Ресей президенті Владимир Путин "ішінара" мобилизация жариялаған күннің ертесіне Алматыдағы пәтер бағасы бірнеше пайыз, кейбірі тіпті бірнеше есе өсті. Жылжымайтын мүлік нарығы жайлы хабарландырулар жарияланатын Krisha.kz сайтында бір бөлмелі кей пәтерді жалға беру бағасы 200 мың теңгеден 500 мың теңгеге (416 – 1040 доллар) дейін өскенін көруге болады. Кейін қазақ-орыс шекарасының Ресей жағында бірнеше шақырымдық кезек пайда болған соң, басқа қалаларда да жалға берілетін пәтер бағасы күрт көтеріліп кетті.
"ОРЫСТАР КЕЛІП ЖАТЫР, АҚША ЖАСАП ҚАЛУЫМ КЕРЕК"
Желіде тараған ақпаратқа қарағанда, Алматыда баспана жалға алып тұрып жатқан адамдар баға өсетіні туралы хабарды 21 қыркүйектен бастап ала бастаған.
"Сәрсенбі күні үй иесі келесі айдан бастап пәтерді бір айға жалға алу бағасы 230 мың теңге (478 доллар) болатынын WhatsApp-пен жазып жіберді. Бұған дейін біз 160 мың теңге (332 доллар) төлеп келгенбіз" дейді алматылық Адия Шакирова.
Ол биылғы мамырдан бері екі бөлмелі пәтерді құрбысымен бірігіп жалға алып тұрған. Жас қыз "енді жаңа бағамен пәтерге жалақымның 40 пайызын беруім керек. Ондайды қалтамыз көтермейді, жаңа пәтер іздеп жатырмыз" дейді.
Үй иесі бағаның өсуін көрші елдегі мобилизацияға байланысты емес, "ақша керек болып тұр" деп түсіндірген. Қыздардың пәтерді жалға алу жөнінде жасаған келісімі қазаннан бастап тоқтайтындықтан олар мүлік иесінің әрекетіне шағымдана алмайды. 27 қыркүйекте Адия Азаттыққа қаладан ай сайынғы төлемі 250 мың теңгеден арзан екі бөлмелі пәтер таппағанын айтты.
Tiktok желісінде 21 қыркүйектен бері пәтер бағасы өсіп, басқа баспана іздеуге мәжбүр болған студенттердің оннан астам видеосы жүр. Солардың бірінде үй иесі алматылық студентке "Орыстар келгенін естіген шығарсың. Маған да ақша жасап қалу керек. Екеуміз келісімге отырған жоқпыз. Ертеңге дейін уақыт берем. Не 500 мың теңге төлеп тұра бересіңдер, не пәтерді босатасыңдар" дейді. Ол бұған дейін бір бөлмелі пәтер үшін ай сайын 170 мың теңге төлеп келгенін айтты.
"Ресейден көп адам келді деп бәрі [бағаны] көтергесін, мен де көтердім. Кейбірі 500 я 600 мыңнан, тіпті 800 мыңға дейін қойып жатыр. Менікі әйтеуір 400 мың [теңге]" деді Азаттыққа бір бөлмелі пәтерін жалға беріп жатқан азамат.
"АРЫ КЕТСЕ 1-1,5 АЙҒА СОЗЫЛАДЫ"
Ішкі істер министрлігінің 27 қыркүйекте жариялаған дерегінше, 21 қыркүйектен бастап Қазақстанға 98 мың ресейлік келген. Оның 65 пайызы, яғни 64 мыңы елден шығып үлгерген.
Krisha.kz сайтының 26 қыркүйектегі деректеріне қарағанда, Қазақстанның Ресеймен шекаралас қалаларындағы жалға берілетін пәтер бағасы бір апта ішінде 15-34 пайызға дейін өскен. Олар: Орал, Ақтөбе, Қостанай, Петропавл, Павлодар және Семей. Компания сарапшылары аталған аймақтарда жалға берілетін пәтер туралы хабарландыру қаралымы 2-3 есе өскенін айтады. Қалалардың арасындағы ең көп өсім Атырауда байқалады. "Бұл спекуляциялық фактор болса керек. Өйткені Атырауда сұраныстың күрт артқаны байқалмайды" дейді сарапшылар.
Ал Алматы мен Астанада пәтерді жалға алу бағасы тиісінше 5,1% және 5,6 пайыз өскен.
Қазақстан риелторларының бірлескен ассоциациясы президенті Александр Пак та бағаның жаппай шарықтауы байқалмайды дейді. Ол пәтерді жалға берушілердің нақты қанша пайызы бағаны көтергені белгісіз екенін, бірақ ашық дереккөздердегі мәліметке қарағанда бұл көрсетіш 20-25 пайыздан аспайтынын айтады.
"Ең қызығы, бұрыннан қымбат жоғары сегменттегі пәтерлер мен қала шетіндегі, жағдайы нашарлау төмен сегменттегі пәтерлердің бағасы өскен. Ал айлық төлемі 250-350 мың теңге тұратын орта сегмент сол қалпы" дейді ол.
Риелторлар ассоциациясының мәліметіне қарағанда, шекарадағы қалаларды есепке алмағанда, елде жалға берілетін пәтерге сұраныс қатты артпаған. Александр Пактың айтуынша, қазір Алматыдағы жылжымайтын мүлік нарығында жалға берілетін 600-ге жуық пәтер бар. Ал бұл Алматы үшін тұрақты көрсеткіш. "Егер Ресейден ондаған мың адам көшіп келіп жатса, бұл көрсеткіш азаяр еді" дейді ол.
Сарапшы нарықтағы қазіргі дүрбелеңді мүлікті жалға берушілердің қаржы және экономикалық сауатсыздығымен байланыстырады. Сөзінше, қазіргі ахуал пәтерді жалға берушіге де, жалға алушыға да кері әсерін тигізеді.
"Бұл дүрлігу ары кетсе 1-1,5 айға созылады. Жалпы қоғамдағы кез келген дүрлікпенің орташа уақыты осындай. Оның үстіне ресейліктер мұнда көші-қон заңы бойынша, 3 айдан артық тұра алмайды. Ақшасы да таусылады. Кейін баға қайтадан орнына түседі. Парето заңы бойынша, жалға беруші табысының 80 пайызы – клиенттерінің тұрақты 20 пайызынан түскен кіріс. Ресейліктер 1-2 ай ғана қымбатқа жалдап, кетіп қалғанда пәтер иесі жаңа тұрғын іздеп уақыт кетіреді. Сондықтан олар қазіргі тұрғындары әлдеқайда тиімді екенін түсінуі керек" дейді Пак.
ЭКОНОМИКАҒА ӘСЕРІ
Кейінгі бірнеше күнде халықтың бір бөлігі ресейліктер көші Қазақстандағы еңбек нарығына, баспана мен тұтыну заттарының қымбаттауына, қоғамдағы көңіл күйге әсер етеді деп қауіптеніп, билікті шекараны жабу сияқты шаралар қабылдауға үндеген. Бірақ президент Қасым-Жомарт Тоқаев "қазір елге бірлік керек" деп иммигранттарға көмектесуді тапсырды. Премьер-министр Әлихан Смаилов оларға тіркеуге тұруға, жұмысқа орналасуға жәрдемдесу керегін айтты.
27 қыркүйекте қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Азаттық тілшісіне үкімет пәтер бағасын түсіруге араласпайды деді. "Әркімнің өз пәтері өзіне. Бұл жалға берушінің азаматтық позициясына байланысты" деді министр.
"Бұл нарық экономикасы үшін қалыпты жағдай. Бәрі пайда көріп қалғысы келеді" дейді экономикалық шолушы Сергей Домнин.
Азаттықтың Ресеймен шекаралас аймақтағы тілшілері шекараның арғы жағында кезек әлі азаймағанын айтады. Сондықтан Қазақстанға әлі қанша ресейлік келетінін белгісіз.
"Нақты деректерсіз мұның әсерін бағалау қиын. Бірақ ерте ме, кеш пе, баға тұтынушылардың мүмкіндігіне барып тіріледі. Өйткені жыл басынан бері келіп, осында тұрақтап қалған ресейліктер саны – ондаған мың адам ғана. Сондықтан негізгі тұтынушы олар емес, жергілікті тұрғындар болмақ" дейді Сергей Домнин.
Тұрғын үй саласындағы қаржы маманы Айбар Олжаев та қазір келіп жатқан ресейліктер көшінің экономикаға қатты әсері болмайды деген болжам айтады.
"Олар әкелетін рубль доллар мен еуро сияқты емес, басқа нарықта конвертацияланбайды. Сондықтан бізде жиналған рубль массасы арқылы Ресей нарығына тәуелді боламыз. Ал көшіп келген халық инфрақұрылымға салмақ салып, қоғамда наразылық өсуі мүмкін" дейді ол.
Ішкі істер министрлігінің 23 қыркүйектегі дерегінше, жыл басынан бері Қазақстанға 1,66 миллион ресейлік келіп, 1,64 миллионы елден кеткен. 4 мыңнан астам адам Қазақстанда тұруға ықтиярхат алып, 441-і азаматтық алуға өтініш берген.
ПІКІРЛЕР