Accessibility links

Медведев Пекинде Си Цзиньпинге Путиннің "жеке хатын" тапсырды


Дмитрий Медведев және Си Цзиньпин. Пекин, 12 жедтоқсан 2024 жыл.
Дмитрий Медведев және Си Цзиньпин. Пекин, 12 жедтоқсан 2024 жыл.

Ресей Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Дмитрий Медведев Пекинде Қытай жетекшісі Си Цзиньпиннің қабылдауында болып, оған президент Владимир Путиннің "жеке хатын" тапсырған. Ресми ақпаратқа қарағанда, тараптар екі ел арасындағы келісімдерді жүзеге асыру барысын талқылаған.

"Екі жыл бұрын да осындай кездесу болған, ал қазір басқару партиялар арасындағы өзара ықпалдастық бойынша өтіп жатыр. Сізге Путиннің сәлемін жеткізгім келеді және оның жеке хатын тапсырайын" деді Медведев келіссөз кезінде.

Медведев соңғы рет Қытайға 2022 жылы желтоқсанда барған. Ол кезде де Қытай басшысы Си Цзиньпинмен кездесіп, Путиннің хатын тапсырған. Құжатта Ресей-Қытай арасындағы саяси диалог пен тәжірибелік кооперацияның теңдессіз деңгейі жөнінде айтылған.

Ресейдің Украинаға қарсы соғысы жалғасып жатқан тұста АҚШ пен Еуроодақ елдері Мәскеу мен Пекин әскери әріптестікті жалғастырып жатыр деп санайды. Ресей мен Қытай мұны жоққа шығарады. Қытай билігі соғыста тараптардың ешқайсысы қолдамайтынын мәлімдеген және мәселені дипломатиялық жолдармен шешу қажеттігін айтқан.

Қытай Ресей басып алған Украина аймақтарын "Ресей аумағы" деп танымаған, бірақ Мәскеуге қарсы санкцияларға да қосылған жоқ. Дегенмен жанама санкциядан қауіптенген Қытай банктері Ресеймен қаржы операцияларын шектеген.

Қытай былтыр бейбітшілік жоспарын ұсынған, алайда онда талап-тілектер болғанмен нақты ұсыныстар айтылмаған.

XS
SM
MD
LG