Accessibility links

Зерттеушілер Тоқаев отбасының "офшордағы құпиясы" жайлы жазды, Ақорда оны "фейк" дейді


Тоқаевтар отбасының шетелдегі байлығы, Швейцариядағы үйлері
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:29 0:00

Тоқаевтар отбасының шетелдегі байлығы, Швейцариядағы үйлері.

Жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығы (OCCRP) әлемнің түрлі еліндегі серіктес медиалармен бірлесіп, Швейцарияның аса ірі Credit Suisse банкінің клиенттері жайлы көпшілікке тарап кеткен мәліметтерді жариялады. Банк клиенттері арасында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұрынғы әйелі мен ұлының, Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың отбасының кейбір мүшелерінің аты-жөні кездеседі. Ақорда өкілі "Тоқаевтың Швейцария банкі мен офшорда ақшасы, шетелде үйі жоқ" дейді.

OCCRP мен қазақстандық Vlast.kz интернет басылымы жүргізген жаңа зерттеудің жарияланған бөлігінде Тоқаевтар отбасының "офшордағы құпия шоты" туралы баяндалады. Мысалы, Швейцария банкіндегі шот пен ақшаның офшорға сіңіп кеткені, бұған қоса Мәскеудегі, Женевадағы көл жағалауындағы жылжымайтын қымбат мүліктер жайлы сөз болады.

Credit Suisse банкінен шығып кеткен ақпаратқа сүйеніп, 1998 жылғы мәліметтерді келтірген зерттеушілер, сол жылы Швейцария банкінде Тоқаевтың бұрынғы әйелі Надежда мен олардың ұлы Тимурға шот ашылған дейді. Тимур ол кезде Женевадағы қымбат мектеп-интернатта оқып жүрген. Бұл шотқа барлығы қанша қаржы келіп-кеткені белгісіз, бірақ ең көп ақша – бір жарым миллион швейцария франкі немесе бір миллион долларға жуық қаржы осы шотта 2005 жылы болған деп жазады зерттеу авторлары.

"Содан кейінгі жылдары отбасы Қазақстаннан тыс жерде байлығын еселей түскенін офшор қызметін көрсетумен айналысатындардың құжаттарынан, корпоративтік файлдар мен жылжымайтын мүліктер реестрлеріндегі деректерден байқауға болады" делінген зерттеуде.

OCCRP дерегі бойынша, 2012 жылы, Швейцария банкіндегі шот жабылғаннан кейін, Тоқаевтар британ Виргин аралдарында Wishing Well Group Inc. және Wisdom Invest & Finance Inc. деп аталатын офшор компаниялар ашқан. Wishing Well Group Inc Тоқаевтың бұрынғы әйеліне, ал Wisdom Invest & Finance Inc. – Тимурға тиесілі болған. Бұл екі фирма Ұлыбританиядағы Edelweiss Resources LLP компаниясына иелік еткен. Бұл компания жайлы дерек аз, бірақ оның 2014 жылғы наурыздағы есебіне қарағанда, компанияның банктегі шотында 4 миллион доллар ақшасы және инвестицияға салынған бір миллион долларға жуық қаржысы болған деп жазады зерттеу авторлары.

2014 жылы жазда олардың компанияларының шаруасын жүргізген кипрлық тіркеу агенті британ Виргин аралдарындағы кеңсесіне фирмаларға иелік етуші тізімінен Тоқаевтарды алып тастап, номинал акционерлер я делдалдарды тағайындауды сұраған. Содан бері үш компания да жабылған деп жазады OCCRP.

Ол жылдары Қасым-Жомарт Тоқаев сыртқы істер министрі, премьер-министр, парламент сенаты төрағасы сияқты түрлі жоғары лауазымды қызмет атқарған. Тоқаев БҰҰ-ның бөлімшесінің бас директоры, БҰҰ-ның Еуропадағы бөлімінің басшысы болып істеген кезде Женевада тұрған.

"Оның да, әйелінің де қоғамға белгілі бизнесі немесе басқадай бір байлық көзі болған емес. Тек ұлдары Тимурдың ғана бизнес қатысы бар, тіпті соның өзі мұқият зер сала қарауды қажет етеді" дейді зерттеушілер. Тоқаевтың ұлы Тимур Женевадағы College du Leman деп аталатын ең қымбат мектеп интернатта оқыған. Ол Женевадағы Webster University деп аталатын, АҚШ-та аккредитацияланған оқу ордасының дипломын алған.

Тоқаевтар әр жылдары Женева мен Мәскеуде кемінде 7,7 миллион доллар тұратын үш пәтер сатып алған деп жазады зерттеу авторлары. Женева мен төңірегіндегі үш пәтер Тимурдың атына жазылған. Олардың бірі қаланың тыныш ауданында,екіншісі Женеваға тақау Версуа муниципалитетіндегі көлге жақын таунхауста және үшіншісі Сер-Прекс ауылындағы таунхауста орналасқан деп жазылған зерттеуде.

Тимур мен шешесінің иелігінде бұған қоса Мәскеуде бірнеше қымбат пәтер болған.

Жақында ресейлік оппозиционер Алексей Навальныйдың командасы Ресей билігі өз елінің шенеуніктері мен арнайы қызмет өкілдерінікімен қоса Қазақстан президентінің бұрынғы әйелі мен ұлының да жылжымайтын мүліктері туралы барлық деректі құпия қылып тастағанын мәлімдеген.

Зерттеу авторлары кейінгі апталарда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың көпшілік алдында түрлі мәлімдеме жасағанда елдің бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтан "іргесін аулақ салуға тырысатынын", Қазақстанда жұрттың көбі "аса үлкен әлеуметтік теңсіздікке" Назарбаев жауапты деп санайтынын жазады. Оған мысал ретінде Тоқаевтың Назарбаевтың билігі тұсында елде "тіпті халықаралық өлшеммен өте бай саналатын адамдар тобы пайда болғаны" жайлы сөзін келтірген.

21 ақпанда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook парақшасына "Тоқаевтың Швейцария банкінде қаржысы жоқ. Оның шетел банктері мен офшор компанияларға да қатысы болмаған, шетелде жылжымайтын мүлкі де жоқ" деп жазды.

"Тимур Тоқаевқа келетін болсақ, жасы 38-де. Ол – кәсіпкер, ешқашан мемлекеттік қызметте істемеген" деп жазды Уәли. Ол халықаралық журналистер тобының зерттеуін "жалған ақпарат" деп атаған.

"Президент экономика мен саясаттағы монополияны шектеуге, реформаларды жүзеге асыруға күш салып келеді. Мемлекет басшысының осындай шешімдерін жақтамайтын адамдардың әдейі таратып жатқан фейк ақпараттық шабуылы деп ойлаймын" деп жазған Уәли.

Бірнеше елдің журналистері жүргізген "Credit Suisse құпиялары" зерттеуінде Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың отбасы мүшелерінің де аты-жөні бар. Мысалы, бұрынғы президенттің үлкен қызы Дариға Назарбаеваның Credit Suisse банкінде бірнеше шоты болғаны, кейбірінде швейцар франкімен ондаған миллион қаржы болғаны жазылған. Ол шоттар 2008 жылдан бастап ашылған, 2012 жылы жабылған.

Назарбаевтың күйеубаласы Тимур Құлыбаевтың шоттары арқылы миллиардтаған ақша аударылған деп жазады зерттеу авторлары. 2010 жылы Швейцария билігі күмәнді ақша болуы мүмкін деген күдікпен тергеу ісін бастаған, бірақ Қазақстан қаржы полициясы сотқа тартуға жеткілікті дәлел жоқ деп мәлімдеген соң жауып тастаған.

"Credit Suisse құпиялары" – бірнеше елдің журналистері бірлесіп жүргізген зерттеу. Олар Швейцариядағы ең ірі Credit Suisse банкіндегі шоттар туралы сыртқа тарап кеткен деректерге сүйенген. Германияның Süddeutsche Zeitung газеті аты-жөні белгісіз біреу берген мәліметтерді OCCRP және әлемнің түрлі еліндегі 46 серіктес медиалармен бөліскен. Ол деректерде 1940 жылдан бастап шамамен 2010-жылдардың орта шеніне дейін ашылған 18 мыңнан астам шот туралы ақпарат бар. Бұл есепшоттардағы жалпы қаржы көлемі жүз миллиард доллардан асады.

Журналистер банк файлдарын зерттеп, инсайдерлермен, тергеу органы қызметкерлерімен сөйлесіп, алынған қорытынды нәтижелерді сот жазбасы мен қаржылық есептер арқылы тексеріп шыққан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG