Accessibility links

НАТО өкілі Ираннан Еуроодаққа төнетін қатерге тойтарыс беруге дайын екендерін айтты

Иран қарулы күштері қолбасшысы Әли Абдоллахи
Иран қарулы күштері қолбасшысы Әли Абдоллахи

Солтүстікатлантикалық альянс өзіне мүше елдерге Иран тарапынан төнетін кез келген қауіп-қатерге тойтарыс беруге дайын деп мәлімдеді НАТО өкілі. Ол Рейтер агенттігіне альянс қорғанысы "күшті әрі тиімді" екенін айтқан.

Аты-жөн аталмаған НАТО өкілі Financial Times газетінің ирандық дереккөздерге сүйеніп жариялаған хабарына байланысты пікір білдірген. Газет Тегеран Иран мен АҚШ арасындағы жанжал бұдан да ушыққан жағдайда Еуропадағы нысандарға, атап айтқанда Кипр мен Болгарияға шабуыл жасау мүмкіндігін талқылаған деп жазған еді. Басылым хабарында нақты қандай соққы беру көзделіп отырғаны айтылмаған. Бұған дейін New York Times өз дереккөздеріне сүйеніп, Тегеран Каспий теңізіндегі ирандық кемеге украиналық күштердің шабуылына қарымта ретінде Украинадағы портқа соққы беруді қарастырған болуы мүмкін екенін, бірақ одан бас тартқанын жазған.

Шілде айында Болгария АҚШ-қа өз әуе базасын жанармай құюға пайдалануға рұқсат берген. Кипрде британдық әуе базалары орналасқан.

Тегеран Еуропаға Иран тарапынан төнетін қауіп жайлы бұқаралық ақпарат құралдары жариялаған хабарларға түсініктеме берген жоқ, бірақ 19 тамызда Иранның әскери шенеуніктері АҚШ-пен ынтымақтастық байланысы бар Парсы шығанағы мемлекеттеріне кезекті рет ескерту жасады. Иран қарулы күштерінің қолбасшысы Әли Абдоллахи оларды Иранға шабуыл жасаған АҚШ-қа көмектесті деп айыптады.

Тегеран мәлімдемені Біріккен Араб Әмірліктері Иранмен барлық сауда және қаржы байланыстарын белгісіз мерзімге тоқтата тұру туралы шешім қабылдағаннан кейін жасалды. БАӘ билігі Иранды Біріккен Араб Әмірліктері жағалауындағы кемелерге бағыттап екі зымыран атқан деп айыптады. Иран бұл айыптауларды жоққа шығарды.

Иран биыл наурыз-сәуір айларында АҚШ пен Израильге қарымта соққы беруді "қыздырған шақта" Біріккен Араб Әмірліктері аумағына әуеден шабуылдар жасаған. Кейінгі апталарда Иран Парсы шығанағының өзге мемлекеттеріне, ең алдымен Кувейт пен Бахрейнге, сондай-ақ Иорданияға шабуыл жасап, онысын АҚШ-тың шабуылдарына қарымта деп атаған.

Айдар
XS
SM
MD
LG