Өскемен қаласында тұратын заңгер Нұрлан Әубәкіров Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаевты сотқа берді. Сөзінше, ол мәселесін айтайын деп әкіммен кездесуге бірнеше рет талпынған, бірақ оны қабылдаудан "бас тартып келеді".
Әубәкіров әкімшілік сотқа арызды 2024 жылғы 24 желтоқсанда берген. Бұл туралы ол Азаттық тілшісіне 6 қаңтарда айтты.
– Былтыр 29 қарашада облыс әкіміне кіруге өтініш түсірдім. Жеке мәселемді айтқым келді. Ол, әкімдіктің ресми сайтында жазылғандай, азаматтарды белгілі бір күндері қабылдауы керек. Алайда әкім түсіндірместен қабылдаудан заңсыз бас тартты, – деді заңгер.
Әубәкіров Өскеменде үй салуға жер ала алмай жүрген Елена Симакова есімді адамның заңгері екенін айтты. Ол осы мәселені шешуге "қауқарсыз" болды деп облыс әкімінің орынбасары Дархан Сапанов пен жер қатынастары басқармасы қызметкерлерінің жұмысына шағымданбақшы болған. Әубәкіровтің айтуынша, әкімдік одан облыс әкіміне не үшін кірмек екенін сұрап білген. Кейін оның әкімге кіру туралы өтінішін қарауды Дархан Сапановтың өзіне бағыттаған.
– Әкімдік қандай мәселе бойынша әкіммен кездескің келетінін алдын ала біліп алады. Өтінішіңді қарағаннан кейін ғана шешім қабылдайды. Алайда әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің "жеке тұлғаларды қабылдау" туралы бабына сай, әкімдік не өтінішпен келгеніңді алдын ала біліп барып шешім қабылдамауы керек. Заңда олай жазылмаған. Алдын ала не өтінішпен келгеніңді айтуға міндеттей алмайды. Кез келген азаматтың әкіммен кездесуге құқығы бар. Әкімнің оны қабылдамай қоюына болмайды. Мәселемді білгеннен кейін жеке өзі қабыддаудан бас тартқаны қызық. Әкім халыққа қызмет еткісі келмейді. Біз демократиялы емес, феодал қоғамда өмір сүріп жатқан тәріздіміз, – деді Нұрлан Әубәкіров.
Ол соттан әкімнің жеке қабылдамауын заңсыз деп танып, алдағы күндері қабылдауын талап етті.
Облыстық әкімшілік сот осы мәселе бойынша мән-жайды анықтау, қатысушыларға құқықтарын түсіндіру үшін 13 қаңтарда отырыс өткізбек.
Шығыс Қазақстанда облыс әкімінің жеке қабылдауына кіре алмай жүргенін айтып шағынатындар бар. Бұған дейін Қаңтар оқиғасы кезінде ұлынан айырылған Арайлым Сағатбаева бірнеше рет облыс әкімі Ермек Көшербаевпен кездесе алмай, тек хат тапсырып қайтқанын айтқан.
2023 жылы "Жетім балалардың құқығын қорғау" қоғамдық қорының жетекшілері сол кездегі облыс әкімі Даниал Ахметовтің қабылдауына кіре алмағанын айтып, дабыл қаққан.
Ермек Көшербаев Шығыс Қазақстан облысының әкімі қызметіне келген 2023 жылы "азаматтар жеке қабылдауыма әртүрлі жолмен жазыла алады" деп, электронды үкімет порталы, жұмыс телефоны және кеңсесінің электрон пошталарын көрсеткен.
ПІКІРЛЕР