Accessibility links

Батыс санкциясы және реэкспорт. Орталық Азия және Ресей сауда қатынасы қалай өзгерді?


2022 жылы Ресейдің Орталық Азия елдерімен саудасы едәуір ұлғайды. Мәскеу Батыс санкцияларын айналып өтіп, серіктес мемлекеттер арқылы тауар алдырып отыр.

Ресей Орталық Азиядан негізінен техника, электронды құрылғылар және әскери өнеркәсіпке қажетті бөлшектер әкеледі.

Мұны іс жүзінде реэкспорт деп атауға болады. Қарапайым тілмен айтқанда, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан мен Түркіменстан үшінші елдерден тауар сатып алып, Ресейге экспорттайды.

ҚАЗАҚСТАН: КОМПЬЮТЕР, ТОҢАЗЫТҚЫШ ЖӘНЕ ОМЫРАУДАН СҮТ ЖИНАУҒА АРНАЛҒАН ҚҰРЫЛҒЫ

Азаттықтың Қырғыз қызметі Ресейдің Орталық Азиядағы бес мемлекетпен сауда қатынасын талдап шықты. Талдауды Қазақстаннан бастаймыз.

Астанадағы экономикалық зерттеулер институты дерегінше, 2022 жылдың қаңтар-тамыз айларында Ресей мен Қазақстан арасындағы сауда айналымы 15,9 млрд долларды құраған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,2% жоғары. Қазақстан экспорты − 8,6 пайызға, импорт 2,3 пайызға өскен.

Жалпы деректерден көп өзгеріс байқалмайды. Ал тауарлар санаты бойынша қарасақ, күтпеген статистика шығады. Экономикалық зерттеулер институты ресми деректерді зерттеп, Қазақстаннан Ресейге кей тауарлар экспорты артқанын анықтаған.

Мысалы, теледидар, монитор және проектор экспорты − 312 есе, компьютер жеткізу − 215 есе, телефон тасымалы − 88 есе өскен. Биылғы 8 айда Астана Мәскеуге өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,5 есе көп алюминий тотығын, 2,1 есеге артық цинк және көлемі 2 есе жоғары уран сатқан.

Орталық Азия елдерінің Ресейге кей тауарды экспорттауы қаншалық көбейгенін көрсететін коллаж
Орталық Азия елдерінің Ресейге кей тауарды экспорттауы қаншалық көбейгенін көрсететін коллаж

Ресей әскері Украинаға басып кіргеннен кейін Батыс елдері Ресейге көп техникалық және электронды тауар сатуға тыйым салды. Осындай тауарлар тасымалымен айналысатын жүздеген компания Ресей территориясында жұмыс істемейтін болды. Технологиялық құрылғыларды елге тікелей кіргізуге банктер мен валютаға қатысты шектеулер де әсер еткен.

Қазақстаннан Ресейге электроника және компьютерлік техника саудасының артуын осылай түсіндіруге болады. Мамандар қазақстандық кәсіпкерлер басқа елдерден тауар сатып алып, Ресей нарығына жөнелтіп отыр дейді.

Қазанның соңында Bloomberg агенттігі Қазақстан Еуропадан көп көлемде тұрмыстық техника, кір жуғыш машина, тоңазытқыш, электр тогымен омыраудан сүт жинайтын құрылғы сатып алып жатыр деп жазды. Басылым Астанадан Мәскеуге дәл осы тауарлардың экспорты артқанына назар аударған.

Америкалық ақпарат агенттігі Ресейде тұрмыстық техника тапшылығы сезіліп жатқанын жоққа шығармайды. Бірақ зерттеу авторлары реэкспортталған электр бөлшектері әскери мақсатта пайдаланылуы мүмкін деп қауіптенеді.

Осыған дейін батыс шенеуніктері Ресей танктерінен тоңазытқыш пен кір жуғыш машинасының бөлшектері табылғанын айтқан. Мысалы, қыркүйекте Еурокомиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен Ресей әскері тұрмыстық техникадан алынған микрочиптер мен схемаларды әскери жабдықтарды жөндеуге пайдаланып жатыр деп мәлімдеген. Мамырда АҚШ-тың сауда министрі Джина Раймондо да осыған ұқсас мәлімдеме жасаған.

Bloomberg материалында Ұлыбританиядағы Патшаның біріккен қызмет институтында (Royal United Services Institute, RUSI) істейтін Джеймс Бирнның пікіріне сілтеме жасалған. Сарапшы басылымға сұхбатында "Ресейдің ең күрделі қару-жарақ жүйелерінің өзі қарапайым коммерциялық тауарлардың микроэлектронды бөлшектерінен дайындалады" деген.

ӨЗБЕКСТАН: ТЕЛЕДИДАР, ТЕЛЕФОН ЖӘНЕ МИКРОСХЕМА

Өзбекстан мемлекеттік статистика комитетінің есебіне сәйкес, 2021 жылдың 8 айында Мәскеу мен Ташкент арасындағы сауда айналымы 4,4 млрд доллар болса, биыл 5,6 млрд долларға жеткен. Жыл басынан бері 27,1% өсім тіркелген.

Gazeta.uz басылымының дерегінше, Өзбекстанмен сауда көлемі бойынша Қытай көш бастап тұр. Бірақ экспорттың көп бөлігі Ресейге жіберілген. Былтыр Ташкент Мәскеуге 1,2 млрд долларға тауар сатқан, ал биыл тауар көлемі 45,4% өсіп, 1,8 млрд долларға жеткен.

Қытайдан Өзбекстанға тауар импорты да артқан. Былтырғы 8 айда Ташкент Қытайдан 3,2 млрд долларға тауар сатып алса, биыл 4,2 млрд долларға сауда жасаған. Бұл тауарлардың көп бөлігі Ресейге реэкспортқа кетеді.

Өзбекстанның мемлекеттік статистика комитеті биылғы 8 айдың есебінде шетелге сатылған тауар көлемін көрсеткен, бірақ олардың қанша пайызы Ресейге жіберілгенін жазбаған. Сондықтан басқа ақпарат көздерінен алынған деректердің көмегімен Ташкенттен Мәскеуге көбіне қандай тауарлар жіберілетінін анықтауға тырысамыз.

Өзбекстан Ресейге өндірістік тауарлар, азық-түлік, көкөніс пен жеміс, мақта-мата, киім-кешек, газ, алтын, шаруашылық тауарларын жібереді. Экспорт көлемі өссе, бұл тауарлардың тасымалы да артқан болуы керек.

Мысалы, қаңтар-тамыз айларында Өзбекстан шетелге электровагондар мен құрал-жабдықтар тасымалын 21,3 есе, автомобильдер мен автобөлшектер жеткізуді 4,3 есе арттырған.

Мемлекеттік статистика комитетінің қыркүйектегі дерегінше, 2022 жылдың тоғыз айында шетелге 136 мың теледидар экспорттаған, бұл былтырғы көрсеткіштерге қарағанда 26,1% көп. Теледидардың басым көпшілігі (73 мыңы) Ресейге сатылған.

Жазда ресейлік "Ведомости" газеті смартфон өндіретін қытайлық Honor компаниясы Ташкент арқылы Мәскеуге тауар жібере бастады деп жазды. Компания батыс санкцияларына ілікпеу үшін Ресейге тікелей экспортын наурызда тоқтатқан. Ресейде сатылып жатқан мобильді телефондар арасында Honor бренді 5-орында тұр.

Мамырдың соңында АҚШ Өзбекстанның Promcomplektlogistic компаниясын Ресейге микросхема сатқаны үшін санкциялық тізімге қосқан. Осы және өзге де фактілер Мәскеудің Өзбекстан арқылы қажет тауарларға қол жеткізіп, санкцияларды айналып өтіп отырғанын көрсетеді.

ҚЫРҒЫЗСТАН: КӨЗДЕУІШ, ПАРФЮМ ЖӘНЕ ТІС ШҰҚЫҒЫШ

2021 жылдың қаңтар-тамыз айларында Қырғызстан мен Ресей арасындағы сауда көлемі 1,4 млрд долларға жеткен, ал 2022 жылы бұл көрсеткіш 2 млрд долларға өскен. Өсім импортта да, экспортта да байқалады.

Қырғызстан Республикасы ұлттық статистика комитетінің дерегінше, былтырғы 8 айда Қырғызстан Ресейге 238 млн долларға тауар жіберген, биыл бұл көрсеткіш 445 млн долларға дейін артқан. Жылдық өсім – 87%.

Қырғызстан экономикалық серіктесіне негізінен киім-кешек, аяқ киім, бал, көкөніс пен жеміс-жидек, кептірілген жемістер, автокөлік пен автобөлшектер, тауар қаптауға арналған құрылғылар, сүт өнімдері, балық, қара металл және басқа да тауарлар сатады.

"Ресейге мойынұсына бермеу керек". Саясаттанушы Астанадағы саммит жайлы
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:16 0:00

Жалпы тауар көлемі үлкен болмағанымен, өткен жылмен салыстырғанда кей тауарлар үлесі артқан. Мысалы, биылғы 8 айда Қырғызстан Ресейге көп электротауар жіберген. Олардың қатарында құлаққап, бөлме жылытатын пеш, шаш қиятын құрал, видеокамера және басқа да тауарлар бар.

Factcheck.kg басылымы Қырғызстанның ұлттық статистика комитеті ұсынған деректерді саралап, биыл Ресейде құлаққаптар мен микрофондар сатылымынан түскен ақша рекордты көрсеткішке жетіп, 432 млн сомды немесе 5,2 млн долларды құрағанын жазды. Былтыр Қырғызстан бұл тауарлардан 2,2 млн сом (26,4 мың доллар) ғана пайда көрген. Яғни, экспорт көлемі 200 есеге артып отыр.

Былтыр Қырғызстан Ресейге бір де бір электр пеш жібермеген, есесіне биыл бұл тауардың бірден 24 мың данасы сатылған. Бір жыл бұрын ғана бөлме жылытатын пештерге сұраныс төмен болған, ал биыл Ресей Қырғызстаннан осындай 1 млн 148 мың құрылғы сатып алған.

Factcheck.kg дерегінше, Бішкек жыл басынан бері 67 млн сомға қаруға арналған 1575 көздеуіш импорттаған. Бұл тауарлар Қытай, Жапония мен АҚШ-тан келген. Импортталған тауарлардың бір бөлігі – 284 данасы Ресейге жөнелтілген.

Осыған қарап бұл тауар реэкспортталған деген қорытынды жасауға болады. Алдыңғы жылдары қаруға арналған көздеуіштер аз көлемде сатып алынған және мүлде экспортталмаған.

Батыс елдері Ресейге қымбат зергерлік бұйымдар, әйелдер косметикасын, сөмкелер, сусындар, шылым мен басқа да тауарларды сатуға тыйым салған. Вашингтон Мәскеуге жіберуге болмайтын 570 тауардың тізімін жасаған.

Ресейлік импортерлар мұндай тауарларды санкцияға қосылмаған Қытай сияқты ірі мемлекеттерден ала бастаған. Бірақ олар Ресейге серіктес мемлекеттермен, оның ішінде Орталық Азия елдерімен де жұмыс істейді.

Мысалы, былтырғы 8 айда Бішкек Мәскеуге 1 тонна парфюмерлік өнім жіберсе, 2022-жылдың сәйкес кезеңінде сауда көлемін 50 тоннаға жеткізген. Қырғыз кәсіпкерлері косметикалық өнімдер экспортын 8 тоннадан 260 тоннаға дейін арттырған. Биыл Ресей нарығына 44 тонна тіс шұқығыш, 22 тонна сусабын, 13 тонна сабын сатылған. Былтыр бұл тауарлар экспортқа шығарылмайтын.

Аталған мерзім ішінде Қырғызстанға келетін тауар көлемі де артқан. Импортталатын тауарлардың көп бөлігі Қытайдан келеді. Былтырғы 8 айда Қытайдан Қырғызстанға 800 млн доллардың тауары жіберілсе, биылғы сәйкес кезеңде 2,5 млрд долларға сауда жасалған.

ТӘЖІКСТАН: СӘБІЗ, ОРАМЖАПЫРАҚ ЖӘНЕ КӨЛІК БӨЛШЕКТЕРІ

Тәжікстан президенті жанындағы статистика агенттігі елдің сыртқы сауда айналымы туралы деректерді уақытылы жарияламайды. Әдетте ведомство сайтында ескі деректер ғана тұрады.

Тәжікстан мен Ресейдің интернет сайттары қос мемлекет арасындағы сауда айналымы өскенін жарыса жазып жатыр. Мамырда Ресей президенті Владимир Путин Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонмен кездесіп, кейінгі үш айда мемлекеттер арасындағы сауда айналымы 70% артқанын айтқан.

Осыдан кейін статистика өзгеріп, пайыздық көрсеткіштер төмендеген сияқты. Маусымда Рахмон Душанбеде Путинмен кездескенде 2022 жылдың 5 айындағы сауда көлемі 50% өскенін мәлімдеді. Қыркүйекте Тәжікстанның сыртқы істер министрі Сирожиддин Мухриддин Мәскеуге сапары барысында кейінгі 8 айда сауда-саттық 40% өсім көрсеткенін айтты.

Ресей экономикалық даму министрлігінің қарашаның басындағы дерегі бойынша, 2022 жылдың 8 айындағы сауда көлемі 922,6 млн долларды құраған. Ведомство мәліметінше, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 22% көп.

Душанбедегі Asiaplustj.info басылымы Тәжікстан Кеден қызметінің деректерін жариялады. Оған сәйкес, Ресей мен Тәжікстан арасындағы сауда айналымы биылғы тоғыз айда 1,22 млрд долларға жеткен.

Бұл соманың көп бөлігін − 1,15 млрд долларды Тәжікстан импорты құрайды, ал экспорт көлемі − 66 млн доллар.

Ресейден Тәжікстанға мұнай, жанар-жағармай, көмір, азық-түлік, автокөлік, металл және басқа да тауарлар келеді. Ресей нарығына көкөніс, жеміс-жидек, кептірілген жемістер, азық-түлік өнімдері мен мақта шығарылады. Душанбе Мәскеуге кей автокөлік түрлері мен олардың бөлшектерін реэкспорттайды.

Тәжікстан экспортының негізін алтын, күміс, алюминий, мыс және басқа да бағалы металдар, қара металл құрайды. Биыл аталған тауарлардың экспорты артуы мүмкін. Шенеуніктердің мәлімдемелеріне қарағанда, әзірге азық-түлік экспорты жанданған.

Тәжікстан үкіметі жанындағы экспорт агенттігінің басшысы Баходур Рахимзода мамырда "Жумхурият" басылымына берген сұхбатында биыл республика жұмыртқа, кептірілген жемістер, сәбіз, жүзім, орамжапырақ, лимон, жаңғақ сияқты өнімдердің саудасы жүреді деп болжаған. Оның сөзінше, тауар экспортталатын елдер қатарында Ресей бірінші орында тұр.

ТҮРКІМЕНСТАН: ЖЕМІС ПЕН ЖҮН

АҚШ, Еуроодақ мемлекеттері мен батыс елдері Ресейге санкцияларды айналып өтуге көмектескендерге ескерту жасап отырады. Шілдеде АҚШ-тың қаржы министрлігі Өзбекстан, Қырғызстан, Қазақстан, Тәжікстан мен басқа да мемлекеттерді Ресей мен Беларуське тыйым салынған тауарлар жіберуі мүмкін елдер тізіміне қосты.

Түркіменстан тізімде жоқ, бірақ Ресей ең үлкен сауда серіктесі болғандықтан, бұл мемлекеттің де экспорттық әлеуетін шолып шығуды жөн көрдік.

Түркіменстанның мемлекеттік органдары елдің сауда-экономикалық қатынастары туралы ақпарат жарияламайды. Мемлекеттік статистика комитетінің сайтында ешқандай дерек жоқ, сондықтан Ресейдің ақпаратына сүйенуге тура келеді.

Владимир Путин Түркіменстан президенті маусымда Сердар Бердімұхамедовпен кездесіп, 2022 жылдың бірінші тоқсанындағы сауда айналымы 171,1 млн долларды құрағанын айтты. Бұл былтырғы қаңтар-наурыз айларындағы көрсеткішпен салыстырғанда 45% пайызға жоғары.

Ресейдің Түркіменстандағы елшісі Александр Блохин қыркүйекте ТАСС ақпараттық агенттігіне берген сұхбатында биылғы бес айда қос мемлекет арасындағы сауда айналымы 278 млн долларға жетіп, 18% пайызға өскенін хабарлаған.

Ресей экспорты − 197 млн доллар, Түркіменстан экспорты − 81 млн доллар. Бұл Мәскеуден келетін тауар көлемі 10%, ал Ашхабадтың сауда-саттығы 27% өскенін көрсетеді.

Ресей Түркіменстанға автокөлік, көлік құралдарын, азық-түлік, ауыл шаруашылық шикізатын, химиялық өнімдерді, металл және металл өнімдерін сатады. Ашхабад Мәскеуге мақта-мата, киім-кешек, аяқ киім, азық-түлік, ауыл шаруашылық және химиялық өнімдер, каучук жібереді.

Россельхознадзорға сілтеген бірқатар басылым дерегінше, биыл Түркіменстаннан келетін жеміс-жидек пен көкөніс көлемі 30% артып, қой жүнінің импорты 50% өскен.

Қандай тауар болса да, экспорттың артуы Орталық Азия елдерінің экономикасына пайдалы. Бірақ халықаралық санкцияларға ілігу қаупі де бар. Жақында батыс елдері Ресейге көмектескен мемлекеттерге шара қолданатынын ескертті.

Азаттықтың Қырғыз қызметінің материалы. Түпнұсқасы мына жерде.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG