Accessibility links

Денсаулық министрлігі "қызуы көтерілгендердің" қалай дауыс беретінін түсіндірді


Сайлаушыларды 2021 жылғы 10 қаңтарда өтетін Қазақстан парламенті мәжілісі мен жергілікті мәслихаттар депутаттарын сайлауға дауыс беруге шақыру қағазы. Алматы, 29 желтоқсан 2020 жыл.
Сайлаушыларды 2021 жылғы 10 қаңтарда өтетін Қазақстан парламенті мәжілісі мен жергілікті мәслихаттар депутаттарын сайлауға дауыс беруге шақыру қағазы. Алматы, 29 желтоқсан 2020 жыл.

Азаттық тілшісіне жауап берген денсаулық сақтау министрлігінің өкілі дене қызуы жоғары адамдарға дауыс беру үшін бөлек орын бөлінетінін хабарлады. Бұл жөнінде 3 қаңтарда өткен брифингте айтылды.

– Сайлау учаскесінің алдында дене қызуын өлшеу – басты міндет. Температурасы бар адамдар дауыс беруге арналған жалпы орынға жіберілмейді. Бірақ олар сайлау құқығын жүзеге асыра алуы үшін дәл сол сайлау учаскесінде бөлек үй-жай қарастырылады, – деді санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрайымы Айжан Есмағамбетова.

Оның айтып отырғаны – Covid жұқтырғанболуы мүмкін деген адамдарға арналған изолятор.

Жаңа жылдың қарсаңында Алматы қалалық аумақтық сайлау комиссиясының төрайымы Жанна Асанова 10 қаңтарда дене қызуы жоғары адамдар сайлау учаскесіне жіберілмейді деп мәлімдеген. Артынша республиканың бас санитарлық дәрігерінің сайлауға қатысты қаулысы жарық көрді.

2020 жылғы 29 желтоқсанда жарық көрген қаулыда: "Дауыс беру күні жергілікті атқарушы органдар дауыс беруге арналған үй-жайдың кіреберісінде сайлау процесіне қатысушыларда дене температурасының жоғарылауы (37ºС-тан жоғары) және КВИ ауруының өзге де симптомдары анықталған жағдайда оларды медицина қызметкерінің қарап-тексеруі не жедел жәрдем бригадасының келуін күту үшін сайлау учаскесіндегі жеке үй-жайға оқшаулауды... қамтамасыз етеді. Сайлаушы дауыс беруге арналған үй-жайдан тыс жерде көзделген үй-жайда дауыс беруге құқылы" делінген.

Заң бойынша, денсаулық жағдайына немесе отбасындағы науқас адамға қарауына байланысты, болмаса шалғай ауданда тұратындықтан дауыс беруге келе алмайтын болса, сайлаушы дауыс беру күні сағат 12-ге дейін учаскелік сайлау комиссиясына жазбаша өтініш жазуы керек. Сол негізде сайлау учаскесінің мүшелері сайлаушының үйде дауыс беруіне мүмкіндік жасауы тиіс.

Алайда осы күнге дейін Қазақстанның мемлекеттік органдары сағат 12-ден кейін дене қызуы көтерілетін адамдар не істеуі керегін анықтап айтпаған. 10 қаңтарда сайлау учаскелерінде бақылау жүргізетін адамдарға қатысты ереженің де қандай екені белгісіз.

– (Заң бойынша) өтініштерді жинап, жылжымалы жәшік алып шығып, дауыс беруді ұйымдастыру керек. Сағат 12-ден соң қызуы көтерілетін адамдар не істейтінін биліктегілер әлі білмейді. Қандай да бір шектеу болса, бұл жағдайда не істеу керегін нақты айтуы тиіс. Сауал жібергенбіз, бірақ ешкім жауап бермеді, – деді "Эхо" қоғамдық ұйымының президенті Павел Лобачев.

Бұған қоса тәуелсіз бақылаушылар дене қызуы жоғары адамдарға арналған "бөлек үй-жайда" дауыс беруді бақылау қалай жүзеге асатынын да "ешкім түсіндірмеді" дейді.

3 қаңтардағы брифингте Айжан Есмағамбетова "31 желтоқсаннан бастап 3 қаңтар 24.00-ге дейін сайлау комиссиясы мүшелерін, бақылаушыларды және сенімді өкілдерді тегін ПТР тестіден өткізу бойынша өтініштер қабылданатынын" айтты.

Ал бас санитарлық дәрігердің аталған қаулысында бақылаушылар мен барлық сенімді өкілдер "2020 жылғы 25 желтоқсан мен 2021 жылғы 5 қаңтар аралығында" COVID-19 инфекциясына ПТР әдісімен зертханалық тестіден өтуге міндетті. Бұған қоса құжатта "ПТР әдісімен жасалған COVID-19 тестін сайлау басталатын уақытқа кемінде бес тәулік қалғанда тапсыруы керек" деп жазылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG