Accessibility links

Молдовада батысшыл президент сайланды. Бұл кедей елді тығырықтан шығара ма?


Молдованың жаңа сайланған президенті Мая Санду.
Молдованың жаңа сайланған президенті Мая Санду.

Еуропа парламентінің бұрынғы мүшесі және Румынияның бұрынғы әділет министрі Моника Маковей Майя Сандудың Молдованың жаңа президенті болып сайлануын Еуропадағы ең кедей елдердің бірі үшін "жаңа бастаманың" мүмкіндігі ретінде көреді. Оның сөзінше, бұл мүмкіндікті қолдан жіберіп алуға болмайды.

Осы күндері Гарвард университетіндегі Еуропалық зерттеулер институтының сарапшысы қызметін атқарып жүрген Моника Маковей "Қазір Молдованы құтқарып қалудың бұдан басқа жолы жоқ" дейді.

"Бұл президентте қазір мүмкіндік бар. Ол мұны пайдаланғысы келеді және ең маңыздысы оның бұған қабілеті жетеді. Бұған қоса, ол халықаралық қолдауға ие болмақ – оны Еуроодақ, АҚШ және бүкіл демократиялық қауымдастық қолдайды", – дейді Маковей Азаттыққа. "Оны Молдова халқы да қолдап отыр".

Вашингтонда орналасқан Jamestown Foundation зерттеу орталығының сарапшысы Владимир Сокор Сандудың президент болып сайлануы Молдова үшін түбегейлі өзгерістің нышаны деген пікірге келіседі. Оның сөзінше, постсоветтік Молдованың тарихында бұрын-соңды батыста білім алған, "Еуропа елдері басшыларымен, жалпы халықаралық қауымдастық жетекшілерімен тең дәрежеде қарым-қатынас жасай алатын" ағылшын тілді, технократ президент болмаған.

Майя Санду 15 қарашада өткен сайлаудың екінші кезеңінде сайлаушылардың 58 пайыз дауысын жинап, қазіргі президент, ресейшіл Игорь Додонды айқын басымдықпен жеңді.

"Президент сайлауында Додон ғана жеңілді деуге болмайды", – дейді Сокор. "Молдовада Совет Одағы жеңілді. Молдовадағы Совет Одағының сарқыншақтары күйреді".

Теңізге шыға алмайтын, 3,5 миллионға жуық халқы бар Молдова Румыния мен Украинаның ортасында орналасқан. Дүниежүзілік банктің дерегінше, Молдова Еуропада жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім (ЖІӨ) көрсеткіші жөнінен Украинадан ғана алда тұр. Сыбайлас жемқорлық жайлаған бұл ел БҰҰ-ның Адам дамуының индексінде Еуропа елдері арасында соңғы орында тұр. 2014 жылы Молдовада банктерден 1 миллиард доллар (Молдованың жылдық ЖІӨ-нің 12 пайызына тең) жымқырылып, халықаралық қауымның назарын аударған дау шыққан.

ҚАРЫМ-ҚАТЫНАС МӘСКЕУМЕН ҒАНА ОРНАМАЙДЫ

Дүниежүзілік банктің бұрынғы экономисі, Молдова премьер-министрі болған 48 жастағы Майя Санду сайлауалды кампаниясында геосаясат тақырыбында сөз қозғаудан тартынған. Ол Молдовада сыбайлас жемқорлықпен күресуге, басқару институттарын нығайтуға және Еуропа одағы елдерімен келісімге сүйенуге уәде берген. Ол Молдованың ұлттық мүдделеріне "прагматикалық көзқараспен" қарауға, оның ішінде Украина, Румыния, Еуропа елдері, Ресей және АҚШ-пен диалог орнатуға үндеген.

Алайда барлық елмен тең байланыс орнатуды көздейтін бұл саясат қазіргі президент Игорь Додонның Молдованы оқшаулау саясатынан қазірдің өзінде бас тарту болып саналады. Додон президент болған төрт жылда Ресеймен ғана байланыс орнатуға мән беріп, 2017 жылы Молдова Ресей жетекшілік ететін Еуразия экономикалық одағына бақылаушы ел деген мәртебе алған. Додон төрт жыл ішінде Мәскеуге 30-дан астам рет барған, бірақ көрші тұрған Украинаға немесе Румынияға. Соңғысы – Молдованың ең ірі сауда әріптесі.

Молдова президенті Игорь Додон Ресей президенті Владимир Путинмен кездесуде. Мәскеу, 30 қаңтар 2019 жыл.
Молдова президенті Игорь Додон Ресей президенті Владимир Путинмен кездесуде. Мәскеу, 30 қаңтар 2019 жыл.

Киевтегі "Жаңа Еуропа" орталығының сарапшысы Леонид Литраның сөзінше, Додонның тұсында Молдованың Украинамен қарым-қатынасы "дипломатиялық тұрғыда үзіліп қалды". Додон Молдованы іс-жүзінде "дипломатиялық карантин" жағдайына жеткізіп, елдің "қарқынды күн" тәртібін орнатуына жол бермеді.

Майя Санду мен Игорь Додон арасындағы айқын қайшылық сайлаудан кейін де сейілмей тұр. Жаңа сайланған президенттің кеңсесі Сандудың ұлықтау рәсімінен кейін бірден Бухарест пен Киевке сапарын ұйымдастыруға кірісіп кетті. Ал Додон парламенттегі Социалистік партия фракциясын басқаруға оралуға дайындалып жатқандықтан, Мәскеуге кеңесуге баратынын жариялады.

"Біздің көршілерімізге бармауымыз, ал олардың бізге келмеуі деген мүлдем біртүрлі жағдай", – дейді Киишневте тұратын саясаттанушы Алексей Тулбуре Азаттықтың Молдова қызметіне. "Мұның барлығы аяқталды. Енді мүлдем басқаша жағдай орнайды".

ЕНДІГІ КҮРЕСКЕ ДАЙЫНДЫҚ

Сандудың жеңісі Молдованы басқаруды жаңа арнаға бұрса да, оған өз ойындағысын іске асыру үшін көп күрес жүргізу керек. Шын мәнісінде, Молдова – парламенттік республика, онда президент құзыреті едәуір шектелген.

"Оның жеңісі – тамаша жаңалық", – дейді Украинаның бұрынғы сыртқы істер министрі Павел Климкин. "Бірақ ол Молдоваға берілген мүмкіндік қана. Бұл ертең немесе оның арғы күні барлығы өздігінен жақсарып кете салады деген сөз емес. Майя Сандудың қарсыластары көп. Олардың көбі елде саяси дағдарыстар тудыру арқылы оны аяқтан шалуға тырысады. Біз қазір оның біраз уақыт бір саяси дағдарыстан келесі біріне тап болып жүргенін көріп отырмыз".

Атқару билігінің көп құзыреті үкіметте, ал қазір оны бұрын Додонның көмекшісі болған Ион Кику басқарып отыр. 2019 жылы 14 қарашада премьер-министр қызметіне тағайындалған ол алты күннен кейін Мәскеуге сапарлаған. Үкіметті парламенттегі 101 орынның 37-сін иеленген Додонның Социалистік партиясы бақылайды.

КЕЗЕКТЕН ТЫС ПАРЛАМЕНТ САЙЛАУ ӨТЕ МЕ? ҚАШАН?

Президент сайлауы өткеннен кейін Молдовадағы саяси дағдарыс енді парламентте жалғасайын деп тұр. Парламент сайлауы 2023 жылы өтуі керек. Бірақ Додон жеңіліске ұшыраған соң сайлауды мерзімінен бұрын өткізуге деген қысым күшейді.

"Молдовада іс басындағы парламенттің легитимдігі әлсіз және ерте сайлау өткізу қажет дегенге қатысты жалпы келісім болуы сирек", – дейді румын сарапшысы Станислав Секриеру Мәскеудегі Карнеги орталығына айтқан пікірінде. "Бірақ саяси партиялар арасындағы келісім іс жүзінде емес, сөз жүзінде ғана болады. Парламенттегі саяси күштердің көбі мерзімінен бұрын сайлау өткізуді қолдамайды, себебі көбі парламентке қайта өтпей қалуы немесе азырақ орын алып қалуы мүмкін".

Молдовада парламентті таратып, ерте сайлау тағайындау процесі әдетте үкімет өзіне сенімсіздік вотумы білдірілгеннен кейін отставкаға кетіп, екі талпыныста немесе 45 күн ішінде жаңа үкімет құрылмаған кезде немесе парламент 90 күн бойы қандай да бір заңды қабылдай алмаған жағдайда ғана басталуы мүмкін.

Сарапшы Тулбуре Кику үкіметі сөзсіз отставкаға кетеді деген пікірде. "Бізге басқа үкімет керек. Бізге басқа көпшілік (парламенттегі – ред.), легитимді парламент пен үкімет керек" дейді ол.

Молдова премьер-министрі Ион Кику.
Молдова премьер-министрі Ион Кику.

Jamestown Foundation зерттеу орталығының сарапшысы Владимир Сокор "Қазіргі парламент мүлдем іске жарамайды" деген пікірді қолдайды. Оның құрамында жемқор және қашқын депутаттар [өз фракцияларын тастап, жеке саяси көзқарастары бойынша одақ құрып алған депутаттар] тым көп. Бұл – парламентті әжуалау" дейді ол.

Кику 23 қараша күні Азаттыққа берген сұхбатында парламент сайлауын ерте өткізу қажеті өткір мәселе болып тұрғанын мойындағанымен, отставкаға кетпейтінін айтты. Ол өзі басқаратын үкіметтің парламентте азшылықтың қолдауына ғана екенін және сенімсіздік вотумын білдіру арқылы ауыстырылуы мүмкін екенін жеткізді.

МОЛДОВАНЫҢ "ТАМАША МҮМКІНДІГІ"

Игорь Додонның Ресейге сапарында осы жағдайдың және оған қатысты Мәскеу ұстанымының талқылануы әбден мүмкін. Бұл сапарында Додон Ресей президенті әкімшілігі басшысының орынбасары Дмитрий Козакпен кездеспек.

Социалистік партия осы уақытқа дейін мерзімінен бұрын сайлау өткізуге қарсы шығып келді. Сірә, партияның ұстанымы желтоқсанда өтеді деп жоспарланып отырған партияның құрылтайына дейін айқындалмайтын сияқты. Бұл құрылтайда Додонның жағдайы да шешілуі мүмкін.

Санду президент ретінде өзі басқаратын "Әрекет және ынтымақ" партиясының басшылығынан кетпек. Бұл партия да құрылтайын желтоқсанда өткізеді.

Егер мерзімінен бұрын сайлау өткізуге жол ашылса және қазіргі уақытта парламентте 15 мандатқа ие "Әрекет және ынтымақ" партиясы ықпалын арттыра алса, Сандудың өз саясатын жүзеге асыруы айтарлықтай жеңілдейтін еді. Соның өзінде мақсатына жету үшін Санду президенттік мерзімінің алғашқы жылдарында қатты еңбектенуі қажет.

Бір жағынан, егер Молдовада халық қолдамайтын парламент пен үкіметтің жұмысы ақсай берсе (немесе парламент пен үкімет артқа тарта берсе), Сандудың ойлаған жоспары іске аспай, сөз жүзінде қалуы да кәдік.

Сокор Майя Санду 2016 жылғы президент сайлауында Игорь Додоннан жеңілгеннен бері саяси тұрғыда қатты есейіп, саяси көрегендігі арта түскенін айтады.

"Меніңше, Санду – Молдова тәуелсіздігін жариялағаннан бергі осы елдегі ең білікті жетекші", – деді Сокор Азаттыққа. "Ол не істеу керегін біледі".

Мақала Азаттық радиосы Молдова қызметінің тілшісі Валентина Урсумен бірге жазылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG