Accessibility links

"Әй-шәйға қаратпай әкетті". Ресейдегі мобилизацияға мигранттар да ілікті


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Мәскеуде Қырғызстан тумасы, Ресейде әскери қызметте болмаған әрі бүйрегі ауыратын 36 жастағы азаматты әуелі полицияға, кейін мобилизация орталығына алып кеткен. Сол жерде талып қалған ол екі рет жедел жәрдем көмегіне жүгінген. Ауруханадан шыққан соң мобилизация орталығына барудан бас тартқан азамат қазір құқық органдарынан тығылып жүруге мәжбүр.

Қауіпсіздік мақсатында кейіпкер мен оның зайыбының аты-жөні өзгертілді.

ПОЛИЦИЯ РЕЙДІ

10 қазанда таңертең Есеннің үйінің есігін қаққан. Әйелімен және бірінші сыныпта оқитын қызымен бірге Мәскеудің орталығында тұратын жігіт есік ашқаны сол екен, ештеңе айтып түсіндірмеген полиция қызметкерлері пәтерге сау етіп кіріп келген.

"Төменгі қабатта қырғыздар тұратын. Соларға үнемі келетін еді. Оларға кезекті рет келгенде пәтерден әйел шықты. Полицияны бізге әкелген сол" деді Есен.

Полиция өкілдері Мәскеуде рейд жүріп жатқанын хабарлап, құжаттарын көрсетуді сұраған. 2009 жылы алған Ресей паспортын көрсетіп, тұрғылықты жеріне тіркелгенін айтқан Есенді полиция басқа қырғыздармен бірге бөлімшеге алып кеткен.

– Рейд бір апта бойы жүрді. Біз орталықта, Арбатта тұрамыз, бізді де тексереді. Қырғыздардың қай подъезде тұратынын біледі. Олар бірден қырғыздар тұратын алтыншы қабатқа көтерілген. Оларға жоғары қабатта тағы қырғыздар барын айтқан. Сөйтіп бізге жетті. Ойында түк жоқ, полиция сұраған соң Ресей паспортын көрсеткен оны әй-шайға қаратпай Арбат ауданы полиция бөлімшесіне алып кетті, – дейді Есеннің әйелі Гүлмира.

БҮЙРЕГІНЕ ОПЕРАЦИЯ ЖАСАТҚАН

Есенмен бірге полицияға барған адамдардың Қырғызстан паспорты болған. Полиция олардың құжаттары дұрыс емес екенін анықтап, бес мың рубль айыппұл салып, босатқан. Бірақ Ресей азаматтығын алған, кезінде Қырғызстан армиясында әскери борышын өтеген Есенді жібермей, түске дейін ұстаған.

"2009 жылы Ресей паспортын алатын кезде [Қырғызстандағы] әскери билетті тапсырғанмын. Деректер базасын тексерген кезде менің әскери билетімді тауып алды. Содан кейін мені екі ай дайындықтан соң соғысқа жіберуі мүмкін еді" дейді Есен.

Сол күні түстен кейін Есенді Мәскеу музейіндегі уақытша мобилизация орталығына апарған. Украинаға соғысқа баруға ықыласы жоқ Есен әйеліне хабарласып үлгерген.

Есен он жылдам астам уақыт Ресейде сантехник болып жұмыс істейді. Бірнеше жыл бұрын бүйрегі ауыратыны анықталып, операция жасатқан, кейінгі жылдары жұмыс істеуі қиындаған.

Ол мобилизация орталығы қызметкерлеріне бүйрегі ауыратынын, соғыспақ түгілі, суы бар шелек көтеруге денсаулығы жарамайтынын түсіндіруге тырысқан. Бірақ оның сөзін ешкім елемей, екі айдан кейін соғысқа аттанатынын ескерткен.

Ресейде жарияланған мобилизация бойынша армия қатарына шақыртылған азаматтарды тіркейтін орында әскери билеттерді реттеп отырған адам.
Ресейде жарияланған мобилизация бойынша армия қатарына шақыртылған азаматтарды тіркейтін орында әскери билеттерді реттеп отырған адам.

"Бүйрегім ауыратынын айттым, алайда ешкім сенген жоқ. "Сап-саусың" деп жауап қатты. Бірақ айтқанымнан қайтпадым. Сол жерде қалатын болсам, мені армияға алып кететін еді" дейді Есен.

Оған мобилизация орталығында су да бермеген. Таң атқаннан бір тамшы су ішпеген Есеннің қан қысымы көтеріліп, ол есінен танып қалған. Сол жерге жедел жәрдем шақырған. Мәскеу музейіндегі мобилизация орталығына Гүлмира да барған.

"Оған су татпай жүруге болмайды. Үнемі су ішуі керек. Таң атқаннан нәр татпай, талып қалған. Сол жерге барғанымда, жедел жәрдем көлігінің жанында отырғанын көрдім. Әскерилер ол бір күнде анализ тапсырып, ертеңіне қайтып келуі керек деді. Егер қашса, іздеу жариялайтынын, себебі паспортын алып қалатынын айтты. Қашатын жеріміз жоқ деп жауап бердім, өйткені бүкіл тірлігіміз осында. Олардың мигранттарға дөрекі қарағанын көрдім. Сонда жүк тасушы болып жұмыс істейтін егде тартқан қырғыз болды. Ол сол күні 1-2 жас қырғызды армияға жібергенін айтты" деді Гүлмира.

"ІЗДЕУ ЖАРИЯЛАЙМЫЗ ДЕП ҚОРҚЫТТЫ"

Жедел жәрдем көлігі Есенді ауруханаға жеткізген. Оны кешкі сағат беске қарай босатқан. Медицина қызметкерлері оның медициналық сақтандыру қағазын көріп, бүйрегіне операция жасалғанын растаған.

Бірақ әскери коммисариат оған да қарамай, Есенге "ертең таңертең армияға кетесің" деп ескерткен.

"Бүгін сағат 11:00-де кел деді. Олар фотомды, әскери билетімді алып, шақыртуға қол қойған соң бірден армияға жіберетін еді. Бірақ шақыртуға қол қойған жоқпын, бүгін міндетті түрде келемін деп жазып кеттім" дейді Есен.

Үйіне келген соң Есеннің жағдайы тағы нашарлап, екінші рет жедел жәрдем шақырған. Есен ертеңіне мобилизация орталығына бармаған, ол әлі күнге полициядан тығылып, үйінде қонбай жүр.

Ресей азаматтығын алған мигранттардың көбі сияқты Есен де Қырғызстан паспортын тапсырмаған. Бірақ құжатты елінде қалдырып кеткен. Қазір соны Мәскеуге алдырудың амалын қарастырып жатыр. Есен паспорты қолына тисе әйелі мен баласын алып, Ресейден кеткісі келеді. Олар көмек сұраған құқық қорғаушылар елден кеткенің жөн деп кеңес беріпті.

"Мобилизация орталығын көзіммен көрдім. Мәскеудің қақ ортасында әрі үлкен. Қарапайым адамдар кетіп жатыр. Ұлын шығарып салып жатқан аналарды көрдім. Олар келген бетте аты-жөнін жазып алады, шетке алып шығып әскери форма береді де, киімін ауыстырған соң бірден алып кетеді. Енді Қырғызстаннан паспортты тезірек беріп жіберсе деп күтіп отырмыз" деді Есеннің әйелі Гүлмира.

Ресми ақпарат бойынша, Ресейде Қырғызстаннан келген бір миллионнан астам мигрант бар. Бейресми деректерде қырғыздардың 500 мыңнан астамы Ресей азаматтығын алған деп көрсетіледі.

Ресей мен Қырғызстан арасында екі елдің азаматтығын мойындау туралы келісім жасалмаған. Бірақ соған қарамастан Ресей паспортын алған мигранттардың көбі Қырғызстан азаматтығынан бас тартпаған.

Ресейдің Украинадағы соғысқа қос азаматтығы бар адамдарды жіберген кездері белгілі болды. Содан кейін Қырғызстанның Ресейдегі елшілігі Ресей паспорты бар қырғыздардың Ресей азаматы екенін ескертті.

Соғысқа барғысы келмейтін қырғыздарға көмек көрсетіп жүрген заңгер және құқық қорғаушы Гүлиза Ақматсияева Ресей азаматтығынан бас тарту оңай шаруа емес дейді:

– Процедура оңай емес. Азаматтықтан бас тарта алмайсың. Қазіргі жағдайда ешкім өтініш жазып, азаматтықтан бас тарта алмайды.

8 қазанда Ресейдегі мигранттарға көмек көрсетіп жүрген құқық қорғаушы Валентина Чупик Kloop басылымына берген сұхбатында Ресейде мобилизация басталғалы 242 адамға елден кетуге көмектескенін, көбінің қолында қос елдің де паспорты болғанын айтты. Құқық қорғаушы әскерге шақыртуды тек Ресей азаматтары алып жатпағанын айтады.

"Шақыру тұрақты тіркеуі, Ресейде уақытша тұруға рұқсат қағазы я ықтиярхаты бар адамдарға – оларда Ресей азаматтығы бар-жоғына қарамастан – келіп жатыр. Шақыру алудан бас тарту керек. Бұл үшін 500-3000 рубль айыппұл салады, бірақ шақыруды алып кету үшін әскери коммисариатқа баруға мәжбүрлеуі мүмкін. Сондықтан, сізге шақыру бермей кетіп қалса, оны есікке немесе пошта жәшігіне қыстырып кетсе, керек заттарыңызды жинап, бұл жақтан кетіңіздер" дейді Чупик.

Украинадағы соғыста мыңдаған сарбазынан айырылған Ресей билігі 21 қыркүйекте елде "ішінара" мобилизация жариялаған. Президент Владимир Путин "мобилизация әскери дайындықтан өткендерді ғана қамтиды" деді.

Қыркүйектің аяғынан бері Ресейдегі мобилизациядан шетелге қашқандар күрт көбейді. Көрші Қазақстанға, ресми дерек бойынша, 300 мыңға жуық ресейлік қашып барған. Ресейден Орталық Азияның басқа елдеріне, Грузия, Моңғолияға кеткендер де аз емес.

Азаттықтың Қырғыз қызметінің тілшісі Қасым Рахманқұловтың материалынан аударылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG