Accessibility links

Орталық Азия заңдары президентке «тіл тигізгендерді» қалай жазалайды?


2018 жылғы 10 маусым. Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевпен Қытайда өткен саммитте жүр.
2018 жылғы 10 маусым. Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевпен Қытайда өткен саммитте жүр.

Орталық Азиядағы басқа басшылардың ізімен Өзбекстан басшысы да президентке интернет арқылы "тіл тигізгендерге" жазаны күшейтетін заңға қол қойды. Іс басындағы президентке ғана емес, бұрынғы президентке "жала жапқандарды" да жауапқа тартатын Қазақстан мен аймақтағы өзге елдерде мұндай жаза бұрыннан бар. Сарапшылар Өзбекстан басшысының әрекетін көрші елдердегі сияқты билікті сақтап қалу амалы ретінде қарстырады.

ӨЗБЕКСТАН: ИНТЕРНЕТТІ ҚАМТЫҒАН ЖАҢА ЗАҢ

Өзбекстанда "телекоммуникация желілерінде немесе интернетте президентке тіл тигізді яки жала жапты" деп танылған адам енді үш жылға дейін түзеу жұмыстарына кесіледі, немесе бес жылға дейін бас бостандығы шектеліп, бес жылға дейін бас бостандығынан да айрылуы ықтимал.

Осы норма қамтылған "кейбір заңдарға өзгертулер мен толықтырулар енгізу" туралы заңға 30 наурызда президент Шавкат Мирзияев қол қойды.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев.
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев.

Бұған дейін Өзбекстан Қылмыстық кодексінің 158-бабында БАҚ арқылы көпшілік алдында президентке тіл тигізген немесе жала жапқан адамды жауапқа тарту қарастырылған да, "желілер мен интернет" туралы айтылмаған.

Соңғы жылдары саяси өмірінде "жылымық" нышаны байқалады деп жүрген Өзбекстанда Мирзияевтің бес жылдық алғашқы президенттік мерзімі әлі біткен жоқ, елде күзге сайлау өтуі тиіс. Жазалаудың мұндай түрі дәл осы кезде қолға алынуы кездейсоқ емес.

ТҮРКІМЕНСТАН. 5 ЖЫЛ ТҮРМЕ

Президентке "тіл тигізгені" және "жала жапқаны" үшін жауапқа тарту Орталық Азия үшін жаңалық емес. Мәселен, Түркіменстан қылмыстық кодексінің 176-бабында мұндай "қылмыс" үшін адамды бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Бұған қоса, елдің 2014 жылы қабылданған "Интернет желісін дамыту және интернет-қызметін көрсету туралы" заңында Түркіменстан президентін "қорлайтын және оған жала жабатын ақпарат тарату" конституциялық құрылысты күштеп өзгертуге, соғысқа шақыру, порнографияны насихаттау сияқты қылмыс түрлерімен қатар аталады.

2007 жылы билікке келген тұсында Түркіменстанның екінші президенті Гурбангулы Бердімұхамедов те Орталық Азиядағы ең жас басшы ретінде оң өзгерістерден үміт күттірген. Алайда ол аз ғана уақытта бұрынғы басшының кебін киіп, басқарудың авторитарлық, әміршіл жүйесін одан әрі жалғай түсті. Түркіменстан – әлемдегі cөз бостандығы рейтингінде соңғы орындардың бірін алатын ел. Онда президентке "тіл тигізу" түгіл, үкіметтің саясатын сынауға да жол берілмейді, елде интернетке кіру шектелген, тәуелсіз ақпарат құралы жоқ.

ТӘЖІКСТАН: АЙЫППҰЛ, ЕҢБЕКПЕН ТҮЗЕУ, ТҮРМЕ

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон 2016 жылдан бері "бейбітшілік пен ұлттық бірліктің негізін қалаушы – ұлт лидері" деген мәртебеге ие. Сол жылы қабылданған арнайы заң бойынша оның мал-мүлкіне қол сұғылмайды.

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон инаугурация рәсімінде. Душанбе, 30 қаңтар 2020 жыл.
Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон инаугурация рәсімінде. Душанбе, 30 қаңтар 2020 жыл.

Қылмыстық кодекстің 137-бабы бойынша "ұлт лидеріне тіл тигізгендер мен жала жапқандарға" 100-500 есептік көрсеткіш аралығында (бір есептік көрсеткіш – 60 сомони немесе 5,2 доллар) айыппұл салынады немесе бір жылға дейін еңбекпен түзеу жұмысына тартылады.

Осы баптың келесі тармағында баспасөз, БАҚ немесе интернет желісі арқылы "тіл тигізіп, жала жапқандардың" жазасы жеке атап көрсетілген. Мұндайда екі жылға дейін еңбекпен түзеу немесе бес жылға дейін бас бостандығынан айырып, жауапқа тарту қарастырылған.

ҚАЗАҚСТАН: ЕКІ БАСШЫНЫ "ҚОРҒАЙТЫН" ҮШ БАП

Қазақстанда іс басындағы президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен қоса, экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевқа да "тіл тигізді" деп танылған адам түрмеге қамалуы мүмкін, оның үстіне Назарбаевқа қатысты "қылмыстың" сипаттамасы кеңірек.

Қазақстан президентінің міндетін атқарушы атанған Қасым-Жомарт Тоқаев пен президенттіктен кететінін мәлімдеген Нұрсұлтан Назарбаев парламент палаталарының ортақ отырысында. Астана (қазіргі Нұр-Сұлтан), 20 наурыз 2019 жыл.
Қазақстан президентінің міндетін атқарушы атанған Қасым-Жомарт Тоқаев пен президенттіктен кететінін мәлімдеген Нұрсұлтан Назарбаев парламент палаталарының ортақ отырысында. Астана (қазіргі Нұр-Сұлтан), 20 наурыз 2019 жыл.

Қазақстанды отыз жылға жуық уақыт басқарып, 2019 жылғы наурызда қызметінен кетсе де, биліктің біраз бөлігін қолында ұстап отырған Нұрсұлтан Назарбаевтың "Қазақстанның тұңғыш президенті – елбасы" деген ресми статусы бар. "Мемлекет құрудағы тарихи рөлі үшін" Назарбаевқа бұл мәртебе 2000 жылы конституциялық заң арқылы берілген. Кейін ол заңға өзгеріс енгізіліп, "тұңғыш президенттің" қасына "елбасы" деген сөз қосылды. Сөйтіп, Назарбаевтың қадір-қасиетін ол президенттіктен кеткеннен кейін де "қорғауға" кепілдік беретін норма ол орнын босатардан 19 жыл бұрын бекітіліп қойған. 2007 жылы "тұңғыш президент" туралы норма Конституцияға да енгізілді.

Қазақстан Қылмыстың кодексінің екі бірдей бабы "тұңғыш президенттің" қадір-қасиетін қорғауға және оған "тиіспеушілік кепілдігін" бекітуге бағытталған. 373-бап Назарбаевты "көпшілік алдында қорлау және оның абыройы мен қадір-қасиетіне өзгедей қол сұғу", оның "бейнесін бүлдіру" және "заңды қызметіне кедергі жасау" деген қылмыс түрлерін қарастырады. Осындай әрекеттерге барды деп танылған адамға 2 мың айлық есептік көрсеткіш (бір айлық есептік көрсеткіш (АЕК) – 2 917 теңге немесе 6,8 доллар) айыппұл салынады не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына жіберіледі, оның бас бостандығы екі жылға дейін шектелуі не екі жылға дейін түрмеге қамалуы ықтимал. "БАҚ немесе телекоммуникация желілерін пайдалана отырып жасалған" дәл сол әрекет үшін айыппұл мөлшері 3 мың АЕК, болмаса "қылмыскер" үш жылға дейін бас бостандығын шектеу не сонша мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына кесіледі.

Ал президентке қатысты қылмыс түрлері бұдан әлдеқайда аз. Мұнда "бейне", "көпшілік алдында қорлау" туралы сөз жоқ, ол бап тек "Қазақстан президентінің абыройы мен қадiр-қасиетiне қол сұғу және оның қызметiне кедергі жасау" деп аталады. Дегенмен "елбасына" да, президентке де "тіл тигізген" адамдардың жазасы бірдей.

Нұрсұлтан Назарбаев 78 жасқа толғанда Қазақстан астанасындағы Ұлттық музейде оның ескерткіші / мүсіні орнатылды. 6 шілде 2019 жыл.
Нұрсұлтан Назарбаев 78 жасқа толғанда Қазақстан астанасындағы Ұлттық музейде оның ескерткіші / мүсіні орнатылды. 6 шілде 2019 жыл.

Есесіне кодексте "президенттiң жүргiзiп отырған саясатын сынаған жария сөз қылмыстық жауаптылыққа әкеліп соқпайтыны" көрсетілген. Алайда "тұңғыш президентке" қатысты мұндай норма жоқ. Яғни, оның "саясатын" сынаудың өзі Назарбаевты "қорлау" деп қарастырылуы ғажап емес. Мұның алдында Азаттыққа сұхбат берген сарапшылар "қадір-қасиетті" бағалаудың тым қиын екенін, сондықтан бұл баптың билікке қарсы сыни пікірді тоқтату үшін қолданылатынын айтқан.

Назарбаевты сын-пікірден, отбасы мен табысы туралы журналистік не басқа да болашақ зерттеулерден "қорғайтын" арнайы бап бар. Қылмыстық кодексте ол "тұңғыш президент – елбасыға тиіспеушілік кепілдігін бұзу" деп аталады.

Ол бап бойынша, Назарбаевқа "және онымен бірге тұратын отбасы мүшелеріне тиіспеушілік кепілдігін, оның ішінде мүлкіне, тұрғын және қызметтік үй-жайына, жеке және қызметтік көлік құралдарына, жазысқан хаттарына, олар пайдаланатын байланыс құралдарына, банктегі шоттарының банктік құпиясына, оларға тиесілі құжаттарға тиіспеушілік кепілдігін бұзған" адамға 5 мың АЕК мөлшерінде айыппұл салынады не ол бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға кесіледі.

Ал Қырғызстанда президенттің ар-намысын қорғауға бағытталған "президент қызметінің кепілдігі және экс-президент мәртебесі" туралы заң бар. Заңның төртінші бабы бойынша "президенттің ар-намысына нұқсан келтіретін мәлімет тараған жағдайда" бас прокурор президенттің келісімімен және алдын-ала моральдық шығын суммасын келісе отырып президенттің атынан сотқа шағынуға міндетті.

ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ "ПРЕЗИДЕНТТЕР ВИРУСЫ"

Шетелде тұратын өзбекстандық саяси сарапшы Камолиддин Раббимов Өзбекстан президентіне "желілер мен интернет" арқылы "тіл тигізу" жазасын енгізудің өз ерекшелігі бар дейді. Оның айтуынша, қазір Өзбекстан президентін сынау қалыпты жайға айналып келеді. Алайда президентті интернет арқылы сынаушылардың дені – елден сыртта тұратын өзбекстандықтар.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев (сол жақта), Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон Мәскеудегі Жеңіс парадында. 24 маусым 2020 жыл.
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев (сол жақта), Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон Мәскеудегі Жеңіс парадында. 24 маусым 2020 жыл.

– Қазіргі ақпараттық технология биліктің жағдайды бақылауда ұстауына мүмкіндік бермейді. Билік жағдай осы қарқынмен кете берсе, Өзбекстанда бұқаралық әлеуметтік фрустрация бой көтереді деп сескенеді. Бұл билікке үлкен мәселе тудырады. Мұның соңы шеруге айналып кетсе, билік жолайрыққа тіреледі. Бірінші жол – 2005 жылғы Әндіжан оқиғасындағыдай күш қолдану, екіншісі – қырғыз варианты, биліктен кету. Өзбекстан билігі екі вариантты да қабылдай алмайды. Жағдайды бақылауда ұстау үшін өзін сынаушыларға билік осы жазаны бекіту арқылы жауап беріп отыр, – дейді Камолиддин Раббимов Азаттыққа.

Ал 2006 жылы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевты сотқа беріп, бірақ соңынан "президенттің ар-ожданына нұқсан келтірді" деген айыппен өзі сотты болған оппозициялық саясаткер Жасарал Қуанышәлин Орталық Азия президенттерінің "тіл тигізу", "жала жабу" айыбы бойынша жауапқа тартатын баптарды бекітуін 21 ғасырдағы қалыпқа сыймайтын анахронизм деп бағалайды.

– Осы арқылы Мирзияев те өзінің алдындағы әріптестерінің ұстанымын күшейтуге бет алғанын көрсетті. Оған Орталық Азиядағы өзге де президенттердің "вирусы жұққан" сияқты. Бұл – билікті сақтаудың амалы. Мирзияев те енді өз билігін күшпен, зорлықпен ұстап қалуға бейім екенін аңдатты, – дейді Жасарал Қуанышәлин Азаттыққа.

Саясаткер Орталық Азия президенттері ілгерілеудің орнына кері кетіп барады деп есептейді.

– Өркениетті елдерге қарап бой түзеудің орнына, одан алшақтап, [президенттер] өздерін қорғайтын заңдар қабылдап жатқаны – сорақы жағдай. Мәселен, Орталық Азияда тек Қазақстанда ғана екі президентті заң арқылы қатар қорғайды, – деген Жасарал Қуанышәлин аймақта өркениетті елдер жолымен басқару жүйесін құрмай өзгеріс болмайды деп санайды.

Бұған дейін Орталық Азияда президентке "тіл тигізу" немесе "жала жабу" баптары бойынша бірнеше адам айыпталып, сотталған. Олардың арасында диссидент, саясаткер, журналист, белсенді, адвокат, ақын және мигрант та бар. Кейбіріне айып тағылғанымен сотталмаған, кейбірі ақталған.

Назарбаев президент болып тұрған кезінде оған "тіл тигізді" деген айыппен кемінде алты адам сотқа тартылған. Оның ішінде Азаттықтың марқұм тілшісі Қазис Тоғызбаев та болған.

Былтыр Назарбаевты сынап, Youtube-те жариялаған видеоүндеуі үшін Қарағанды тұрғыны Арман Хасенов "экс-президентті қорлады" деген баппан үш жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді. Ол "елбасын қорлау" бабы бойынша сотқа тартылған алғашқы адам" деп аталды.

  • 16x9 Image

    Қуанышбек ҚАРИ

    "Шайхана" блогының авторы. Азаттықтың Алматы бюросының бас редакторы болған. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бакалавр дәрежесімен, Тегеран университеті парсы әдебиеті факультетін магистр дәрежесімен тәмамдаған.

    Иран телерадиобірлестігі әлемдік қызметінде тілші, кейін қазақстандық бірнеше БАҚ-тың Ирандағы тілшісі қызметтерін атқарған. Қазақстандық ақпарат агенттіктерінде, газет-журналдарда тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болған. 

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG