Accessibility links

Азаптау. Қашу. Депортация. Түрме. Қарақалпақ белсендісінің тағдыры


Жұмасапар Дәдебаев
Жұмасапар Дәдебаев

Ол – Қарақалпақстанның егемендігі үшін күресіп, Өзбекстан түрмесінде отырған түркімен. Құқық қорғау ұйымдары оны "саяси тұтқын" деп атаған. Сәуірде Науаи түрмесіндегі жалғызкісілік камераға ауыстырылғалы оның денсаулығы нашарлаған дейді әкесі. Әңгіме 38 жастағы Жұмасапар Дәдебаев жайында.

ҰЛЫНА АРАША СҰРАҒАН ӘКЕ

Қамаудағы Жұмасапарды сырттағылардан соңғы көрген адам – әкесі Егенмұрат Дәдебаев. Ол биыл сәуірде Өзбекстанның Науаи облысындағы №11 түрмеде ұлымен кездескен.

"Мені түрмеде адам төзгісіз жағдайда ұстап отыр. Омбудсменнен жағдайымды жақсартуға көмектесуін сұраймын". Осылай деген ұлы әкесіне терезесі жоқ бір кісілік камерада отыратынын ғана айтып үлгерген. Әкесі кездесуді былай суреттейді:

"Ұлымды көруге 29 cәуірде бардым. Біз сөйлесердің алдында милиция (түрме қызметкерлері – ред.) бізден өзбек тілінде сөйлесуді талап етті. Ұлым не үшін сотталғанын және өзіне қандай айып тағылғанын білмейді" дейді Егенмұрат Дәдебаев Өзбекстанның адам құқықтары жөніндегі омбудсменіне жазған хатында.

Омбудсмен өкілдері ұлының жағдайын былтыр барып көруге уәде еткен. Бірақ әлі күнге бармаған.

Өзбекстан парламенті – Олий мажлистің адам құқықтары жөніндегі уәкілі (омбудсмен) Феруза Эшматова мен "азаптауды анықтау және оның алдын алу қоғамдық тобының" мүшелері дәл сол түрмеде 2024 жылғы 5 қаңтарда болып, "сотталушылармен сөйлесіп, колониядағы жағдаймен танысқан". Осы сапарда ол қарақалпақ белсендісі, 2022 жылғы Нөкіс оқиғасына байланысты сотталған Дәулетмұрат Тәжімұратовпен де сөйлескен.

Өзбекстан Конституциясынан Қарақалпақстанның егемендігі мен Өзбекстаннан бөлініп шығу құқығы туралы баптарды алып тастау жөніндегі ұсыныстан кейін 2022 жылғы 1 шілдеде Нөкісте және Қарақалпақстанның басқа да жерлерінде жаппай наразылық басталған. Ресми мәлімет бойынша, Нөкіс оқиғасын күшпен басқан кезде 21 адам өліп, 200-ден астам адам жараланған.

Оқиғадан соң белсенділерді қудалау басталды. "Ел қызметінде" ("Эл хызметинде") газетінің адвокаты әрі журналист Дәулетмұрат Тәжімұратов "Өзбекстанның конституциялық құрылымын бұзуға тырысты", "билікті басып алу мақсатында сөз байласты", "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды" деп айыпталып, 16 жылға сотталды. Ол да қазір Науаидегі №11 түрмеде отыр.

Нөкістегі оқиға

2022 жылғы 1 шілдеде Өзбекстан Конституциясының жаңа жобасы талқыланып жатқанда Шымбай және Мойнақ қалаларында наразылық акциясы басталды. Көп ұзамай наразылық Қарақалпақстан астанасы Нөкіске жетті. Конституция жобасында Қарақалпақстан референдум өткізіп, Өзбекстан құрамынан шыға алады деген бапты алып тастау ұсынылған.

1 шілдеде ішкі істер органдары жергілікті оппозиция басшысы Дәулетмұрат Тәжімұратовты ұстап әкетті. Ол бейбіт наразылық өткізуге рұқсат алғанын айтқан. Көшедегі халық саны көбейіп, наразылар Тәжімұратовты босатуды талап ете бастады.

Бейбіт жиын наразылар мен Өзбекстан Ұлттық гвардиясының қақтығысына ұласып, халыққа оқ атылды. Өзбекстан бас прокуратурасының дерегінше, 21 адам қаза тапқан. Құқық қорғаушылар құрбан болғандар саны әлдеқайда көп дейді.

2022 жылғы 2 шілдеде Нөкіске Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев барды. Ол Конституциядағы Қарақалпақстан мәртебесіне қатысты баптарды өзгеріссіз қалдыруға уәде берді.

2023 жылғы 30 сәуірде Өзбекстанда Конституцияны өзгерту жөнінде референдум өтті. Конституцияға енгізілген өзгертулерден кейін президент Мирзияев осы қызметке тағы екі мерзімге сайлану құқына ие болды. Қарақалпақстан мәртебесі туралы толықтырулар референдумге шығарылған жоқ.

Науаидағы №11 түрмеде азаптау болатыны жайлы жиі айтылады. Мәселен, "Эзгулик" қоғамдық ұйымының өкілі Абдурахман Ташанов 2020 жылы 27 маусымда мұндағы бір сотталушы "азаптаудан кейін өзіне қол жұмсағанын" айтқан.

Елдегі түрмелерде азаптау мен жемқорлық жайлағанын Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевтің өзі де мойындаған. Адам құқықтарын қорғау ұйымдары Нөкіс оқиғасынан кейін ұсталғандарды азаптау ерекше қарқын алғанын айтып, жиі дабыл қағып келеді.

ҚАҢТАР ОҚИҒАСЫНАН КЕЙІНГІ "ЗАҢСЫЗ" ДЕПОРТАЦИЯ

Бірақ Жұмасапар Дәдебаев Нөкіс оқиғасынан бұрын, 2022 жылдың қаңтарында Стамбұлдан Ташкентке депортацияланған. Құқық қорғаушылар оны Түркия арнайы қызметі "құпия түрде" ұшаққа отырғызып жібергенін айтады.

Ең қызығы, Дәдебаевтың қолында өзін Өзбекстанға депортациялауға тыйым салатын Түркияның екі бірдей сотының шешімі болған. Ол Түркияда жүргенде Ташкент оған "терроризм" айыбын тағып, Интерпол арқылы іздеу салған. Дәдебаевты Стамбұлдағы депортация орталығына да алып барған. Сол кезде ол құқық қорғаушылардың арқасында Өзбекстанда қудаланып жатқанын дәлелдеп шыққан. Ол тіпті босқын мәртебесін алуға өтініш те беріп қойған.

Кей болжам бойынша, оның жылдамдатып Өзбекстанға жөнелтілуіне Қазақстандағы қанды Қаңтар оқиғасы да түрткі болған. Өзбек арнайы күштері Қаңтар оқиғасынан соң белсенді бола түскен, себебі Өзбекстан басшылығы Қазақстандағы тербеліс көрші Қарақалпақстанға да жайылуы мүмкін деп қорыққан.

Түркияда Дәдебаев саяси белсенділікпен айналысып, қарақалпақтардың құқықтары үшін күрескен. Қарақалпақ халқының Өзбекстаннан бөлініп шығуға конституциялық құқығы барын айтып, Қарақалпақстандағы түркімендердің "Достық" партиясын құрған. Белсенділігі үшін 2019 жылы Өзбекстан билігі оған халықаралық іздеу жариялаған.

Ол ашқан YouTube-арнада Өзбекстандағы қарақалпақ халқының құқықтары тапталып жатқаны сөз болады, қарақалпақтың патриоттық өлеңдері оқылады және коронавирус пандемиясы кезінде Қарақалпақстанда тұрғындардың құқығы қаншалық шектеліп жатқаны баяндалады. Бір видеода "Бұл аспан сенікі, бұл жер сенікі, бұл қарашаңырақ сенікі!" деген өлең оқылады.

Қарақалпақстан тарихы

Қарақалпақтар – түркітілдес халық. Алтын Орда хандығының құрамында болған. 18-20 ғасырларда қарақалпақтар Хиуа хандығының құрамында болды. Коммунистер бастаған көтерілістен кейін хандық құлап, РСФСР құрамындағы Хорезм Халықтық Советтік Республикасы пайда болды. 1924 жылы билік Қарақалпақ автономды облысын құрды. Облыс Қазақ АССР-іне қарады. Бес жылдан кейін астанасы Нөкісте орналасқан Қарақалпақ АССР тіркелді. Тағы бес жылдан кейін облыс Өзбек ССР-іне қосылды. Совет Одағы тараған соң, Қарақалпақ АССР Жоғарғы кеңесінің отырысында "Қарақалпақстан Республикасын 20 жылға Өзбекстан Республикасының құрамына кіргізу" туралы мемлекетаралық келісім жасалды. Келісімде тәуелсіз Қарақалпақстан Республикасы референдум арқылы кез келген сәтте Өзбекстан құрамынан шыға алады деп жазылды. Қазір Қарақалпақстан Өзбекстандағы ең үлкен өңір саналады (ел территориясының 40 пайызы). Қарақалпақстан жерінің көбін шөл алып жатыр.

2022 жылы Ташкент соты Жұмасапар Дәдебаевты 12 жыл бас бостандығынан айырады. Белсендіні әлеуметтік желілерде "Өзбекстан президентін балағаттағаны" және "билікке жала жапқаны үшін", "терроризмді үгіттеп, геноцид ұйымдастыруға шақырғаны үшін" әрі "Өзбекстанның конституциялық құрылымын бұзуға сөз байласқаны үшін" айыпты деп тапты. Сот жабық өтті.

"КҮШТЕП ТЫҢШЫ ЕТУ" ЖӘНЕ АЗАПТАУ

"Дәдебаев басынан кешкендерін айтқан кезде әлі күнге дейін қобалжиды". Ресейде 2022 жылы биліктің пәрменімен қызметі доғарылғанға дейін "Мемориал" құқық қорғау ұйымының Орталық Азия бағдарламасының жетекшісі болған құқыққорғаушы Виталий Пономарев Жұмасапармен сұхбаты жайлы осылай жазады.

2021 жылы маусымда ол белсендімен Стамбұлда кездесіп, ұзақ сұхбат құрған. Сол сұхбатта Қарақалпақстандағы түркімен ауылында туған Жұмасапардың өмір-тарихынан көп дерек бар.

Осы сұхбаттан жарты жыл өткен соң ол Өзбекстанға күштеп апарылып, ұзақ жылға сотталарын білмеген де еді.

Оның Түркияға қашып, белсенділікті сыртта жалғастыруына Өзбекстандағы арнайы күштердің "тыңшы" болуға шақырған қысымы әсер етсе керек. Құқық қорғаушы мұны "Каримов дәуірі арнайы қызметінің қылмыстық әдістері" деп бағалайды.

Жүмасапар Дәдебаев
Жүмасапар Дәдебаев

Жұмасапар Дәдебаев 1986 жылы Қарақалпақстанның түркімендер көп мекендейтін Сарайкөл ауылында туған. Ауылда мектепті бітіргеннен үш жыл өткен соң ол да Өзбекстанның басқа жастары сияқты нәпақа табу үшін Ресейге кеткен. Құрылыста істеген, жүк тасыған, туған жеріне де келіп тұрған.

2008 жылы ол Мәскеуде дінге қызығып, намаз оқи бастайды. 2012 жылы Мәскеудегі Мемориалдық мешіт жанындағы "әл-Фатиха" жексенбілік мектебіне оқуға түседі.

2014 жылдан бастап Нөкіс әуежайына келгенде оның діни кітаптарын тартып алып, "діни әдебиетті заңсыз алып келгені" үшін айыппұл салып, ұзақ тергеп жүреді. 2016 жылы келгенінде шекарашылар төлқұжатын алып қояды. Содан соң ол тұратын ауылда өзбектер мен түркімендер арасында қақтығыс болып, соның аясында арнайы қызмет оны "агент" етіп алуға күш салады.

"Ұрып-соғу психологиялық қысыммен алмасып отырған. Ұлттық қауіпсіздік қызметінің өкілі белсендінің телефонында Құран мен хадис оқып отырған видеоларын тауып, "Ислам мемлекетінің" (Қазақстанда тыйым салынған террористік ұйым – ред.) исламистік видеолары үшін түрмеге барасың" деген. Белсенді телефонында экстремистік материал жоғын айтқанда, ол "өзің білетіндей, нені қаласақ, сенімен соны істейміз" деп жауап қатқан. Өзбекстанның ҰҚҚ-не жұмыс істеуге шақырған. Келіспесе, "мемлекетке қарсы әрекеті үшін" 15 жылға қамалатынын айтып қорқытқан".

Өзінің айтуынша, оны жұдырықпен ұрған, тепкілеген, табанынан таяқпен ұрған. Бұған қоса оған өздері азаптап айтқанына көндірген адамдардың видеоларын көрсеткен.

"Мұндай сұрақ-жауап кейде үш күнге созылатын" дейді Дәдебаев.

Оған Мәскеудегі мұсылмандар арасында ақпарат жинап, адамдарды "ұстап беру" тапсырылған. Тіпті "агент" қатарына алу туралы "өтінішін" видеоға түсірген. "Ұсталған" әр адам үшін 200 доллар ақша төлеуге де уәде берген. Кейін ол 2022 жылы қаңтарда Стамбұлдан Ташкентке жеткізілгенде "қарақалпақтарды митингіге шықпауға" шақырып үндеу жасатып, оны да видеоға жазған.

Оның Өзбекстаннан Түркияға қашып шығуына елдің алғашқы президенті Ислам Каримовтың қайтыс болуы әсер еткен. Билікте ауыс-түйіс басталып, арнайы қызмет өкілдері өз басымен қайғы болып жатқанда ол шетелге шығып кеткен. Араға бес жыл салып ол Мирзияев билігі күшейген тұста Өзбекстан түрмесіне қамалды.

Азаттық Дәдебаевтың хал-ахуалын сұрап, сәуір айында Өзбекстан парламенті жанындағы Омбудсмен институтына хат жолдады. Әлі күнге жауап келмеді. Мамырда осындай хат Өзбекстан үкіметіне және ішкі істер министрлігіне де жіберілді. Оларға да әлі жауап жоқ.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG