Accessibility links

Барак Обама Ауғанстанға тағы 30 мың сарбаз жіберетіндігін мәлімдеді


АҚШ президенті Барак Обама ауған стратегиясын жариялады. Уэст-Пойнт, Нью-Йорк штаты, 1 желтоқсан 2009 жыл.
АҚШ президенті Барак Обама ауған стратегиясын жариялады. Уэст-Пойнт, Нью-Йорк штаты, 1 желтоқсан 2009 жыл.

АҚШ президенті Барак Обама американдық әскерилердің Ауғанстаннан шығу стратегиясын жариялай отырып, әзірше ондағы соғысқа қосымша әскер жіберетінін хабарлады. Обаманың айтуынша, АҚШ бұл елдегі әскерилерін бір жарым жылдан кейін шығара бастайды.


АҚШ ӘСКЕРИЛЕРІ АУҒАНСТАННАН 2011 ЖЫЛДЫҢ ЖАЗЫНА ҚАРАЙ ШЫҒА БАСТАЙДЫ


Нью-Йорк штатындағы Уэст-Пойнтта орналасқан АҚШ әскери академиясында сөйлеген сөзінде Барак Обама 2001 жылғы 11 қыркүйектегі Әл-Қаида шабуылдарынан кейінгі Американың «маңызды ұлттық мүддесін» ескере отырып, осындай шешім қабылдағандығын атап көрсетті.

«Мен бұл шешімді жақсылап ойластырып қабылдап отырмын. Ауғанстан мен Пәкістанда біздің қауіпсіздігімізге қауіп төніп тұрғандықтан мен осындай шешімге келіп отырмын. Осы елдер Әл-Қаиданың экстремистік зорлық-зомбылық әрекеттерінің эпицентрі деп есептеледі. Осы жерден 2001 жылдың 11 қыркүйегінде бізге шабуыл жасалды. Осы жерден жаңа шабуылдар жоспарлануда», - деді Обама.

Іс жүзінде соңғы бірнеше айда американдықтарға қарсы лаңкестік шабуылдар жасауды жоспарлаған экстремистер АҚШ-та қамауға алынды деп атап көрсетті Обама. Оның айтуынша, әлгі экстремистер Ауғанстан мен Пәкістанның шекаралық аймағынан шыққан азаматтар.

Егер Вашингтон Әл-Қаида басымдығын жоймаса және Ауғанстанда Талибанның билікке келуінің алдын алмаса, мұндай қауіптер күшейеді деді Обама.

Президенттің атап көрсетуінше, мұның бәрі американдықтардың ғана жауапкершілігіне жатпайды. Ауғанстандағы АҚШ күштерінің саны 2010 жылдың көктемінде шамамен 100 мыңға жетсе, НАТО әскерилерінің саны қазіргі 40 мыңнан 45 мыңға дейін, тіпті 50 мыңға дейін жетпек.

АУЫРТПАЛЫҚТЫ АУҒАНСТАН ДА БӨЛІСУІ ТИІС


«Бұған қоса американдық және халықаралық сарбаздар жауапкершілікті ауған күштеріне тапсыру үдерісін тездететін болады және біздің 2011 жылдың шілде айында Ауғанстаннан әскерилерімізді шығара бастауымызға мүмкіндік береді. Ирақта дәл осылай жасағанымыздай, жергілікті жағдайды ескере отырып, өтпелі кезеңді жауапкершілікпен жүзеге асыратын боламыз. Ауғанстан қауіпсіздік күштерінің ұзақ жолдан сәтті өтуі үшін оларға кеңес беруіміз бен көмектесуімізді одан әрі жалғастырамыз. Бірақ ақыр аяғында ауған үкіметінің әсіресе ауған халқының өз елдері үшін жауапты болатындықтары айқын болуы тиіс», - деді Обама.

Кабул мен Вашингтон қарым-қатынастары Хамид Карзай билігінің жемқорлығы мен басшылықтың нашарлығына байланысты шиеленісе түскен болатын. Обама Ауғанстан президентінен көбірек жұмыс атқаруын күтетінін және ауған халқына қолдау білдіретінін атап көрсетті.

Обаманың мәлімдеуінше, ондаған жылдар бойғы соғыстан кейін Ауғанстан бейбітшілікте өмір сүруі тиіс. АҚШ президенті ауған халқына қайырылып, елдегі соғыс қимылдарын тезірек жоюға ниеттеніп отырғанын айтты.

«Сіздің еліңізді басып алуға мүдделі емеспіз. Зорлық-зомбылықтан бас тартатын және адам құқықтарын құрметтейтін талибандықтарға жол ашу туралы Ауған үкіметінің әрекеттерін біз қолдаймыз. Ауғанстанмен өзара құрмет негізіндегі әріптестік орнатуға тырысамыз», - деді Обама.

ТҰРАҚТЫЛЫҚТА ПӘКІСТАННЫҢ ДА РӨЛІ МАҢЫЗДЫ

Президент сондай-ақ Ауғанстанды тұрақтандыруда оның көршісі -Пәкістанның маңыздылығын атап өтті. Барак Обама АҚШ болашақта Пәкістанның мықты қолдаушысы болса, Вашингтон Исламабадқа экономикалық және әскери жағынан көмектесетін болады деп атап көрсетті.

Жүргізілген сауалнамаларға қарағанда, зерттеуге қатысқан американдықтардың жартысынан көбі Обаманың Ауғанстан соғысындағы әрекеттерін мақұлдамайтындықтарын айтқан. Осыған байланысты Обама ауған соғысы басталған кезде американдықтардың Әл-Қаида мен Талибанға қарсы күресті бірлесе отырып қолдағандығы естен шығарылуда деп атап көрсетті. Обама осы мәселеде АҚШ халқын бірлікке шақырды.

ОБАМАНЫҢ АУҒАНСТАН СТРАТЕГИЯСЫМЕН КЕЛІСПЕЙТІНДЕР ДЕ БАР

Вашингтондағы американдық Энтерпрайз институтында Ислам әлемін зерттейтін Майкл Рубин «Фарда» радиосына берген сұхбатында Обаманың Ауғанстанға қосымша сарбаз жіберуге дайын екенін қолдап, бірақ АҚШ күштерінің тезарада Ауғанстаннан шығарылатынына алаңдаушылық танытты.

«Президент Обама АҚШ 2011 жылы әскерилерін шығара бастайды деп мәлімдеді. Ол бұл шешім дұрыс деп ойлайтын шығар бірақ егер АҚШ Ауғанстаннан шықса, онда көршілес елдер бұл вакуумды толтыруға дайындалу керек деп айлап қалады. Сондықтан мен ауған стратегиясы елде тұрақтылық орнатудың орнына теріс нәтиже беруі мүмкін деп ойлаймын», - деді Рубин.

Вашингтондағы Халықаралық бейбітшілік үшін Карнеги қорында жұмыс істейтін Марина Оттауэйдің мәлімдеуінше, әскерилердің санын көбейту Ауғанстан сияқты тайпалы елде сәттілікке кепілдік бермейтіндігі даусыз.

Бірақ риторикалық қабілеті бар Обама халықтың ойларын өзгерте алама ма деген сұраққа Оттауэй «жоқ» деп жауап берді.

«Меніңше, ол неліктен соғысты жалғастыруымыз керек екендігін жақсылап түсіндіріп берді. Бірақ бәрібір Обама соғысқа байланысты күдіктердің бәрін жоя алмайды. Сондықтан ол көптеген адамның ойларын өзгертті деп ойламаймын», - деді Оттауэй.

Оның айтуынша, Обама өте ауыр жағдайға тап болып отыр. Егер Обама соғысты аяқтау туралы шешім шығарғанда, Конгрестегі Республикандықтардың қарсылығына душар болар еді деп түйіндейді өз ойын Оттауэй.
XS
SM
MD
LG