Accessibility links

Оңтүстік Корея соты биліктен шеттетілген президентті тұтқындауға ордер берді


Оңтүстік Кореяның биліктен уақытша шеттетілген президенті Юн Сок Ель. 14 желтоқсан, 2024 жыл.
Оңтүстік Кореяның биліктен уақытша шеттетілген президенті Юн Сок Ель. 14 желтоқсан, 2024 жыл.

Оңтүстік Корея соты биліктен уақытша шеттетілген ел президенті Юн Сок Ельді тұтқындауға ордер берді. Бұл туралы 31 желтоқсанда Reuters агенттігі елдегі тергеу органдары мен жоғары лауазымды шенеуніктер арасындағы сыбайлас жемқорлықты тергеу басқармасына сүйеніп хабарлады.

Yonhap агенттігінің дерегінше, бұл – Оңтүстік Кореяның конституциялық тарихында биліктегі мемлекет басшысын тұтқындауға ордер берген алғашқы жайт. Агенттіктің мәліметінше, тінту жүргізуге де ордер берілген. Таяу арада прокуратура президентті тұтқындау туралы қаулыны орындауға кіріседі деген болжам бар.

Deutsche Welle сайтының жазуынша, "бүлік жасамақ болды" және "билікті асыра пайдаланды" деп күдікке ілінген президент Юн Сок Ель тергеуге үш рет шақыртылса да бармай қойған.

Желтоқсанның ортасында Оңтүстік Корея парламенті Юн Сок Ельді биліктен уақытша шеттетті. Бұған оның 3 желтоқсанда "ел ішіндегі Солтүстік Кореяның жандайшаптарымен күресу үшін" әскери жағдай тәртібін енгізгені себеп болды. Президент жарлығын сынға алған парламент мүшелері ғимаратқа әскер басып кірмек болып жатқан шақта шұғыл отырыс өткізіп, әскери жағдай енгізуге қарсы дауыс беріп үлгерді.

7 желтоқсанда президент телеэфирге шығып, өз іс-әрекеті үшін халықтан кешірім сұрады. Юн Сок Ель бұған дейін халыққа үндеу жасап, бүлік жөніндегі айыпты жоққа шығарған.

Кейін президенттің міндетін атқарушы елдің премьер-министрі Хан Док Су болды. Алайда 27 желтоқсанда Оңтүстік Корея парламенті Ханды да биліктен шеттетуді қолдады. Президенттің міндетін атқару премьер-министрдің бірінші орынбасары, экономика және қаржы министрі Чхве Сан Мокке жүктелді. Ол өз саясатында елдегі тұрақтылықты қалпына келтіруге басымдық беретінін айтты.

Әскери жағдай енгізу туралы президент жарлығында көрсетілген негізгі міндеттерді атқару жүктелген бірқатар лауазымды шенеунік қызметінен кетті, арасында қорғаныс министрі болған Ким Ен Хен де бар.

Президентке импичмент, Кореядағы қазақтар, шарықтаған баға – AzatNEWS | 04.12.2024
please wait

No media source currently available

0:00 0:32:50 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG