Зияткерлік ойыны - тоғызқұмалақ бойынша Астанадағы алғашқы әлем чемпионатына Англия, Әзірбайжан, Германия, Испания, Қазақстан, Қырғызстан, Қытай, Өзбекстан, Латвия, Монғолия, Түркия, Түркменстан, Ресей, Чехия, Швейцария, Украина сияқты 20 шақты елдерден барлығы 50-ге жуық спортшы қатысуға ниет білдірген.
Қазақтың зияткерлік төл ойыны - тоғызқұмалақ соңғы жылдары қарқынды дамып келеді. Республикада осы ойынға қызығушылық танытып, онымен шұғылданатындардың саны 100 мың адамға жақындады дейді Тоғызқұмалақ федерациясының атқарушы директоры Мақсат Шотаев.
Тоғызқұмалақтан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Айнұр Жақыпбаеваның айтуынша, Астанада өтіп жатқан тұңғыш Әлем чемпионатында Қазақстанның басты бақталасы - Қырғызстан болмақ. Алайда ол өзге елдерде де тоғызқұмалақ жақсы дамып келе жатқандықтан оларды да есептен шығаруға болмайды деп атап көрсетеді.
Қазіргі таңда интернетте тоғызқұмалақтың электронды нұсқасы да бар. Канадалық азамат Арти Сандлер ашқан www.iggamecenter.com сайтына кіріп тоғызқұмалақ ойнауға болады.