Accessibility links

Тоқаев, Мамин, Сағынтаев... Pegasus Project телефондары тыңдалды деген адамдар тізімін жаңартты


Жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығы (OCCRP) Pegasus тыңшы бағдарламасы арқылы телефондары тыңдалған болуы мүмкін деген бірнеше адамның аты-жөнін жариялады. Әзірге сегіз адамның есімі белгілі. Тізімге журналистер мен қоғам белсенділерімен қоса, Қазақстан президенті мен премьер-министрінің, Алматы қаласы әкімінің есімдері қосылды. Зерттеушілердің айтуынша, 2 мыңға тарта қазақстандық нөмірге тыңшылық жасалған.

КҮТПЕГЕН АПДЕЙТ

Жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығының (OCCRP) сайтындағы Pegasus тыңшы бағдарламасының көмегімен телефондары тыңдалған болуы мүмкін деген адамдар тізімі жаңарды.

Тізімге Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, премьер-министр Асқар Мамин, Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев кірді. Әрқайсының мини-профайлында олар туралы шағын мәлімет тұр. Бұған қоса, OCCRP Сағынтаев 2018 жылдан бері Pegasus-тің нысанасына іліккен болуы мүмкін деген болжам айтты.

Мұның алдында OCCRP "Пегастың Қазақстан тізімінде» елдің "саяси және бизнес-элитасының біраз өкілі және Назарбаевтың ықтимал қарсыластары мен жақтастары бар» деп жазған.

Бұған қоса, зерттеушілер тыңшы бағдарламасының нысанасына іліккен адамдар арасында журналист Серікжан Мәулетбай, құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина, ПЕН-клуб басшысы Бигелді Ғабдуллин бар деп жазған. Тізімге француз белсенділері Мартин Вийом мен Квентин Гийме де кірген. Олардың Қазақстанмен қандай байланысы бар екені таратып айтылмайды.

"НӨМІРДІ АУЫСТЫРМАЙМЫН, МҰНЫҢ ҚИСЫНЫ ЖОҚ"

Қазақстандық Informburo.kz порталының журналисі Серікжан Мәулетбайдың айтуынша, оны "тыңшылардың шорт-листіне" кіруімен "құттықтаған" жұрт көп.

– Мені тыңдайды-ау деп ойлап жүретінмін, бірақ бұл тізімге кіремін деп ойламаппын. Телефонымның қуаты тез бітіп қалып жүр, бірақ бұған аңдудың қатысы бар деп нақты айта алмаймын. Аппаратты да, нөмірді де ауыстырмаймын. Мұның мәні жоқ. Мен қызық болсам, жаңа нөміріме де, смартфоныма да тыңдайтын құрал қойып алады, – дейді журналист.

Серікжан Мәулетбай – жақында болған парламент сайлауы туралы көп жазған журналистердің бірі. Ол бақылаушылардың жұмысын шектеу туралы Орталық сайлау комиссиясы қаулысының заңсыздығына тоқталып, шенеуніктерге ыңғайсыз сұрақтар қойды. Жақында ол "БЕСсимптомно" деген telegram-арна ашып, онда Қазақстандағы наразылық шаралары туралы ақпарат жариялап жүр. Бұған қоса ол – сот процестерінің ашық өтуін талап етіп жүрген сот журналистері лигасының мүшесі.

Қазақстандық журналист Серікжан Мәулетбай
Қазақстандық журналист Серікжан Мәулетбай

– Сот залына техника алып кіруімізге тыйым салады, судьялар еш себепсіз тілшіні сот залынан шығарып жібереді. Қазір де проблема көп, бірақ бұрынғыдай емес. Біздің жұмысымызды реттейтін заңдарды өзгертуді белсенді түрде талап етіп келеміз, мемлекеттік органдар бұрынғыдан ашық бола түсті, – дейді Серікжан Мәулетбай.

Ол жақында үкіметке және Ақордаға сауалхат жіберіп, жоғарыдағы мәлімет бойынша түсінік беруді сұрамақ.

– Жасыратын ештеңем жоқ, заңға қарсы ештеңе істемеймін. Бұл деңгейдегі зерттеудің болуы Қазақстан билігінің халықаралық келісімдерді, адам құқықтарын жиі бұзатынын дәлелдейді. Мұнымен күресу керек.

"МҰНДАЙ ЗАҢСЫЗДЫҚҚА КӨЗ ЖҰМА ҚАРАЙ АЛМАЙМЫН"

Белгілі құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина "Пегас тізімінде" (Pegasus) өз атының жүргеніне таңғалмайды. Ол құқық қорғау қызметін бастаған 1999 жылдан бері биліктің назарындамын дейді.

– Кеңседен бірнеше рет тыңдайтын құрылғы тауып алдым, бұл бойынша баспасөз мәслихатын да өткізгенім бар. Ескендір Ерімбетовтің туыстарымен кездесуге барған кафеден де тыңдау құралдарын тауып алғанмын. Сондықтан мен үшін бұл жаңалық емес, – деді Азаттыққа сұхбатында Бақытжан Төреғожина.

Бейбіт жиындарды және саяси тұтқындарды қолдау әрекетіме бола "тыңшы тізіміне" іліккен болармын дейді ол.

Қазақстандық құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина 2020 жылғы 31 қазанда Алматыда өткен митингіде сөйлеп тұр.
Қазақстандық құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина 2020 жылғы 31 қазанда Алматыда өткен митингіде сөйлеп тұр.

– Екі тақырып та биліктің шамына тиеді. Сондықтан оларға құқық қорғаушылар қызық болар. Жұмысымды мейлінше ашық жасауға тырысамын. Істеген ісімнің бәрін әлеуметтік желіге жариялаймын, сұхбат, комментарий беремін, жасыратын ештеңем жоқ. Керісінше, ашықтықтың арқасында және ақпарат беріп отыру арқылы қауіпсіздігімді қамтамасыз етемін деп ойлаймын, – деді Төреғожина.

Оның айтуынша, Қазақстан билігі ескі әдісті де қолданады, яғни өзіне қызық адамдар жиналатын ғимарат ішіне тыңдайтын құрылғы орнатады.

– Бірақ бұл да жеткіліксіз сияқты, сонымен бірге олардың контактілерін де бақылағысы келеді. Меніңше, олар белсенділерді, саяси қайраткерлер мен бизнесмендерді аңду үшін жыл сайын ақша сұрайды әрі аңду әдістерін жетілдіріп, сол ақшаны жақсы жұмсайды.

Құқық қорғаушы "тыңшы тізіміне" іліккен адамдармен өз құқықтарын бірлесіп қорғау жайын ақылдасуға тырысатынын айтты.

– Нақты не істейтінімді әлі ойластырмадым. Бірақ мұндай заңсыз әрекеттерді жайдан жай қалдыра алмаймын. Бұл – анық, – деді Төреғожина.

Серікжан Мәулетбай да, Бақытжан Төреғожина да "Пегас тізімі" Қазақстан Конституциясының 18-бабында көзделген азаматтық құқықтарын өрескел бұзатынын айтады. Бұл баптың екінші тармағында "Әркім өзінің жеке салымдары мен жинаған қаражатының, жазысқан хаттарының, телефон арқылы сөйлескен сөздерінің, почта, телеграф арқылы және басқа жолдармен алысқан хабарларының құпиялылығы сақталуына құқығы бар. Бұл құқықты шектеуге заңда тікелей белгіленген реттер мен тәртіп бойынша ғана жол беріледі" делінген.

Журналистер мен құқық қорғаушыларға қатысты "заңда белгіленген реттер" туралы әзірге ештеңе белгісіз, олардың ешқайсысына хакерлік не тыңшылық барлау жүргізуге негіз болатындай айып тағылмаған.

ТІЗІМДЕГІ БАСҚА АДАМДАР

"Қазақстан тізімінде" үшінші тұрған адам – ПЕН-клуб жетекшісі Бигелді Ғабдуллин. Азаттық тілшісі әзірге ол кісімен тілдсе алмады.

Бигелді Ғабдуллин – қазақстандық белгілі журналист, 1990 жылдары "Новое поколение" және оппозициялық "21 век" газеттерінің редакторы болған тұсында жұртқа кеңінен танылған.

ПЕН-клуб мәліметі бойынша, "21 ғасыр" басылымында авторитар президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жемқорлығы туралы мақалалар жарияланған соң, 2000 жылы Ғабдуллинге "жала жапты" деген айып тағылған. Айып алынып тасталғанымен, өіне көп айыппұл салынып, қудалау басталған соң, Ғабдуллин газетті жауып, АҚШ-қа кетуге мәжбүр болған. Ол үкіметтен кешірім сұрап, 2004 жылы елге қайта оралады, тіпті кейіннен мәслихат депутаты болып сайланады.

Елге оралған соң Бигелді Ғабдуллин екі басылымның негізін қалайды. Ол Radiotochka.kz порталының бас директоры және Central Asia Monitor газетінің бас редакторы болады. Бұл басылымдар оппозициялық бағытты ұстанған жоқ. Үкіметті сынаған жаңа материалдар жариялаған соң, 2016 жылы ол "бопсалау" бабымен айыпталып, тұтқынға алынған.

Арада 2,5 ай өткенде Ғабдуллин кінәсін мойындап, айыппұл төлейді де, бостандыққа шығады. Сот залынан босап шыға сала Бигелді Ғабдуллин "ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа алғыс айтатынын" жеткізеді. Сол тұста Бигелді Ғабдуллинге араша сұрап президент Назарбаевқа хат жазғандар арасында Әбдіжәмил Нұрпейісов, Олжас Сүлейменов, Асанәлі Әшімов, Дулат Исабеков, Смағұл Елубай сынды тұлғалар болады.

Бұған қоса "Қазақстан тізімінде" Франциядағы Génération Ecologie саяси партиясының вице-президенті Квентин Гийме мен Латын Америкасына маманданған, "Аштыққа қарсы және даму жолындағы католик комитеті" гуманитарлық ұйымының қызметкері Мартин Вийом бар. Олар Қазақстанда танымал емес. Кей болжамдар бойынша, олар Францияда саяси баспана алған оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовпен байланысы болған үшін нысанаға іліккен болуы мүмкін.

Азаттық белсенділермен әлеуметтік желі арқылы байланысуға тырысып көрді, бірақ әзірге жауап жоқ.

PEGASUS ТЫҢШЫ БАҒДАРЛАМАСЫ ЖӘНЕ PEGASUS PROJECT

OCCRP-дың айтуынша, олар хакерлік шабуыл мен аңдуға ұшыраған болуы мүмкін деген кей адамдардың ғана аты-жөнін жариялап отыр. "Жалпы тізімде 2 мыңға жуық қазақстандық нөмір" бар. Олардың көбі – "саяси және бизнес-элитаның, соның ішінде [Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан] Назарбаевтың қарсыластары мен жақтастарының өкілдері".

"Бұл тізімге кіргендердің телефондарына бұзып кірді деп кесіп айта алмаймыз, бірақ оларға NSO Group-тың (Pegasus тыңшы бағдарламасын әзірлеуші) клиенті болуы әбден ықтимал Қазақстан үкіметі қызығушылық танытқан болуы мүмкін деп болжай аламыз" делінген орталық жариялаған есепте.

Pegasus Project 17 медиа ұйымының басын біріктірді, оның ішінде OCCRP, Forbidden Stories және Amnesty International бар. Олар израильдік NSO Group әзірлеген Pegasus әскери тыңшы бағдарламасының көмегімен хакерлік шабуыл жасалған не шабуыл жасауға әрекеттенген "50 мыңдан астам телефон нөмірін" зерттеп жатыр. 19 шілдеден бері жоба авторлары әлемнің әр түкпіріндегі үкіметтер тапсырысымен телефондарын аңдыды деген адамдардың мәліметін жариялап келеді. Бұл адамдар арасында журналистер, құқық қорғаушылар және қоғам белсенділері бар.

NSO Group басты миссиямыз - мемлекеттік мекемелердің "терроризм мен қылмыс әрекеттерінің алдын алу және тергеу ісіне көмектесетін технология жасау" дейді. Израиль үкіметі бұл компанияның компьютерлік бағдарламасын "қару" санатын жатқызады. Олар компьютерлік бағдарламасы құқық қорғаушылар мен журналистерге қарсы әрекеттерге пайдаланылғаны үшін көп сынға ұшыраған.

Зерттеушілердің айтуынша, Pegasus бағдарламасын Қазақстаннан бөлек, Әзербайжан, Венгрия, Мексика, Бахрейн, Үндістан, Индонезия, Марокко, Руанда, Того, Сауд Арабиясы және Біріккен Араб Әмірліктері қолданған.

Pegasus қарапайым хабарлама немесе бағдарламалық жасақтаманы жаңарту көмегімен телефонға "кіріп", ондағы жеке мәліметті ұрлайды әрі хат-хабарды бақылап, микрофон мен камераны қоса алады.

Қазақстан басшылығы әзірге зерттеушілердің бұл мәліметіне қатысты ешқандай пікір білдірген жоқ.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG