Орталық Азиядан шыққан мигранттардың көбі Украинадағы соғысқа, шектеудің күшеюіне және Ресейде ксенофобияның ушығуына байланысты Түркияға назар аударып отыр. Виза режимі жеңіл болғандықтан бұл ел аймақ тұрғындары үшін бұрыннан тартымды болатын. Алайда, мигранттар кейінгі екі жылда Түркияда жұмыс істеп жатқан шетел азаматтары бірқатар қиындықпен бетпе-бет келіп отырғанын айтады: рейдтер, депортациялау және тегін жұмысқа салу жиілеген.
"Ауданымызды өзбектерден тазалады"
Лалели – Стамбұлдың Еуропа бөлігіндегі саудамен күн көріп отырған бірнеше ықшамауданның бірі. Ондағы толып жатқан көтерме сауда дүкендері мен кішігірім сауда орындарында қарбалас бір тынбайды.
Орталық Азия елдерінің кәсіпкерлері кейінгі жиырма жыл ішінде текстиль және тері өнімдерін алуға осында келеді. Сол себепті де Лалелидегі әр дүкеннен Орталық Азия республикаларынан келген қызметшіні кездестіруге болады.
30 жастағы Дильноза солардың бірі, самарқандық келіншек әйел киімін сататын дүкеннің бірінде жұмыс істейді. Түркияға үш жыл бұрын келген.
"Күйеуім екеуіміз ата-енемнен бөлек шығып, пәтер сатып алдық. Ақша жетпеген соң қарыз алуға тура келді. Қарыздан тезірек құтылу үшін жұмыс істейін деп ұйғардым. Өзбекстанда көп ақша таба қою қиын. Мұнда айына 800 доллар аламын. Сондай ақшаны өз елімізде тапсақ жақсы болар еді", – деді Дильноза.
Күйеуі Әнуар бес жылдан бері тасымал саласында жұмыс істейді: Өзбекстаннан Стамбұлға азық-түлік, темекі, электрондық гаджеттер тасиды. Кері қайтқанда дәрі-дәрмек, киім мен алтын алып кетеді.
Ерлі-зайыптының екі кішкентай баласы Самарқанда қалған. Бір жыл бұрын Стамбұлда тағы бір сәбиі дүниеге келген.
"Бала туғаннан кейін бір айдан соң-ақ жұмысқа шықтым. Ол кезде кенже ұлымды анам қарасты. Балам жасқа толғаннан кейін күйеуім оны Самарқанға апарып тастады. Үлкен екеуі де сонда енемнің қолында. Балаларыңнан жырақта болу өте қиын. Күніне бірнеше рет Whatsapp арқылы сөйлесемін. "Анашым, қашан келесің?" деп жылайды. "Сәл шыдаңдар, аз қалды" деп жұбатамын", – деді Дильноза.
Келіншектің бұл сөзінің өтірігі жоқ. Бір-екі айда шынымен де Өзбекстанға қайтпақшы. Ол Өзбекстан азаматтарына Түркияда жұмыс істеу барған сайын қиындап кеткенін айтады.
"Жылда жұмыс істеуге рұқсат қағазымды еш қиындықсыз ұзартып жүрген едім, бірақ кейінгі бір жылда көші-қон органы шетелдіктердің көпшілігіне рұқсат бермейтін болды. Үш-төрт ай бұрын отандастарымыз көп жұмыс істейтін Ақсарай, Лалели мен Құмқалыда (Стамбұлдың Фатих ауданындағы ықшамаудандар – ред.) жаппай рейд жүрді. Адамдарды топ-тобымен ұстап әкетті. Күн сайын жұмысқа қалтырап-дірілдеп барып кеп жүрдім. Барынша полицияның қолына түспеудің амалын қарастырдым. Тығыз шаруам болмаса, көшеге шықпайтын болдым. Ұсталғандар арасында өзбектер көп болды, оларды автобусқа тиеп алып кетті. Бір сөзбен айтқанда, ауданымызды өзбектерден бір "тазалап" алды", – деді Дильноза.
Түркияда заңсыз жүрген мигранттарды анықтау рейді 2023 жылдың мамыр айында өткен президент сайлауынан кейін басталып, содан бері бір тынған жоқ. Кейінгі жарты жылда Стамбұлда күн сайын рейд болып жүр. Жергілікті ақпарат құралдарының айтуынша, полиция күніне ондаған адамды ұстайды. Олардың көпшілігін депортация жасайды.
Түркия рейд туралы нақты мәліметтерді жарияламайды. Стамбұлдағы Өзбекстан бас консулдығы тек қана іздеудегі ұсталған азаматтар туралы мәлімет береді. Консулдық мәліметі бойынша, 2024 жылдың 10 айында ондай өзбекстандықтар саны 37 болған.
Ең шулы жағдайлар жыл басында тіркелді. Қаңтар айында "сексуалдық сипатта пайдалану мақсатымен адам саудасымен айналысқан" деген күдікпен Өзбекстанда іздеу жарияланған 39 жастағы Дилноза Умарова мен 41 жастағы Мавлудахон Улмасова Стамбұлда ұсталып, Отанына депортация жасалды.
Одан біраз бұрын адам ұрлау, сату және сексуалдық қызмет көрсетуге мәжбүрлеу деген күдікпен халықаралық іздеу жарияланған Өзбекстан азаматы, "Мадам Клод", "Жезөкшелер ханшайымы", "Жезөкшелік патшайымы" деген лақап аттары бар 40 жастағы Нилуфар Мирханова Чанаккале қаласында ұсталған болатын.
Қолда бар мәліметтер бойынша, Мирханова Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Түркіменстан мен Өзбекстаннан көптеген әйелдің Түркияға заңсыз кіруіне көмектескен болуы мүмкін. Оларды кейін секс индустрияда құлдыққа жеккен.
Түрік ақпарат құралдары Мирханова жезөкшелер ордасын ұйымдастырудан айына 40 мың АҚШ доллары көлемінде табыс тапқан деп жазды. Ол 8 жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге сотталуы мүмкін деді. Қазір Өзбекстанда бұл істің қалай жүріп жатқаны туралы ресми мәлімет жоқ.
"Егер Түркіменстан шекараны ашса, елде ешкім қалмас еді"
Кейінгі 15-20 жылда Түркия түркіменстандық еңбек мигранттары үшін негізгі шет мемлекет болып қалып отыр. Бұған екі елді ертеден тарихи және мәдени тұрғыда байланыстыратын айрықша қарым-қатынас себеп.
Кейінгі жылдары Түркіменстандағы ауқымды экономикалық дағдарыс пен билік басындағы Бердімұхамедовтер режимінің саясатына көңілі толмайтындар есебінен мигранттар ағыны көбейе түсті.
Түркіменстан азаматы, Чарджоу қаласының тұрғыны (қазіргі Түркіменабад – ред.) Әлішер Сахатов – Стамбұлда тұратын түркіменстандық мигранттар арасында танымал белсенді. Сахатов әлеуметтік желіде Түркиядағы отандастарының мәселесін көтереді, осы елдегі түркімен дипломаттарын және Түркіменстандағы билеуші режимді сынайды. Әлішер Түркияға 2018 жылы әйелімен және үш баласымен көшіп барған. Белсенді елдегі "адам төзгісіз жағдай" шетелге қоныс аударуына мәжбүрлегенін айтады.
"Чарджоуда бастапқыда қоқысты утильдеумен айналысып, кейін жүк тасыдым. Бірақ "тым көп талап ететін" болғандықтан мені "өз өтінішім" бойынша жұмыстан шығарып жіберді. Мәселен, президент келетін кезде бүкіл коммуналдық қызмет саласы жұмысшыларын 26-30 сағаттан ұйықтамай жұмыс істеуге мәжбүрледі. Жұмыстан шығарып жібереміз деп қорқытып, қарыс қадам шығармай ұстады. Президент қайсыбір қалада 2-3 күнге қалатын болса, бірде-бір коммуналдық қызмет ұйқы көрмей жұмыс істейтін. Мен мұндайға келіспейтінімді білдіріп, құқығымның қорғалуын талап етіп, қосымша жұмыс істеген уақытымызға ақы төлеуді сұрағанымда ізіме түсе бастады, қамауға тырысты. Үнемі қысым көріп жүрдім. Жағдай адам төзгісіз болып кеткеннен кейін елден кетпекші болдым. Халықтың көп бөлігі осындай ойда. Түркіменстан шекараны ашатын болса, елде ешкім қалмайды, қалалар мен ауылдар қаңырап бос қалады", – деді Әлішер Сахатов.
Түркіменстан билігі әртүрлі жолмен жаппай эмиграцияны тізгіндеп отыр. 2022 жылдың қыркүйек айында Ашғабат Анкарадан Түркіменстан азаматтарының визасыз кіру мүмкіндігін жоюды сұраған, визасыз барыс-келіс 2007 жылдан бері бар болатын.
Бұл азаматтарды айтарлықтай қиындыққа душар етті. Түркияның аймақтық көші-қон басқармалары төлқұжатының мерзімі өтіп кеткен Түркіменстан азаматтарының тұрғылықты тұруға берген өтінішін қабылдаудан бас тартатын болды. Ал визасыз режимді алып тастағандықтан, Түркіменстан азаматтары жаңа төлқұжатты тек өз елінде ала алады. Алайда одан кейін Түркияға оралу мүмкіндігі жоқтың қасы.
Әлішер Сахатовтың айтуынша, Түркиядағы Түркіменстанның бас консулдығы ел азаматтарына басқа да негізгі құжаттарды бермей қояды, соның ішінде некеге тұру және жаңа туған баласын растау құжаттары да бар.
2022 жылы Стамбұлдағы бір топ түркімен белсендісі Түркіменстан консулдығына келіп, Түркиядағы түркіменстандықтардың мәселесін шешуге көмек сұраған хатты президент Сердар Бердымұхамедовке тапсырмақ болған. Алайда, бұл акция шектен шыққан әрекетпен аяқталды.
"Бізге консул Мердан Мустаков шықты. Қолына кастет алды да, жанымызда түріктің құқық қорғаушылары, адвокаттар, баласын жетектеген белсенді әйелдер тұрғанына қарамастан, кастетпен ұра бастады. Балаларды таптап кете жаздады. Осы жағдайдан кейін түркімен консулдығы қаланың орталығынан Стамбұлдың сырт жағына қоныс аударды", – деді Әлішер Сахатов.
"Түркіменстан әлемдегі бірде-бір мемлекет жасамайтын нәрсені жасап, өз азаматтарының басқа елге кіруін шектеуді сұрады, – деді адам құқығы саласындағы заңгер, АҚШ-тағы Оңтүстік Калифорния университетінің профессоры Стив Свердлов Азаттықтың Өзбек қызметі – Озодлик радиосына берген сұхбатында. – Түркіменстанның Түркиядағы елшілігі мен консулдығы төлқұжаттардың, жеке басты растайтын басқа да құжаттардың мерзімін ұзартудан бас тартады. Бұл бүкіл әлемдегі жалпыға ортақ тәртіпті бұзуға жатады. Консулдық өз азаматтарының басқа елдің аумағында заңды тұруына мүмкіндік беретін тиісті құжаттармен қамтамасыз ету үшін жұмыс істеуі керек".
Свердловтың айтуынша, Түркиядағы түркіменстандықтар аса ауыр жағдайға душар болып отыр.
"Жақында зерттеу бойынша Стамбұлға барып қайттым, менімен кездескен түркімен мигранттары бұл елде заңсыз тұрып жатқанын жеткізді. Олардың көзінен үрей көрдім. Кейбіреуі осындай жағдайда құжатсыз 14-15 жылдан бері тұрып жатыр. Құжатын жаңалай алмағандықтан, кез келген сәтте депортация жасауы мүмкін екенін ойлап қорқады, құжатсыз ешқандай әрекет те істей алмайды. Олардың Түркиядағы жағдайы өте ауыр", – деді Свердлов.
Түркияның көші-қон басқармасы таратқан мәлімет бойынша, елде заңды түрде тұрып жатқан 200 мыңға жуық Түркіменстан азаматы бар. Ал құқық қорғаушылар мен тәуелсіз дерек көздері олардың жалпы саны миллионға жетуі мүмкін деп отыр.
Түркіменстан билігі де, соның ішінде Түркиядағы дипломатиялық миссия өкілдері де мигранттар мәселесіне байланысты ешқандай пікір білдірмейді, статистиканы жарияламайды. Елдегі ресми ақпарат құралдары мигранттар мәселесін көтермейді.
"Қыздардың полицияға бара алмайтынын біліп, қуып жібереді"
Түркиядағы түркімен мигранттарының айтарлықтай бөлігі – әйелдер. Олар негізінен бала бағады немесе кісі күтімімен айналысады.
Жергілікті халық арасында бұл ауыр жұмыс саналады әрі ақысы да төмен. Түркіменстандық әйелдер мұндай жұмысқа қуана келіседі, өйткені өз елінде мұндай ақшаның жартысын да таба алмайды. Олар айына 700 доллар алады.
Әйтсе де, әйелдер мұның қауіпті жағы да барын, жыныстық не басқалай зорлыққа ұшырауы мүмкін екенін айтып шағынды. Елде заңсыз жүргендіктен кінәлілермен күресуге де дәрменсіз.
Түркіменстаннан келген Марал қазір Стамбұлда тұрады. Ол түркімен болғандықтан ғана түрлі қатерге ұрынатынын айтып берді.
"Жұмыс берушілер көп адамның құжаты дұрыс емес екенін біледі. Сондықтан да оларға тиісіп, дөрекі қарым-қатынас жасауы мүмкін. Бірдеңені дұрыс айтпаса немесе көңілдегідей жауап бермесе, ақшасын төлеместен қуып жібереді. Өйткені ол қыздардың полицияға барып шағына алмайтынын біледі", – деді Марал.
Жасы келген ер адамға күтім жасайтын жұмысқа орналасқан танысы жақында осындай жағдайға душар болыпты.
"Танысымның жасы 60-та. Бірде қарап жүрген ер адам тұспалдап, жақындасу туралы айтыпты. Әйел көнбеген. Арада аз уақыт өткенде үйімнен зат жоғалды деп полиция шақырған. Танысымды ұстап, депортация орталығына жіберді", – деді Марал.
Оның айтуынша, танысы ештеңе де ұрламаған, әлгі ер адам өзінің айтқанына көнбегені үшін оған жала жапқан.
"Көз жасын көл қылғанымен, кінәсіз екенін дәлелдей алмады, өйткені бұл елде заңсыз жүрген адам", – деді Марал.
33 жастағы Махабат та Түркіменстаннан келген мигрант. Екі ай бұрын Махабат та Стамбұлдағы әйелдерге арналған депортация орталығына түсіп, бірақ адвокаттың арқасында босап шыққан.
Махабаттың айтуынша, Түркияда Түркіменстаннан келген әйелдердің жоғалып кетуі жиілеген.
"Мұндай жағдай көп болып жатыр. Туыстары полицияға көмек сұрап барғанмен пайда жоқ. "Жоғалып кеткен әйелдер заңсыз жүргендер, олар тіркеуде де жоқ, құжаттары да жоқ. Қайдан іздеп, қалай табамыз?" деп қайтарады. Осы елде сіңлім жоғалып кетті деп жеке өзіме хабарласқан түркімен келіншектері болды. Жұмысқа кеткеннен хабарсыз кеткен. Олардың өлі не тірі екені, қайда екені белгісіз", – деді Махабат.
Түркіменстаннан келетін қыз-келіншектердің Түркиядағы жағдайы өте ауыр екенін Стив Свердлов та растады.
"Мигранттармен сөйлескен кезде түркімен қыздарының зорлыққа ұшырағанын білдім. Олардың Түркияның құқық қорғау органдарынан көмек сұрай алмайтыны өте өкінішті. Өйткені төлқұжатының мерзімі өтіп кеткендіктен, ұстап алса Отанына қайтаруы мүмкін, ал ол жақтағы жағдай тіптен қиын. Әрине, Түркияда заң жағынан, басқа жағынан көмек берумен айналысатын жекелеген құқық қорғау органдары бар. Бірақ ол жеткіліксіз. Оның үстіне, Түркиядағы басқа мигранттардың қасында түркімендер көптің бірі болып қалады. Біз, құқық қорғаушылар, Түркияны міндеттемесін сақтауға, түркімен мигранттарына заңды жолмен құжатын алуға жағдай жасауға, олардың азаматтығы жоқ тұлға болып қалмауына ықпал етуге шақырамыз. Сонымен бірге оларды еліне қайтармауды сұраймыз, себебі онда азаптау немесе басқа да аяусыз қарым-қатынасқа душар болатынын білеміз", – деді Стив Свердлов.
"Тәжіктерді террорист дейтіні көңіліме келеді"
Кейінгі бірнеше жылда Тәжікстаннан шыққан еңбек мигранттары үшін Түркия Ресейден кейінгі екінші бағытқа айналған еді. Биылғы жыл басында жағдай күрт өзгерді.
2024 жылғы 28 қаңтарда қарулы екі адам Стамбұлдағы Әулие Мария католик шіркеуінде адамдарға оқ атты. Соның салдарынан 52 жастағы Түркия азаматы мерт болды. Ел билігі шіркеуге қарулы шабуыл жасады деп "Ислам мемлекеті" террор тобынымен байланысы бар екі шетел азаматын айыптады. Кейіннен оның бірі Тәжікстан азаматы екені мәлім болды.
Екі айдан соң Мәскеудегі "Крокус Сити Холл" концерт залында теракт болып, кемінде 145 адам қаза тауып (оның алтауы бала), тағы 551 адам жараланды. Ондаған Тәжікстан азаматына шабуыл жасады деген айып тағылды.
"Крокус Сити Холл" залындағы шабуылдан кейін Түркияда терактіні мойнына алған "Ислам мемлекеті" террор тобының жақтастарына қарсы рейд жүрді. Hürriyet газетінің жазуына қарағанда, ұсталғандар арасында Түркияда шабуыл жасауға дайындалып жүрген бір Тәжікстан азаматы болған.
Бұған қоса "Крокустағы" терактіге қатысы бар екі орындаушы, Тәжікстан азаматтары Шамсидин Фаридуни мен Саидакрами Рачабализода терактіден аз ғана уақыт бұрын Түркияға барғаны, қайғылы жағдайдан бірнеше күн бұрын ғана Мәскеуге оралғаны белгілі болды.
Осыдан кейін Анкара оған дейін визасыз 90 күнге дейін жүре алатын Тәжікстан азаматтарына виза режимін енгізді. Содан бері Түркияда жүрген Тәжікстан азаматтары бұл елде заңды жолмен жүру үшін еліне барып, виза алып келуі керек.
Тәжікстанның еңбек министрлігі берген мәліметтерге сүйенсек, Түркияда екі мыңнан бес мыңға дейін Тәжікстан азаматы бар. Олардың көбі – базарда, фабрикалар мен кафелерде жұмыс істейтін еңбек мигранттары.
Каюмарстың жасы 22-де. Тәжікстанның солтүстігіндегі Хожант қаласынан. Стамбұлдың туристік ауданындағы кафеде еңбек етіп жүр. Айтуына қарағанда, бұрын Ресейде жұмыс істеген, ксенофобияның өршуі ол жақтан кетуге мәжбүр қылған. Әйтсе де, жас жігіттің айтуынша, Ресейдегі шабуылдан кейін Түркияда да тәжік мигранттарына деген көзқарас өзгерген.
"Тәжіктерді террорист дейтіні көңіліме келеді. Жақында ет дүкеніне барсам, сатушы ұлтымды сұрады. Тәжік екенімді айтып едім, "тәжіктердің арасында террорист көп" деді. Бұл маған ауыр тиді. Ет алмастан шығып кеттім. Бірнеше адам жасаған қылмысқа бола тұтас ұлт зардап шекпеуі керек деп санаймын", – деді Каюмарс.
Сарапшылар Тәжікстан азаматтарының Түркияға визасыз кіру режимін алып тастаудың бірнеше негізгі салдары барын айтты.
"Түркияға емін-еркін кіріп, жұмыс істеу мүмкіндігінен айырылған тәжік мигранттары қиын жағдайға душар болып отыр. Виза ала алмағандар еліне қайтуға мәжбүр болды, ол жақта көбінесе жұмыс та, күнкөріс көзі де жоқ. Бұл әсіресе Түркиядан жіберілетін ақша аударымының арқасында күн көріп отырған отбасыларға ауыр тиді. Басқа амалы қалмаған мигранттар Түркияда заңсыз жолмен қала алады, алайда оларды ұстап, еліне қайтару қаупі артады. Заңсыз жүргеннен кейін негізгі әлеуметтік және медициналық қызметтерден шет қалады, бұл олардың жағдайын тіптен қиындата түседі. Кейбір жағдайда виза режимін алып тастау кемсітудің артуына алып келді", – деді көші-қон саласындағы тәжік сарапшысы Шухрат Латифов.
Адам құқығы саласындағы заңгер, Оңтүстік Калифорния университетінің профессоры Стив Свердлов Орталық Азияның бірқатар елінің азаматтарына виза режимін енгізу арқылы Түркия оларды мейлінше радикал әрі экстремал жағдайға итермелеп отырғанын айтты.
"Түркияда виза режимі енгізілуіне орай, Орталық Азияның басқа елдерінен келген мигранттардан гөрі, тәжіктер мен түркімендер өте қиын мәселеге кез болып отыр. Виза режимінің енгізілуі оларды еліне қайтуға мәжбүрлейді, ал Отанында әлеуметтік-экономикалық ахуалдың қиындығы өз алдына, саяси қуғын-сүргін де өршіп тұр. Түркия Орталық Азиядағы бауырлас халықтардың үлкен досымыз дегенді жиі айтады, мемлекеттер емес, нақты халықтарға бауырласпыз дейді. Сондықтан олардың құқығын қорғаумен де айналысуы керек, оның үстіне мигранттар күн сайын түрік экономикасына ақша құйып жатыр. Олар Түркияның базарларында, қонақүйлерінде қызмет етеді. Тазалық жұмысымен айналысады, мейрамханаларда жұмыс істейді, шағын бизнес нысандарын ашады. Бұл экономиканың өте маңызды бөлігіне жатады. Сондықтан түркімен, тәжік және өзбек азаматтарымен жүйелі түрде жұмыс істеген жөн деп ойлаймын, оларды құқығы қорғалуы керек", – деді Стив Свердлов.
Азаттықтың Өзбек қызметінің журналисі Гуля Хажаеваның мақаласынан аударылды