Accessibility links

Моңғолия батысындағы қазақ балабақшасы


Моңғолиядағы «Балбөбек» балабақшасындағы балалар. Сурет steppenomads.org сайтынан алынған.
Моңғолиядағы «Балбөбек» балабақшасындағы балалар. Сурет steppenomads.org сайтынан алынған.

Баян-Өлгий аймағындағы Соғақ ауылында 10 жыл бұрын еріктілер көмегімен ашылған балабақша әлі жұмыс істеп тұр. Қазір онда 120 бала бар.

Баян-Өлгий аймағындағы Соғақ ауылында 10 жыл бұрын еріктілер көмегімен ашылған балабақша әлі жұмыс істеп тұр. Қазір онда 120 бала бар.

Facebook-те Barbara Ann Leonard (Барбара Энн Леонард) есімді қолданушы қаңтардың 21-і күні жариялаған бір видео қолданушылардың назарын көп аударды.

Автор «2006 жылы Батыс Моңғолиядағы Согог ауылында балабақша ашылған кезде түсірілген» деп сипаттаған ол видеожазбада жеті адам сыятын УАЗ-469 көлігінен 40 шақты бала түсіп жатыр.

Бұл видеоның өз ауылдарында түсірілгенін Моңғолияның Баян-Өлгий аймағы Улаанхус сұмыны Соғақ (Согог) ауылының тұрғындары да растайды.

- Осыдан 10 жыл бұрын Соғақта балабақша алғаш ашылған кезде балаларды жеткізу қиын болды. Көлікпен көмектесетін демеуші табу мақсатында балалардың барлығын таспаға түсіру үшін машинаға солай мінгізуге мәжбүр болғанбыз, – дейді ауыл тұрғыны Қолғанат Ұятұлы.

БАЛАБАҚША АШҚАН СОҢ ЕГІН ЕККЕН АУЫЛ

Соғақтағы орталықтан алыста тұратын малшылардың балаларына арналған «Балбөбек» балабақшасы 2006 жылы қыркүйекте ашылған. Тұрғындар балабақша ашу туралы бастаманы сол өңірге келген америкалық ғалым Барбара Энн Леонард ұсынғанын айтады. Мектепке дейінгі дайындықтан өтпеген балалар 1-сыныпқа келгенде қатты қиналатынын көріп жүрген тұрғындар да бұл істі қолдаған. Олар ескі ғимаратты балабақша етіп, оған жапсарлас бірнеше бөлме салып, кеңейтіп алған.

- Ең алғаш балабақша ашылған кезде балаларға берілетін витамин, шырындардың барлығын шетелден тасыдық. Ауыл мен балабақша арасы алыс болғандықтан жеке машина алынды. Ол машинаның бензині, шопырдың ақшасы осы жобадан төленді, – дейді Соғақ тұрғыны, осы балабақшаны ашу үшін құрылған үкіметтік емес ұйымды басқаратын Лена Қазидолда.

Көкөніс егіп жатқан Моңғолия тұрғындары. Фотография steppenomads.org сайтынан алынды. (Көрнекі сурет)
Көкөніс егіп жатқан Моңғолия тұрғындары. Фотография steppenomads.org сайтынан алынды. (Көрнекі сурет)

Балабақша ашылған соң ондағы сәбилерді көкөніспен қамту мәселесі туындаған. Көкөніс екпейтін ауылға ол өнімдерді елдің басқа жағынан әкелу қымбатқа түскен, ал жақынырақ Қытайдан таситын азық-түліктің сапасына күмән туған. Сондықтан 2010 жылдан бастап Соғақ жұрты көкөніс өсіруді қолға ала бастаған.

- Алғаш бастаған кезде: «Бұл өте құрғақ жер ғой, жел көп болады. Ауа райы қолайсыз. Мұндай жерге егін егу мүмкін емес, егін шықпайды» деген пікірлер болды. Сол кездері Америкадан келген Берт Герри деген кісінің кеңесі бойынша екі жерге 40 метрлік құдық қазғызып, егін салдық. Бүкіл жұмысшылары жұмыс істеп, халық қолдап, тоғызыншы айда оның өнімін көрдік, – дейді Лена Қазидолда.

Оның айтуынша, егіннің өнімін көрген соң басқа тұрғындар да қосылған. Қазір 40 шақты отбасы картоп пен қырыққабат сияқты суыққа төзімдірек көкөністерді – далаға, қызанақ пен қияр сияқты жылу қажет ететін көкөністерді жылыжайға егеді. Өнім қоймаға жиналып, жыл бойы ауылдағы мектеп пен балабақшаны қамтамасыз етеді.

Лена Қазидолданың айтуынша, әу баста демеушілердің қаржысымен ашылған балабақшаның ісі жақсы жүріп, халыққа пайдасы тие бастаған соң Моңғолияның оқу министрлігі келіп тексеріп, «Балбөбекті» мемлекет қарамағына алған. Қазір «Балбөбек» балабақшасында 25 қызметкер 120 балаға бас-көз болып жүр.

БАЛАБАҚШАҒА «ЖАҚЫН» ҮЙ

«Балбөбек» балабақшасына ең жақын үй – одан бірнеше километр жерде тұрған Қолғанат Ұятұлының үйі. Ол кісінің төрт баласының төртеуі де осы мекеменің тәрбиесін көрген, кенжесі Әбумәлік ол жерге тіпті бір жасында барған.

Моңғолиядағы «Балбөбек» балабақшасы. Сурет steppenomads.org сайтынан алынды.
Моңғолиядағы «Балбөбек» балабақшасы. Сурет steppenomads.org сайтынан алынды.

- Балабақшаға баратын бала бірден өзгереді. Балабақшаның тәрбиесі балаға әсер етеді. Бала қоғамдық ортада, өзінің деңгейіндегі балалар ортасында жүр. Дене тәрбиесі, ақыл-ой, адамгершілік, барлық пәндерден мағлұмат алып жатыр, – дейді Қолғанат Ұятұлы.

Соғақ тұрғынының сөзінше, «кезінде шетелден қаржыландырғандықтан, балабақшада аймақта жоқ құрал-жабдықтар бар, мұғалімдердің сабақ үйрету деңгейі де жоғары, балаларға есеп, ана тілі, дене шынықтыру, қарым-қатынас және денсаулық пәндері оқытылады».

«Балбөбекке» келетін балалардың арасында Соғақтан 50 километр жерде тұратындары да бар. Тұрғындардың сөзінше, ата-аналары балаларын күн сайын балабақшаға апарып келетін көліктің ақысын өздері төлеп тұрады.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG