Азаттық радиосы

"Ғаламдық қаупі өте жоғары". Омикрон штамы туралы әзірге не белгілі? Түсіндіреміз

Дархан ӨМІРБЕК

Қар. 30, 2021

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирустың тағы бір штамын қауіпті деп таныды. Бұл жаңалық қаржы биржаларындағы бағаны түсіріп, көптеген ел шетел азаматтарының елге кіру шарттарын өзгертіп жатыр. Оның ішінде Қазақстан да бар. Омикрон деп аталған бұл штамм туралы дерек аз, бірақ мамандар мутацияның ауқымы елеулі дейді. Бұл штамм адам ағзасы үшін қаншалық қауіпті? Әзірге белгілі ақпаратты түсіндіріп көрелік.

26 қараша күні Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) коронавирустың B.1.1.529 дейтін вариантын "алаң тудырған штамм" (Variant of concern) деп атады. Осыдан кейін қаржы биржаларында баға күрт төмендеді. АҚШ, Канада, Израиль, Австралия, Ұлыбритания, Сингапур, Малайзия Индонезия, Морокко, Жаңа Зеландия және Еуроодақ елдері халықаралық әуе рейстерін тежеді, ал Жапония сейсенбі, 30 қарашадан бастап шетелден келетін рейстерді мүлдем тыйып тастады. Жаңа штамм коронавирус вакцинасына төзімді болып, індетті ушықтыруы мүмкін деген алаңды күшейтті.

ШТАММ ҚАШАН ЖӘНЕ ҚАЙДАН ШЫҚТЫ?

B.1.1.529 штамы Оңтүстік Африка республикасынан, 9 қараша күні алынған сынамадан анықталған. 24 қарашада ел үкіметі ДДСҰ-ға жаңа штамм жөнінде баяндаған. Ұйым жанындағы арнайы кеңес (TAG-VE немесе Technical Advisory Group on SARS-CoV-2 Virus Evolution) екі күн ішінде бар ақпаратты саралап, ДДСҰ-ға мутацияны "алаң тудырған штамм" деп атауды ұсынған.

"АЛАҢ ТУДЫРҒАН ШТАММ" СТАТУСЫ НЕНІ БІЛДІРЕДІ?

SARS-CoV-2 вирусы пайда болғалы оның көптеген мутациясы тіркелген. Бірақ оның бәрі бірдей қауіпті бола бермейді. Солардың ішінен қаупі жоғары дегендерін ДДСҰ "Назар аудартқан штамм" (Variant of Interest) деп жіктейді. Оған мынадай екі шарт қойылады:

Осы шартқа сай болып, бірақ жұқпалығы одан жоғары болса немесе Covid-19 вирусының эпидемиологиясын түбегейлі өзгертсе; аурудың клиникалық сипатын едәуір түрлендірсе; денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін біршама әлсіретсе коронавирус мутациясына "алаң тудырған штамм" статусы беріледі. Бұл штамның қауіпті екенін және оның жылдам тарап жатқанын білдіреді.

ОМИКРОН ШТАМЫ ОСЫ УАҚЫТҚА ДЕЙІН ҚАЙ ЕЛДЕРДЕ ТІРКЕЛДІ?

Reuters агенттігінің жазуынша, омикрон әзірге оннан астам елден анықталған. Олардың қатарында Оңтүстік Африкадан бөлек: Австралия, Бельгия, Ботсвана, Ұлыбритания, Дания, Германия, Гонконг, Израиль, Италия, Нидерланд, Чехия, Франция және Канада елдері бар.

Португалияда "Белененсеш" футбол клубының 13 ойыншысынан осы штамм анықталған.

ҚАЗАҚСТАН ҮКІМЕТІ ҚАНДАЙ ШАРА ҚАБЫЛДАДЫ?

Қазақстанда жаңа штамм әлі тіркелмеген, бірақ жергілікті денсаулық мамандарының айтуынша, оның елге келуі әбден мүмкін.

30 қарашада үкімет омикрон штамын елге кіргізбеу үшін 3 желтоқсаннан бастап Африканың оңтүстігіндегі елдердің (ОАР, Ботствана, Лесото, Намибия, Зимбабве, Мозамбик, Мадагаскар, Эсватини, Малави және Танзания) азаматтарын Қазақстанға келуін шектейтінін мәлімдеді. Мұндай шектеу Гонконг азаматтарына да қойылып отыр.

Омикрон штамы анықталған Израиль, Чехия, Нидерланд, Бельгия, Ұлыбритания, Италия, Германия, Австралия, Канада және Египет азаматтары Қазақстанға келер болса, вакцина салдырған-салдырмағанына қарамастан ПТР тестін тапсырады және тест нәтижесі қандай болса да, жеті күн карантинде болады.

Үкімет сондай-ақ Египетпен әуе қатынасын тоқтатты. Денсаулық министрлігінің дерегінше, қарашада осы бағытта 13 мың жолаушы қатынаған.

ШТАМНЫҢ ҚАУПІ ҚАНДАЙ?

ДДСҰ жаңа штамның иммундық реакцияны айналып өтіп, жұқпалығы жоғары болуы мүмкін екенін, ғаламдық деңгейде тарау ықтималдығы жоғары екенін мәлімдеді. Ұйымның сөзінше, індет ошағы қай жерден шығатынына қарай аурудың ауыр салдары болуы мүмкін.

"Жалпы алғанда, алаң тудырған омикрон штамының ғаламдық қаупі өте жоғары" делінген ДДСҰ-ның 28 қараша күнгі баспасөз хабарламасында.

Бірақ әлі көп нәрсе белгісіз, зерттеу нәтижесін күту қажет дейді халықаралық ұйым. Оның мәлімдеуінше, қазір жаңа штамм төңірегіндегі үш сұрақтың жауабы анық болмай тұр:

ДДСҰ-ның мәлімдеуінше, вирустың осы штамына төтенше шара қолдану үшін алдымен осы сұрақтардың жауабы белгілі болуы тиіс. Ұйым омикронның қаншалық ауыр вирус екеніне көз жеткізу үшін бірнеше апта қажет дейді.

Омикроннан коронавирустың жаңа штамы болуы мүмкін деп бірінші болып күдіктен оңтүстік-африкалық дәрігерлердің бірі Анжелика Кутзи штамды жұқтырғандардың ауруды орташа деңгейде өткеріп жатқанын, оны үйде емдеуге болатынын айтты. Оның сөзінше, иіс-дәм сезу жоғалғаны туралы, оттегі деңгейінің түсіп кеткені туралы шағымдар әлі бола қоймаған. Дельта штамынан осы белгілер байқалған. Кутзи – Оңтүстік Африканың медицина қауымдастығын басқарады және елдің денсаулық сақтау министрлігі жанындағы вакцина жөніндегі консультациялық комитеттің мүшесі.

Гонконгтегі пандемия жөніндегі үкімет кеңесшісі, жұқпалы аурулар жөніндегі сарапшы Дэвид Хуэй анализінен омикрон штамы анықталған екі адамның осыған дейін Pfizer вакцинасын алғанын, олардан тамақтың қабынуы секілді жеңіл симптомдар ғана байқалғанын мәлімдеді.

"Вакциналар қорғауы тиіс, бірақ әсері азаюы ықтимал" деді ол Reuters агенттігіне.

ОМИКРОН ШТАМЫН ҚАЛАЙ АНЫҚТАЙДЫ?

ПТР тестер жаңа штамды коронавирус анықтай береді, бірақ оның дәл осы омикрон екеніне көз жеткізу үшін қосымша зертханалық талдау қажет. Мамандардың айтуынша, омикронның жағдайында ПТР тесті көздейтін үш геннің бірі (S гені) көрінбейді, осыны маркер ретінде қарастыруға болады.

НЕГЕ ОМИКРОН?

Коронавирус штамдарының ресми атаулары әріптер мен таңбалар қосындысымен беріліп, жалпақ жұртқа ұғынықсыз болып жатады. Сол себепті ДДСҰ штамдарды грек әріптерімен атап жатыр. Осы күнге дейін 12 штамм ғана грек әрпімен аталған. Мәселен, Ұлыбританиядан анықталған алғашқы штам альфа деп аталса, Оңтүстік Африкада тіркелген одан кейінгі вариантты бета деп атады. Бразилиядағысы гамма, Үндістандағы дельта болды.

Әлем елдерінің біразы ОАР-дан келетін ұшақтарға шектеу қойды.

Одан кейін эпсилон, зета, эта, тета, йота, каппа, лямбда және мю дейтін штамдар да тіркелді. Бірақ омикрон – грек әліпбесіндегі 13-ші емес, 15-ші әріп. Яғни ДДСҰ ню және кси дейтін екі әріптен аттап өткен. Себебі ню жаңа деген сөзбен ұқсас болған, ал кси Қытай президентінің атына ұқсаған (екеуі де ағылшынша Xi деп жазылады).