді команда жаттықтырушысы.

Ал Қазақстан құрамасының кеңесшісі түркиялық маман Энвер Түркелери олимпиада алдында «Чемпион болам деген спортшы бірінші мүмкіндігінен алтын алып, одан кейін рекорд жаңартуға тырысуы керек. Біз барлық спортшыларымызға осы қағиданы үйретіп жатырмыз» деген мәлімдемеген еді.

СУ ДОБЫНАН ҚАЗАҚСТАН ҚҰРАМАСЫ ЖАРЫСТЫ ЖЕҢІЛІСПЕН БАСТАДЫ

Олимпиада ойындарының екінші күні (29 шілде) жарысқа шыққан қазақстандық спортшылардың нәтижесін ұсынамыз.
60 килограмм салмақ дәрежесі бойынша рингке шыққан Қазақстан боксшысы Ғани Жайлауов (сол жақта) таиландтық спортшы Саилом Ардеемді жеңді. Лондон, 29 шілде 2012 жыл.
60 килограмм салмақ дәрежесі бойынша рингке шыққан Қазақстан боксшысы Ғани Жайлауов (сол жақта) таиландтық спортшы Саилом Ардеемді жеңді. Лондон, 29 шілде 2012 жыл.

Бокстан Ғани Жайлауов (60 кг) алғашқы қарсыласы, Таиланд спортшысы Саилом Ардеемен тең түсті (12:12). Бірақ төрешілердің шешімімен жеңіс Жайлауовқа берілді. Қазақстан боксшысы екінші айналымда үндістандық Джаи Бхагванмен кездеседі.

Теннистен Ярослава Шведова румыниялық Симон Халепті ұтып, екінші кезеңге шықты. Ал Галина Воскобоева Тимеа Бабоштан ұтылып қалды – 4:6, 2:6. Ол жеке ойнайтын теннистегі жарысын аяқтады.

Дзю-додан Сергей Лим (66 кг) бірінші белдесуінде болгариялық Мартин Ивановты ұтқанымен, екінші кездесуінде жапониялық Масаши Эбинумадан жеңіліп қалды. Сөйтіп ол жарыстан шығып қалды.

100 метрге шалқалап жүзуде Александр Тарабрин мен Екатерина Руденко да финалға шыға алмай жарысты ерте аяқтады.

Спорттық гимнастикадан Сергей Горбачев - 30, Мөлдір Әзімбай 58-орыннан аса алмады.
Дзюдошы Сергей Лим жапониялық Масаши Эвинумамен күресіп жатыр. Лондон, 29 шілде 2012 жыл. Сурет Reuters агенттігінің сайтынан алынған.
Дзюдошы Сергей Лим жапониялық Масаши Эвинумамен күресіп жатыр. Лондон, 29 шілде 2012 жыл. Сурет Reuters агенттігінің сайтынан алынған.

Су добынан Қазақстан құрамасы Испаниядан ұтылды – 6:14. Алайда әлі алда төрт ойын бар. Қазақстан комнадасының ширек финалға шығуы қиын болмақ. Өйткені алда тұрған төрт ойынның кем дегенде үшеуінде жеңіске жетсе ғана келесі кезеңге өтеді.

Стенд атудан Ангелина Мищук тоғызыншы орынға тұрақтады. Слалом есуден 19 жасар Рафаиль Вергоязов 15-ші орынды қанағат тұтты.
XS
SM
MD
LG